Анонс


Қазақстанның оңтүстік өңірі халқының дәстүрлі киім ерекшеліктері

Дүйсенбі, 20 Қазан 2025 00:56
Қазақстанның оңтүстік өңірі халқының дәстүрлі киім ерекшеліктері KAZMUSEUM.KZ -  

Бұл ғылыми мақалада Қазақстанның оңтүстік өңірі халқының дәстүрлі киімдерінің ерекшеліктері қарастырылады. Киім үлгілеріндегі эстетикалық талғам, аймақтық және рулық айырмашылықтар, табиғи орта мен көрші халықтар әсері, сондай-ақ әлеуметтік мәртебеге байланысты киім бөлінісі баяндалады. Зерттеу барысында отандық және шетелдік этнографтар еңбектеріне, тарихи деректер мен музейлік материалдарға сүйенілді. Ұлттық киімдердің мәдени код ретінде алатын орны мен тәрбиелік маңызы айқындалады.

Кілт сөздер: дәстүрлі киім, Оңтүстік Қазақстан, ұлттық киім, этнографиялық ерекшелік, әлеуметтік мәртебе, шапан, бас киім, тымақ, кимешек, сәндік-көркемдік

Қазақстанның оңтүстік өңірі халқының дәстүрлі киімдері осы өлкенің табиғатына, ауа райына, этникалық құрамына, тарихи даму жолына байланысты ерекшеленеді. Бұл аймақтың киім үлгілері сәнділігімен, ою-өрнектердің көптігімен, матаның түрлі-түстілігімен, зерлі әшекейлердің мол қолданылуымен құнды.

Жалпы, қазақ киімі - жай ғана тұрмыстық киім емес, ол - мәдени код, рухани дүние. Өзге де халықтардікі секілді қазақтың осындай материалдық мәдениеті сол қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуы деңгейімен сипатталады. Қазақтардың ұлттық киімінде өздеріне тән этнографиялық белгілер сақталып қалған.

Кейінгі ұрпақ үшін қасиеті мен қадірі, мәні мен мағынасы, берер тәлім-тәрбиесі мен ұлағаты ерекше қазақтың ұлттық киімдері өзінің сипатымен, сырымен, сұлулығымен, сәнімен сан ғасырлық маңызы бар. Қазақтың ұлттық киімі ғасырлар бойы қалыптасқан және айналадағы ортаға – желді, аязды болып келетін аңызақ даладағы тіршілікке бейімделген халық мұрасының құрамдас бөлігі болып табылады. Оның қарапайымдылығы, үйлесімділігі, жүріп-тұруға қолайлылығы – басқа жұрттардың киім-кешегі секілді әуел баста адамның тәнін жауып, мағынасыз және ойдан шығарылған ғаламаттардан, ал кейіннен денені  ыстық-суықтан, желден, әсіресе, мал айналасында болатын маса-шыбыннан қорғауға қажет болғандығын аңғартады. (Дәстүрім – алтын қазынам, 2018: 40).

Ағылшын суретші-саяхатшысы Томас Уитлам Аткинсон 1847-1852 жылдары Орталық Азияны аралап, қазақ даласындағы өмірді суреттер мен күнделікті жазбаларында қалдырыц, “Шығыс және Батыс Сібір: Саяхаттар мен жолжазбалар” деген 1858 жылы жазған еңбегінде бейнелеген. Ол қазақ әйелдерінің қамзол, көйлек, әшекейлі бас киімдеріне қызыға қарап: “Қазақ әйелдері - шебер дизайнерлер. Олардың киімдеріндегі әрбір өрнек мағынаға толы, ал киімнің өзі - өмір салтының көрінісі”,- деп ерекше бағасын берген екен.

ХІХ ғ. соңы - ХХ ғ. басында орыс этнографтары И. Поляков, Де-Лазари Константин, С. Дудин, Ф. Туполевтердің таспаға басып қалдырған ежелгі қазақтардың фотосуреттері мен тұтынған заттары Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы Кунсткамера музейінде сақталған екен. Мұндағы ескі суреттер тұрмысы жақсы, бай-қуатты қазақ пен қарапайым қазақтың киім кию үлгілерінде айырмашылықтар бар екенін дәлелдейді. Жалпы, қазақтар арасындағы әлеуметтік теңсіздік сыртқы киімінен көрініс тапқан. Киімінен оның әлеуметтік дәрежесін, кәсібін, тұрмыс-тіршілігін аңғаруға болады. Мысалы, сұлтандар мен хандар мұрақ бас киімін, сал-серілер жарғақ шалбар, шәйі көйлек кисе, аңшыларды шекпен-күләпарасынан, батырды қаттамасынан ажыратқан.  (Хинаят, Сужикова, 2011: 33-34).

