
Халықаралық көрме Алматы қаласы әкімдігінің және Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының қолдауымен ұйымдастырылды.
Көрме экспозициясында түркі әлемінің тарихи болмысы мен бай мәдени мұрасын бейнелейтін суретшінің 54 акварельдік туындысы көпшілік назарына ұсынылды. Автор өз шығармалары арқылы Босфор жағалауынан Ұлы далаға дейінгі кеңістікті қамти отырып, түркі халықтарының ортақ тарихын, мәдени мұрасын және ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан рухани байланысын көркем жеткізген.


Көрме авторы Ахмет Өгретен бұл жоба түркі елдерінің тарихи-мәдени байланысын кеңейте түседі деген пікірін білдірді.
«Көрмеде мен Босфордан Ұлы далаға дейінгі сапарды баяндаймын. Бұл көрме жай ғана жұмыстардың экспозициясы емес, ол мәдениетіміз бен түркі халықтарының ортақ тамырларын танытатын, тарихи-мәдени байланыстарымызды бейнелейтін шығармашылық жоба. Маған біздің құндылықтарымызды жеткізу маңызды», – деді А. Өгретен.


Халықаралық көрме 2026 жылғы 22 қарашаға дейін жалғасады. Кіру – тегін. Алматы галереясы сейсенбі-жексенбі күндері 10:00-19:00 аралығында жұмыс істейді. Дүйсенбі - санитарлық күн. Галереяның мекенжайы: Достық даңғылы, 44.

