Көшпенділердің дәстүрінде марқұмдардың мазарының үстіне қорған тұрғызу – бұл өз кезегінде X–XI ғасырларда Қазақстанда «мұнаралы кесенелер» деп аталатын монументалды ғимараттардың пайда болуына себепші болды. Мұндай ғимараттар тек жерлеу орындары ғана емес, сондай-ақ халықтың рухани өмірінің айнасы, мәдениеттің және өнердің бір бөлшегі ретінде де маңызды болды.
Дәуітбек кесенесінің пайда болу тарихы 1248 жылы Кавказда билік құрған моңғол ханының өкілі Арғұнның Моңғолияға құрылтайға барар жолында Тараз қаласына соғуымен байланысты. Ол 1251 жылы қайтадан Таразға келгенде Мөңке ханды ұлы қаған етіп сайлағанын біледі. 1253 жылы Тараз қаласы арқылы өткен Рубрук бұл өңір туралы нақты әрі құнды мәліметтер қалдырған. Сол тарихи кезеңмен тұспа-тұс, шамамен XIII ғасырдың ортасынан бастап Таразда жергілікті ақсүйектер қатарынан шыққан, түрік тайпаларының өкілі саналатын Ұлық Білге Икбалхан Дәуітбектің билігі орнайды. Бұл ескерткіш – Орта Азия кеңістігінде моңғол әулеттері үстемдік еткен дәуірде түріктен шыққан тұңғыш әскери қолбасшының мәңгілік мекені ретінде танылып, киелі орын саналады. Сонымен қатар, Дәуітбек кесенесі – моңғол билеушілерінің түрік этно-мәдени ортасына бейімделу үдерісін айғақтайтын бірегей тарихи-мәдени мұра [1, 272].
Дәуітбек ел есінде ірі әскери қолбасшы ретінде сақталған. Аңыз бойынша, Шыңғысхан Тараз қаласына келген кезде, тұрғындар соғыссыз-ақ мойынсұнып, бейбіт түрде бағынады. Осыдан кейін Шыңғысхан Түркістан өңірін басқару мақсатында әр қалаға сенімді әкімдер тағайындай бастайды. Тараз жұртынан: «Әкім болуға кім лайық?» – деп сұрағанда, бір қария Қарахан әулетінің ұрпағы Дәуітбекті ұсынады. Халықтың пікірімен санасқан Шыңғысхан Дәуітбекті Тараз қаласының әкімі етіп бекітеді және оған елдің өсіп-өркендеуін, тыныштығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуді тапсырады.
Дәуітбектің басқару жылдарында Тараз гүлденіп, халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсара түседі. Ол әділдігімен, парасаттылығымен және даналығымен ел құрметіне бөленіп, ерекше беделге ие болады. Халық оны Шах Мансұрға теңеп, Дәуітбек Шамансұр деп атаған [2, 25].
Моңғол дәуіріне жататын алғашқы мәдени қабатты А. Н. Бернштам Тараз қаласында жүргізген археологиялық қазбалар кезінде бөліп көрсеткен. Бұл қабатты кейіннен Тараз қаласының шахристан аумағынан Г. И. Пацевич пен Е. И. Агеева анықтаған. XIX ғасыр ортасынан бастап кесенені тарихшылар, өнертанушылар, сәулетшілер бірнеше мәрте зерттеген.
Дәуітбек кесенесі XIII ғасырға мерзімделеді және бастапқыда жартылай иілген аркаға бекітілген күмбезді төрттаған түрінде салынған. Аркалар арнайы плиталардан қаланған тұғырға орнатылып, сол кезеңдегі сәулет өнерінің ерекшеліктерін көрсеткен. XIX ғасырдың соңына қарай кесененің аркалы кіреберісі мен қабырғалары күйдірілген кірпішпен қайта өріліп, қазіргі көрінісіне ие болды. Осы қайта жөндеу жұмыстары барысында оңтүстік жақтағы есікке шағын портал мен екі мұнара қосылып, оның сәулеттік келбетін айшықтай түсті. Жалпы құрылыс порталды-күмбезді типке жатады және толықтай күйдірілген кірпіштен тұрғызылған. Мазардың ішкі құрылымы айқыш (крест) тәрізді пішінде салынған. Оның қабырғаларында арнайы жасалған қуыстар орналасқан, бұл мазардың тек жерлеу орны ғана емес, сонымен қатар басқа да діни немесе рухани мақсаттарға пайдаланылғанын білдіреді [3, 104].
Кесененің ішінде ортасына орнатылған ақ түсті, қос қабатты, тіктөртбұрыш пішінді мазар тасы орналасқан. Әр қабатының төрт бұрышында арабша жазулар бар бұл ескерткішті алғаш болып белгілі шығыстанушы В. В. Бартольд оқып, орыс тіліне аударған. Ол бұл жазуды 1880–1898 жылдары Әулиеата уезінің басшысы әрі шығыстанушы, археолог болған В. А. Каллаур түсіріп алған мазар тасы көшірмесіне сүйене отырып зерттеген. Оның оқуы бойынша, құлыптастың мәтінінде марқұмның сипаттамасы беріліп, ол ұлы билеуші, текті қолбасшы, ғалым әрі жомарт адам ретінде сипатталған.