Сонымен қатар, қазақтың ұлттық киімдерінде аймақтық және рулық ерекшеліктер де көрініс табады. Әсіресе киімдегі нақыштарға қарап қай өңірдің киімі екенін анық аңғаруға болады. Мысалы, оңтүстік өңірлерде жібек пен барқыт, шұға, мақпал көбірек пайдаланылады. Киім тігісінде кесте, зерлеу, мақпалдан ойып тігу тәсілдері кең тараған. Ал солтүстікте аң терісі мен жүн киімдер басым болған. Шығыс Қазақстандағы кимешек пішімі мен оюы Батыс өңірінен өзгеше. Мұндай өзгешеліктер қазақтардың эстетикалық талғамы мен өмір сүру ортасына бейімделуінен туындаған. Бірақ, жалпылама салыстырғанда, Қазақстанның оңтүстік өңірі халқының дәстүрлі киімдері басқа өңірлердің киім үлгілерінен айырмашылығы аса байқалмайды, көбінесе ұқсас келеді. (Тұяқбаев, 2012: 107).

Географиялық, ру-тайпалық ерекшеліктер негізінен  бас киім мен шапаннан байқалады. Мысалы, сегіз сай уақ тымақ, үш құлақты керей тымақ, қаракесек, адай бөрік, арғын тымақ, қыпшақ тымақ, сырмалаған алты сай найман тымақ, төрт сай жатаған тобықты тымағы болған. Аймақ ерекшелігіне қарай Жетісу, Арқа, қоңырат үлгісіндегі тымақтар болған. Оңтүстікте ерлер төбесі үшкір тақия, айыр қалпақ, тымақ, бөрік киген. Ерлердің бас киімі бөрік көбіне кәдеге жаратылған аң терілерінің атымен: құндыз бөрік, сусар бөрік, пұшпақ бөрік деп аталған. Оңтүстік аймақтарда қой терісінен тігілген, түрмесі үлкен бөрік киеді. Бөріктің неғұрлым жүнді де жылы түрлері Батыс Қазақстан, Атырау жағында жиі кездеседі. Жетісу, Семей, Өскемен жағында жалпақ және биік түрмелі үлгілері көп. (Сейітов, 1981: 54-55).

Ұлы жүздің ерлер шапаны көбінесе жолақты, сырмалы, етек-жеңдері ұзын, ашық жағалы келеді. Оңтүстік еліне көршілес өзбек, тәжік, ұйғыр халықтарының киім үлгісінің әсері болғаны байқалады. Орта жүз өкілдері орыс, татар халықтарымен аралас-құралас болғандықтан бұл олардың киім үлгілері мен киім киістеріне де әсер етті. Шапандары көбінесе бір беткей матадан (барқыт, шұға) тігіліп, сырусыз, сирек қабылып, етектері шалғайлы, жеңдері кең, жағалары шолақ ойма немесе түймелі болды. Кіші жүздің шапандары да шалғайлы, жеңдері ұзын және кең, жүн тартқан, бидайлаған қалың, қайырма жағалы болып келеді.

Өрнектермен кестеленген күдері бешпет пен жарғақ шалбар жоғары бағаланған. Егде тарта бастаған еркектің киім-кешегі әдетте жігіттің киіміне тән элементтерден тұрғанымен, пішімі молдау, шалбары кеңдеу болып тігілетін. Қарттардың киімі мейлінше қарапайым, көбіне көктеп тігілетін және әшекейсіз болған. Қалыптасқан дәстүр бойынша, қарттарға арнайы жейде, жырым балақты шалбар, арасына түйе жүн салып сырылатын көкірекше, бешпет, шекпен, шапан тігілетін. Түйе жүнінен бастырылып, шұғамен тысталатын күпі – малшының басты киімі саналған. Қазақ қоғамында шұғамен немесе барқытпен тысталған пұшпақ ішік жоғары бағаланған. Аса сәнді ішіктің қаусырмасы мен шалғайы кәмшат немесе сусар терілерімен көмкерілген.

