Кеш барысында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің шағын құрамы ұлы сазгердің туындыларын орындап, «Шеңбер» театрының әртістері дәулескер күйшінің өмірінен алынған «Өнер мен уақыт» қойылымын қойды. Сондай-ақ, Мәдениет саласының үздігі, әнші Бибигүл Қилымхан Құрманғазы оркестрінің сүйемелдеуімен Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларын орындап, “Салтанат” мемлекеттік би ансамблінің солисі Балауса Сылқымбай, Мәдениет саласының үздігі Рахат Сәрсеновтің сүйемелдеуімен “Аққу” биін билеп, залды ерекше әсерге бөледі.
Атаулы іс-шара аясында Н. Тілендиевтің мемориалды музейінің қорынан алынған көрме ұйымдастырылды. Көрмеде композитордың өмірі мен шығармашылығындағы ең маңызды сәттерін бейнелейтін жеке заттары мен архивтік фотосуреттері ұсынылды. Сонымен қатар, келушілердің назарына Нұрғиса Тілендиевтің Ахмет Жұбанов 1937 жылы сыйға тартқан «Дариға домбырасы» ұсынылды.
Іс-шараға Алматы қаласы Мәдениет басқармасы өкілдері, аңыз адам, тарихи тұлға Әшімов Асанәлі Әшімұлы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Сегізбаев Нұрлан Санжарұлы, БАҚ өкілдері, ЖОО студенттері және қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Нұрғиса Тілендиев – тек күйші ғана емес, қазақ музыкасын әлемдік деңгейге көтерген тұлға. Тілендиев күмбірі – қазақ халқының рухани байлығы, мәңгілік мұрасы. Оның әуендері ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, қазақ өнерінің биік тұғыры болып қала береді.
Айта кетейік, Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтуде. Ұлы композитордың 100 жылдығы ЮНЕСКО-ның атаулы даталар тізіміне енгізілген.