Салтанатты шараға Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Президенті Кеңсесінің басшысы Махмұт Қасымбеков, сондай-ақ «Даңқ кітабына» енген марапат иегерлері мен саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, тарихшылар, зиялы қауым өкілдері қатысады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 8 маусымда бекітілген «Қазақстан Республикасының Даңқ Кітабы туралы» №538 қаулысы негізінде «Даңқ кітабын» жүргізу және сақтау Ұлттық музейге тапсырылған болатын. Аталған қаулыда көрсетілген ережеге сәйкес жүргізілетін «Даңқ кітабын» Ұлттық Ұланның сарбаздары салтанатты түрде витринаға қояды. Алдағы уақытта «Даңқ кітабы» Ұлттық музейдің Тәуелсіздік залындағы Мемлекеттік марапаттар витринасының экспонаты ретінде музейге келушілердің назарына ұсынылады.
«Даңқ кітабына» ең жоғары дәрежелі ерекшелік белгісіне, «Алтын Қыран», «Отан», «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» ордендеріне және «Халық Қаһарманы», «Қазақстанның еңбек ері» атақтарына ие болған азаматтар туралы жазбалар енгізіледі. Жазба мемлекеттік тілде жүргізіледі.