Сырт киімнің көне түрлерінің бірі – кебенекті шаршылап, қылшығын сыртына шығара басқан жұқа киізден ақ, қара немесе қоңыр түсті етіп, атқа отыруға ыңғайлы болу үшін артында жарма қалдырып, шалбарымен қоса пішкен. Шапанға ұқсас болғанымен, тік немесе күләпара іспетті жағасы бар кебенекті жылқышылар үскірік аяз бен ызғырық желден, жаңбыр мен қардан сақтану үшін қысқы киімнің сыртынан киген.

Қаусыра киілетін сырт киім түймеге бекітілмейтіндіктен, ерлер кісе белбеу таққан. Оның кәдімгі белдіктен айырмашылығы — бұрынғы аңшылардың садақ жебесін салатын қорабы, оқ-дәрі салатын оқшантайлары іспетті салпыншақтарының, мығым бекітілген қынының болатынымен байланысты. Кісе металл шытырларымен безендірілген.

Оңтүстік Қазақстанда тұратын ерлер бешпенттің белін сәл түсіріп киген. Оның ішінен киілетін көйлек ақ жұқа матадан тігілген, тіктеме жағасы болған. Жейде шалбардың ішіне салынып, былғарыдан жасалған белдікпен, кейде матадан жасалған құшақпен белбеуленген.

Бойжеткендер белі қымталған, етек-жеңіне желбезек салынған қос етекті көйлек, оқалы қамзол киіп, беліне металл шытырлармен безендірілген немесе ширатпалы күміс белдік (кейбір жерде нәзік белдік) буынған. Қазақстанның кейбір өңірлерінде етек-жеңге екі-үш қатар бүктесін, яғни қосетек тіккен. Ал оңтүстікте осындай көйлектің үстіне белдемше қаусырынады немесе шалғы орайды екен.

Сырдария бойында бөлек бүрмелі кимешек түрі болған, оның алдыңғы жағы тура бұрышталып пішілген, төменгі ұзын жағы кеудеге түсіп, ал жоғары жағы бүктеліп, бетті екі жағынан қоршап тұру үшін басқа байлап бекітіліп қоятын болған. Оңтүстік қазақ әйелдерінде кеңінен тараған кимешек түрі ұзынынан екіге бүктеліп пішілген мата кесегінен жасалатын болған. Көп тараған түрі “мұнара тектес болған”. Ол үшін бүкіл мата біртіндеп басқа оралып, ұштары орам арасына кіргізіледі немесе желке жақтан түйіледі. (Асанова, 2011: 48).

Сонымен қатар, Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі дәстүрлі киім үлгілерінің нақты материалдық дәлелі ретінде музей қорларындағы жәдігерлерді атауға болады. Мәселен, «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының қорында біршама ұлттық киімдердің үлгілері сақталған. Атап айтқанда: сеңсең тон, қасқыр ішік, әйелдер ішігі, түйе жүн шекпен, әйелдер көйлегі, тымақ, бөрік, кимешек, қыжым орамал, саптама етік, кемер белдік сынды бұйымдар оңтүстік өңір халқының киім мәдениетін дәлелдей түседі. Музей қорындағы кейбір бұйымдардың нақты сипаттамасы сақталған, мысалы:

 Сеңсең тон (ТК-1254) - ХХ ғасырда қолданыста болған. Бой ұзындығы - 1,26 м, ені - 1,45 м. Бұл тон жұмсақ қозы терісінен тігілген. Өңірі жоғарыдан төменге дейін қара барқытпен және қара мен ақ түсті қозы терісінің жіңішке жолақтарымен көмкерілген. Бұл сәндік өрнек жең ұштары мен етегінде де қайталанады. Жағасы – қайырма. Тонды музейге Алғабас ауданы, «Майбұлақ» кеңшарының тұрғыны Рахманов Бақыт тапсырған. 1946 жылы оның әжесі Ақынбекова Ұлбике қолдан тіккен;

Қасқыр ішік (ТК-6138) - ер адамға арнап тігілген сыртқы киім. Қасқырдың терісінен астар етіп, сыртын жүн матадан қаптап тіккен. Ішіктер көбінесе аң терісінен, қой, қозы, ешкі, бота терілерінен құрастырып істеледі. Бұлардың да бөлшектері мен пішілу түрлері, бой атаулары шапанға ұқсайды. Ішіктер көбінесе асыл және түсті матамен тысталады. Бірөңкей түсті мата болғанда оны әр түсті жібек жіппен кестелейді, зерлейді. Ішіктердің әдібін сыртынан келтіреді, кейде әдіп аң терісінен жұрындалады; (Қасиманов, 1969: 180).