Қабіртастағы жазуды В. В. Бартольд былайша аударған: «Бұл бау ұлы билеуші, текті қолбасшы, ғалым, әділ, жомарт, қылыш әрі қалам иесі, жомарттық пен тектілік қайнаркөзі, ақиқатты даңқтаған, адамдарға жәрдем еткен, ғалымдардың қарнын тойдырған, әлсіздерге күш берген, ақиқат пен діннің даңқын шығарушы, ислам мен мұсылмандардың қорғаны, қағандардың таңдаулысы, әлемдер раббысының сүйіктісі, ерлік пен бақыттың тоғысқан жері, жомарттық пен тектілік бастауы, тәңірі әмірлеріне бағынған, тәңіріне арқа сүйеген, заманының шоқ жұлдызы, жомарттық пен қайырымдылық отаны, асыл әрі жақсы қасиеттердің иесі Балық-Бұлға Ұлығ-Білге Иқбалхан Дәуітбек Исфехсалар б. Ілияс-Ұғылбек Шаханшахтыкі. «Біліңдер! Расында Алланың достарына қауіп-қатер жоқ, әрі олар қайғырмайды» (Құран Кәрім, 10:62). Ол 660 жылы жұмадүл улә жұмасының кешінде (1262 жыл, 31 наурыз) қайтыс болды».
Алайда, түркітанушы Дархан Қыдырәлі зерттеу барысында В. В. Бартольдтың оқуы мен аудармасында кейбір сәйкессіздіктер мен толық емес тұстар бар екенін алға тартады. Ол ескерткіштегі арабша жазуға сүйене отырып, Бартольдтың кейбір тұжырымдарына күмән келтіреді және нақтылауға тырысады. Жалпы алғанда, В. В. Бартольдтың мәтінді айшықтап беруі мен көркем аударма тәжірибесі жоғары бағаланғанымен, Дархан Қыдырәлі оның мазар тасындағы марқұмның есімі, лауазымы мен тегі жөніндегі кейбір тұжырымдарына қатысты өзгеше пікір ұсынады.
Дархан Қыдырәлінің пайымдауынша, Бартольдтың оқылымындағы бірқатар атаулар келесідей болуы ықтимал: 1) Балық-Бұлға – Құтлығ-Тонга, 2) Иқбалхан – Иликхан, 3) Дәуітбек – Дадбек, 4) Шаханшах – әш-Шәһид, 5) ... – Дадбек, 6) ... – әт-Тарази. Бұл секілді сәйкессіздіктер, автордың пікірінше, көбіне ескерткішті түсіру кезінде орын алған фотоматериалдардағы кемшіліктер мен тас бетіндегі жазудың тозуы сияқты техникалық және материалдық себептерден туындауы ықтимал.
Осы себептерге байланысты кейінгі зерттеушілер кейбір жаңсақ пікірлерге ұрынған. Алайда сол кезеңде жергілікті дін қызметкерлерінің араб жазуын білуі және құлпытас мәтінін ішінара оқи алуы кейбір есімдер мен атаулардың дұрыс оқылуына сеп болған. Дегенмен, кесенеде жерленген тұлғаның аты мен лауазымы туралы айқын мәліметтер, жергілікті халықтың оны «Дәуітбек кесенесі» деп атауының өзі осы тарихи тұлғаның шын мәнінде Дәуітбек екенін растайды [4, 235–238].

Дәуітбек кесенесіне 1982 жылы жүргізілген ескерткішті қайта жаңғырту жұмыстары Қазақстанның тарихи және мәдени мұраларын сақтау шараларының маңызды бөлігі болып табылады. Осы жылы кесене республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштердің тізіміне енгізіліп, «Тараздың ежелгі ескерткіштері» бағдарламасы аясында мемлекеттік қорғауға алынды. Бұл шара кесененің маңызы мен құндылығын мемлекет тарапынан танып, оның болашақ ұрпаққа сақталуын қамтамасыз ету мақсатында қолға алынды.
Қалпына келтіру жұмыстары кезінде кесененің тарихи ерекшеліктері мен сәулет өнері мәні барынша сақталды. Мәселен, ескерткіштің бастапқы күйіне мүмкіндігінше жақын қалпында қайта жасалуы оның дәстүрлі сәулеттік ерекшеліктерін сақтауға мүмкіндік берді. Кейін 2008 жылы Дәуітбек кесенесі жеке нысан ретінде бөлінді. Бұл шешім кесененің айрықша мәдени және тарихи маңыздылығын айқындап, оның қорғалуының маңызды екенін көрсетеді.
Ақдидар КӘРІБЕКОВА, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттіктарихи-мәдени музей-қорығыныңҒылыми қызмет және ескерткіштердіқорғау бөлімінің тарихшысы
Пайдаланған әдебиеттер мен дереккөздер:
- Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / – Алматы: Ә. Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017 ж. – 1-шығарылым. – 242 б.
- Әулиеата аңыздары. I том. – Алматы: Alqa Publishing 2025. – 25 б.
- Жамбыл облысы тарих және мәдениет ескерткіштерінің Жинағы. Тараз қаласы. – Алматы: «Таймас» баспа үйі, 2014. – 104 б.