 Ішік (ТК-11263) - ХХ ғ., материалы - тері, мата, ұзындығы - 1,05 м, жеңінің ұзындығы - 0,70 м, етегінің шалғайы - 1,70 м. Әйел адамға арналып ақ қозының терісінен тігіліп, қара пұлыш матамен тысталған. Жиектері айналдыра сары, қара, жасыл, жылтыр аралас өрме жиектермен және борсықтың терісімен көмкеріліп әшекейленген. Сәндік үшін өңіріне түрлі-түсті моншақтар ілінген. Әйел адамға арналған ішікті музейге Арыс ауданы, Достық ауылының тұрғыны қолөнер шебері Оңғарбаева Базаркүлден ғылыми қызметкер Өскенбаева Жадыра алып өткізді;    

Шекпен (ТК-1255) -  ХХ ғасырдың бірінші жартысына жатады. Түйенің жүнінен қолдан тігілген, бой ұзындығы - 1,26 м,ені – 1,72 м. Пішімі түзу, кең, төменгі жағы кеңейтілген. Ашық қоңыр түсті, түйе жүнінен үй жағдайында тоқылған жіңішке жолақ матадан тігілген. Ішкі жағының өңірінен бастап етегіне дейін түрлі-түсті жібек матадан жіңішке астар жапсырылған. Бұл бұйым музей қорына Шәуілдір ауылының тұрғыны Бақтияров Сейіттің сыйы ретінде қабылданған. Шекпенді оның әпкесі Бақтиярова Наздай қолдан тіккен;

 Әйелдер көйлегі (КҚ-2584) - ХХ ғ. Өлшемі: жеңі - 0,68 м, бой ұзындығы - 1,46 м, иығы - 0,65 м. Кеудесі мен етегі екі бөлек тігіліп, соңынан етекті кеудеге бүріп қосқан. Көйлектің кеудесі тар, етегі кең болып тігілген. Кеуденің етекке қосылған жерін көйлектің белі немесе бүрмесі деп атаған. Өңірі бүрмеге дейін ашық, оның асты-үсті әдіптеліп, сырып өрнектеліп, екі түйме қадалған. Мұны “қақпа” деп атаған;

Тымақ (ТК-6139) - ХХ ғ., ер адамның қыс мезгілінде киетін бас киімі. Сырты қара барқыт, іші түлкінің терісінен тігілген. Әр облыста тымақ әр үлгіде тігіледі. Бөрік пен тымақтың 15 түрлі үлгісі мен атаулары бар. Солардың ішінде жаба салма, қайырма, төрт ай, сегіз сай, дөңгелек төбе, шошақ төбе, жекей тымақ деген түрлері ел арасында қазір де көп кездеседі. Тымақтың бөлшектері төбе, маңдай, екі алдыңғы құлақ және артқы етек болып беске бөлінеді. Екі алдыңғы құлақтың сырт жағынан бастырған екі бауы болады. Тымақтың құлағы мен етегінің төбемен жалғасқан жерін милық деп атайды;

Бөрік ( ТК-1153) - ХХ ғ.,биіктігі - 0, 10 м, диаметрі – 0,33 м, материалы - барқыт, қаракөл, сәтен. Ерлерге арналған көктемгі-күзгі бөрік. Бұл бас киім XX ғасырдың 30-жылдары белгісіз шебер тарапынан қолдан жасалған. Пішімі – дөңгелек. Бөрік қара барқыттан тігілген төрт қиықтан құралған. Жиегі майда қара түсті қаракүл терісімен көмкерілген. Ішкі астары қою көк түсті сәтен матадан тігілген. Бас киімнің материалдары мен пішімі сол дәуірдегі дәстүрлі сәндік-қолданбалы өнердің ерекшеліктерін көрсетеді. Бөрікті музейге Арыс совхозының тұрғыны Оспанханов Малдықұл  әкеліп өткізген;

Кимешек  (ТК-1115) -ХХ ғ. Кимешек – тұрмыстағы әйелдерге арналған дәстүрлі бас киім. Бас киім ақ матадан конус тәрізді пішінде тігілген. Артқы жағы ұзартылған, төменгі ұшы үшбұрышты болып келеді. Жоғарғы бөлігінде, бір жағында, әйелдің жүзі көрінетін төртбұрышты ойық бар. Ойықтың жиектері түрлі-түсті жіптермен тамбур тігісімен кестеленген. Сол бөлікте ұсақ және ірі металл әшекейлі пластинкалар тігілген. Ірі пластинкалардың саны – 23 дана, ұсақ пластинкалар – 21 дана. Аталған пластинкалар толық сақталмаған. Кимешектің төменгі бөлігінде тігін машинасымен тігілген кесте бар. Музей қорына Алғабас ауданының тұрғыны Кекілбаева Мариям тапсырған;

Қыжым орамал (ТК-2858) - ХХ ғ., жібек жіппен тоқылған, 2,14 м х 2,14 м, бірнеше жерден тесігі бар. Станокпен тоқылған қыжым орамалдың шеті екі түрлі әдіспен, біріншісін іліп, торлап тоқыса, екіншісі үш қатар тіке, үш қатар қиғаш алып жаппай оң тоқыған. Шетін бөлек тоқып, орамалға ілмектеп қосып тіккен. Орамалға жаппай «ирек» өрнегі түскен. 1991 жылы 29 сәуірде Ақтөбе бөлімшесінен алып келіп, қор бөліміне этнография бөлімінің аға ғылыми қызметкері Р. Әпекова өткізген. Акт №13;

Саптама етік (ТК-6143) -ХХ ғ., ұзындығы - 1,11 м. Ер адамға арналған саптама етікті қыс кезінде, ат үстіндегі адамдардың аяқтары тоңбас үшін киеді. Ішінде байпағы бар. Байпақ киізден жасалады. Байпақтың жиегі 15 см-дей шибарқыттан жиектелген;

Кемер белдік (ТК - 768) - ХІХ-ХХ ғғ., ұзындығы - 1,25 м, былғарыдан тігіліп, алтын, күміс әшекейлермен безендірілген аса қымбат белбеу. Аталмыш белдік өзара топсалы әдіспен жасалған, негізгі бөлігі 2 тағадан, 4 таналардан және  5 S тәрізді өрнектерден  тұрады. Белдіктің екі қапсырмасы шеті иректеліп, басына жаңа ашылып келе жатқан гүл қауызына ұқсас өрнектер салынған. Таналардың шеттері иректеліп, дөңес бетіне көк түсті бояумен гүл өрнегі түскен. S тәрізді жапырақ түріндегі өрнектер  өсімдік өрнектермен сәнделген. Музейге Темір станциясының тұрғыны Басов Бегім өткізген; (Шоқай, 2005: 44).

Осындай құнды мұралар аймақтық киім үлгілерінің сақталу деңгейін, пішіндік және материалдық ерекшеліктерін зерттеуге мүмкіндік береді.

Қорытындылай келе айтар болсақ, Қазақстанның оңтүстік өңірінде киім үлгілері эстетикалық жағынан ерекшеленіп, сән мен көркемдікті алдыңғы орынға қойған. Жалпы алғанда, оңтүстік өңір киімі ұлттық дәстүрді сақтай отырып, көрші халықтардың да әсерін бойына сіңірген. Негізінен, қазақ халқының қай өңірінің болмасын киім-кешегі үшін малдың жүні мен терісі негізгі материалдар болды. Киімнің едәуір бөлігі мақта-мата, жібек және басқа маталардан тігілді. Күнделікті киім-кешекке шұғаның қарапайым түрі, түйе жүні, сәтен, бөз, шыт, қой терісі, былғары сияқты материалдар жаратылса, салтанаттық киім барқыт, зерлі немесе бедерлі жібектен, батсайы-бәтестерден, қымбат бағалы пұшпақтан, елтіріден тігілген.

 

Сәбира Зұлпыхарқызы АЙТБАЙ, «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының аға ғылыми қызметкері

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

Дәстүрім – алтын қазынам. – Алматы: «Нұрлы Әлем», 2018. – 200 б.;

Хинаят Б., Сужикова А. Қазақ халқының ұлттық киімдері. – Алматы: «Алматыкітап баспасы» ЖШС, 2011. – 384 б.;

Тұяқбаев Б. Қазақтың киім мәдениеті. - Алматы: “Арыс”, 2012. - 107 б.;

Сейітов С. Қазақ халқының ұлттық киімдері. - Алматы: “Өнер”, 1981. - 54-55 бб.;

Асанова С.Ж. Қазақтың ұлттық киімдері және қолөнер тарихы. - Алматы:       Қазақ университеті, 2011. - 107 б.;

 Қасиманов С. Қазақ халқының қолөнері. – Алматы: «Қазақстан» баспасы, 1969. – 248 б.;

Шоқай Е. «Кемер белдіктердегі жазулар». //Жалпы тарих және құқықтану мектепте. Республикалық ғылыми-әдістемелік, педагогикалық журнал №3 (12).  – Алматы, 2005. - 44 б.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

305 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper