Анонс


Əбусағит Жиреншин: өмірі мен қызметі

Жұма, 13 Қыркүйек 2024 14:27
Əбусағит Жиреншин: өмірі мен қызметі KAZMUSEUM.KZ -  

ХХ ғасырда Қазақстанның ғылымы сан алуан кезеңдерді басынан кешірді. Күшіне енген кеңестік басқару жүйесі, цензуралық саясат гуманитарлық ғылымдардың объективті дамуына кедергі болды. Бірақ осыған қарамастан, Қазақстанның ғылыми мектебі қалыптасты. Көптеген ірі ғалымдар осы мектеп аясында шыңдалып шықты. Олар Қазақстанның мəдени-тарихи дамуына өлшеусіз еңбек сіңірді. Сондай біртуар тұлғаның бірі – абайтанушы, тарихшы, Қазақстанның музей жəне баспа ісінің дамуына айтарлықтай үлес қосқан Əбусағит Мұсылманқұлұлы Жиреншин болатын.

Ғалымның өскен ортасы

Əбусағит Мұсылманқұлұлы 1913 жылы Шыңғыс тауының бөктеріндегі Абай, Шəкəрім, Мұхтар Əуезов дүниег е келген құнарлы топырақта, нақтырақ айтсақ, Семей облысы, Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылында өмірге келген. Əбіш (Əбусағит) Мұсылманқұлұлы – М. Əуезовтың «Абай жолы» эпопеясында жас Абайдың үлгі тұтар ұстазы, халық даналығының үлгісі ретінде сипатталған Жиренше бидің немересі[1, 222 б.]. Қайраткерлік Əбіштің ата тегінде, қанында бар нəрсе десек, артық айтқандық бола қоймас. «Абай жолы» эпопеясынан жұртқа белгілі Жиренше би Шоқаұлы (1834-1915) көп жылдар Абаймен дос болған. Ол Абай Оразбай, Күнту, Бөжейлермен жауласқанда солардың жағына шығып кетіпті. Басында Жиренше мен Оразбайдың шешен, би санатында билікке, ел сөзіне араласуына Абайдың өзі себепші болса керек. Əкесі Құнанбайдың оң қолы болған жігіт шағында екеуі үнемі Абайдың қасына еріп жүріпті. Бұл жайлы Мұхтар Əуезов 1933 жылғы «Абайдың туысы мен өмірі» деген зерттеу мақаласында былайша жазады: «…Абай енді өз замандастарынан дос іріктей бастады. Сол ретпен тапқан кісілері: Есболаттан Оразбай, Көтібақтан Жиренше, Бөкеншіден Ербол, Əкімқожа, т.б.» [2]. Семей қаласында бастауыш мектепті орысша тəмамдап, ауыл шаруашылығы техникумына түседі. Екі тілге бірдей жас жігіт губерниялық мекемеде жер өлшеуші, бөлім 29 бастығы қызметін атқарады. Бірақ 1931-1933 жылдардағы қасірет оның өмір ағысын күрт өзгертеді. Ол əке-шешесі мен тоғыз бауырын аштық тырнағынан құтқару қамымен Шыңғыстаудан Өзбекстанның Термез қаласына қоныс аударады. Ташкенттегі Орталық Азия университетіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай аяқтайды. Сол оқу орнында қызметте болады. Ташкентте өткен жылдарында оған Ресей жəне əлемдік ғылымның корифейлері В.В. Бартольд, Е. Бертельс сынды ғалымдармен бірге жұмыс жасау мүмкіндігі туады. Əбіш Мұсылманқұлұлының ғылыми жұмыстарына аталмыш ғалымдардың дүниетанымы айрықша ықпал етеді. Əсіресе, В.В. Бартольд оған өз халқының тарихы мен əдебиетін байыпты ғылыми зерделеуге кеңестерін беріп отырды [3, 10 б.]. Қазақ жеріне саяси репрессия саябырлаған 1938 жылдары ғана табаны тиеді.

Қоғамдық-ағартушылық қызметі

Ə. Жиреншиннің Қазақстандағы қоғамдық қызмет жолдары 1938 жылдан басталады. Əбусағит Мұсылманқұлұлы 1938 жылы Қазақстан Өлкетану қоғамының шақыртуымен Алматыға ғылыми қызметкер болып орналасады. Кейін нəтижелі жұмысының арқасында Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің жанындағы Республикалық Қазақстанды зерттеу қоғамына ғалым хатшы жəне төрағасы болып тағайындалады. Осы жылдары ерекше ұйымдастырушылық жəне мəдени саладағы жемісті жүргізілген жұмыстарының арқасында 1942 жылы наурыздың 10-ында Қазақстан Орталық музейіне директор болып жаңа қызметіне кіріседі [3, 10 б.]. Мəселен, белгілі тарихшы-археолог Амантай Исин өзінің Шыңғыстауда жүргізген археологиялық қазбалары жайлы мақаласында былай дейді: «В организации этнографической экспедиции Центрального музея Казахстана в 1947 г., когда впервые были исследованы курган-ограды бронзового века на территории бывшего колхоза «Сарыколь» Абайского района, большую роль сыграл литературовед Абиш Жиреншин. Непосредственно раскопки осуществила Л.К. Нифонтова» [2]. 1947 ж. Қазақ КСР ҒА № 8 «Хабаршысында» басылған Қазақ КСР ҒА корреспондент[1]мүшесі Ə.Х. Марғұланның ұсынуымен шыққан А.М. Жиреншиннің «Из истории Центрального музея Казахстана» атты мақаласы, музей ісіне арналған. А.М. Жиреншин Өлкетану қоғамының ғылыми қызметкері ретінде бірнеше жазғы этнографиялық экспедицияларға шыққан. Нəтижесінде халқымыздың мəдениеті мен тұрмысына байланысты бай этнографиялық материал жинап, 1942–1951 жж. аралығында директоры қызметін атқарған Орталық Мемлекеттік музей қорына өткізген болатын. Жиреншиннің 1948 ж. жазылған «Работа научной экспедиции Центрального музея Казахстана в 1947 году», 1950 ж. жарық көрген «Задачи краеведческих музеев Казахстана» атты мақалалар өлкетану музейі қызметкерлеріне арналған əдістемелік материалдар жинағы көп жылдық ізденістер нəтижесі жəне музей ісін дамытуға қосқан үлес [4, 6 б.]. 1951 жылы "ұлтшылдық" пен "космополитшылдыққа" қарсы күрес науқанына ілігіп жəне «Бекмаханов ісіне» қатысты пікірі есепке алынып, қуғынға ұшырайды. 1954 жылы ғана рұқсат болып Алматыға оралады. Осы жылы Алматыдағы Көпшілік кітапханаға директор болып тағайындалады. 1959-1961 жылы Қазақстан баспа істерінің бас басқармасының 1-орынбасары, 1961- 1962 жылдары кітап сауда бірлестігінің бастығы, 1962 жылдан бастап өмірінің соңына дейін педагогикалық жұмыспен Қазақтың Мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтында сабақ береді.

Абайтанудың Əбіші

Əбіш Мұсылманқұлұлы Абай шығармашылығын ұзақ жылдар бойы үзбей зерттеп, абайтану ғылымына елеулі үлес қосты. «Қазақтың данышпан ақыны Абай туралы жаңа материлдар» («Екпінді», 1939, 9 қазан), «Абай мен Михаэлис» (сонда, 1940, 15 қазан), «Абайдың орыс революционер-демократтарымен байланысы» («ҚазССР ҒА-ның 30 Хабаршысы», 1945, № 6), М.О. Əуезовпен бірігіп жазған «Қазақ əдебиетінің классигі» («Соц. Қазақстан», 1949, 24 шілде) деген еңбектерінде ақын туралы тың деректер келтіріп, оның орыс зиялыларымен достық байланысына, рухани үндестігіне тоқталады, поэзиясының өз заманындағы қазақ өмірінің айнасы екенін атап көрсетеді [5, 252 б.]. Əбіш Мұсылманқұлұлы 1945 жылы «Абай Құнанбаевтың творчествосы» тақырыбында ҚазМУ-дың ғылыми Кеңесі мəжілісінде кандидаттық диссертациясын қорғайды. Айта кетерлігі, бұл Абай шығармашылығы бойынша қорғалған тұңғыш диссертациялық жұмыс еді. 1949жылы «Абай жəне оның орыс достары» деген еңбегі жарық көреді. Бұл еңбегіне Е. Бекмаханов редактор болған. Жазушы Медеу Сəрсеке өзінің «Ермұхан Бекмаханов» атты ғұмырнамалық зерттеуінде Əбіш Жиреншин жөнінде: «Ерекше ден қойған ісі – абайтану ілімі, бұл салада ол өз қатарының алдыңғы легінен көрінген. Əбіш Мұсылманқұлұлы 1961 жылы жарық көрген көрген «Абай Құнанбаев шығармаларының толық жинағын» əзірлеуге белсене қатысқан. Ол заңғар қаламгер һəм филология ғылымның үздігі, академик М.О. Əуезовпен тізе қосып еңбек еткен жылдарда Мұхтар Омарханұлының барлық ой-пікіріне үнемі бас иіп келісе бермеген. Өзі кəміл сенген ойын, əдеби тұжырымдарын қорғаудан тайынбаған. Бұл да – шынайы ғылым иесіне тəн еркіндік» [1, 222 б.] - деп ғалымның тұлғалық болмысына өз пікірін білдіреді.

Қазақ кітаптарының тарихын зерттеуі

Төңкеріске дейінгі қазақ кітаптарының басылу тарихы жөнінен сол кітаптарды шығару жолында жарғақ құлағы жастыққа тимей, ыждағатпен жемісті еңбек еткен қөңіл көзі ашық ақындар, оқымыстылар, жинаушылар туралы бағалы мəліметтер берген ғалым-əдебиетші, тарихшы Əбіш Жиреншин еді. Мысалы, ғалым кітаптар тарихына шолу жасай отырып: «Ғылыми зерттеу жұмыстары саласында – қазақтардың тарихы, мемлекеттік құрылысы, байлығы, əдет-ғұрыптары мен салттары, ауыз жəне жазба əдебиеттері туралы көптеген материалдар жиналып, белгілі бір жүйеге келтіруге алғашқы талпыныстар жасалды. Көне ескерткіштерді іздеу, жинау, олардың мазмұнымен мəнін түсіндіру қолға алынып, баспаханалар ұйымдастырылып, алғашқы қазақ кітаптары шығарыла бастады» [6] дейді. Əбусағит Мұсылманқұлұлы қазақ кітаптарының ең алғаш топ-тобымен жарық көрген Қазан баспаханаларын ерекше атайды. Ғалымның көрсетуінше: «ХІХ ғасырда Қазан қаласы Ресейде тұратын Орта Азия, Таяу Шығыс халықтарының ғасырлар бойы қалыптасқан мəдени мұраларын зерттейтін Петербордан кейінгі ірі орталыққа айналған. Əсіресе, түрік, араб, парсы, тибет, моңғол тілдеріндегі көне мұралар мен əдебиет нұсқаларын зерттеуде əлемге əйгілі осы қаланың баспаханалары маңызды орынды иеленді» [6, 96] деп атап өткен. Белгілі тарихшы Қадырғали Жалаиридің «Жамиғ ат тауарих» деп аталатын тарихи еңбегі 1851 жылы Қазан университетінің баспаханасынан шыққан. Онда «Моңғол-түрік шежіресі жинағы» деген атпен профессор И.Н. Березин өзінің ІІ томында қазақ тілінде жариялаған дейді. Одан кейін Индияда «Ұлы моғолдар» əулетін негіздеуші сұлтан Заһриддин Мұхаммед Бабырдың (1483-1530) күнделік дəптері. Кітапты 1857 жылы Н.И. Ильминский дайындаған. 1826 жылы Лейденде – ағылшын, 1826 жылы голланд, 1828 жылы - неміс, 1871 жылы түрік тілдеріне аударылды. Кітаптардың орысша аудармасы 1958 жылы Өзбек КСР Ғылым академиясынан жарық көрді, - деп түсінік жазған. Рухани мұралардың тарихын зерттеуші ғалым ол заманда жеке меншік баспаханалардың болғандығын жəне одан қазақ тарихы мен əдебиетіне қатысты кітаптардың жарық көргендігін, мəселен, Шамсуддин Хұсайновтың баспаханасы мен Ағайынды Кəрімовтер баспаханасын атайды. Ғалымның зерттеуінше Шамсуддин Хұсайынов өзінің қаражатымен Қазан университетінің баспаханасынан қазақ кітаптарын бастырып, оны халыққа таратқан. Мысалы, «Хисса Қозы-Көрпеш» (1890), «Хисса Шортанбайдың бала зары» (1901), «Халахуал – Мəшһүр Жүсіп Көпеев һəм оның бағзы бір шығармалары» (1901) сияқты кітаптарды дайындағанын анықтаған [6, 101 б.]. Ғалымның қазақ кітаптарының тарихын ғылыми тұрғыда зерттеп, зерделеуі үлкен ғылыми ізденісі мен табандылығының көрінісі деп айтуға толық негіз бар.

«Бекмаханов ісі» жəне Ə. Жиреншин

1943 жылы маусым айында «Қазақ ССР тарихы» жарық көрді. Оны дайындауға соғыс жағдайында қоныс аударған А.М. Панкратова бастаған ресейлік ғалымдар жəне М. Əуезов, С. Мұқанов, Ə. Мұстафин, Б. Кенжебаев, Е. Ысмайылов, Е. Бекмаханов тəрізді қазақ зиялылары қатысты. Кітаптың Кенесары қозғалысына байланысты тарауын Е. Бекмаханов жазды. Бұл көтеріліс патшаның отарлау саясатына қарсы бағытталған ұлт-азаттық қимыл ретінде бағаланды. Алғашқы сынақтан сəтті өтіп, Сталиндік сыйлыққа ұсынылған бұл кітап, мəселе түпкілікті шешілер кезінде, оған КСРО Ғылым Академиясының кореспондент мүшесі А.И. Яковлев жəне тағы басқа да орыс ғалымдар қарсы шықты. «Қазақ ССР тарихының» Е. Бекмаханов жазған, яғни Кенесары туралы тарауы «орыстарға бағытталған», Кенесары көтерілісін асыра дəріптеген деген айыптар тағылып, сынға ұшырады [7, 69-70 б.]. Е. Бекмахановтың 1947 жылы жарық көрген «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» деген монографиялық еңбегінде осы тарихшы Кенесарыға қатысты жазған «Қазақ ССР тарихының» екінші басылуында Кенесарыға байланысты бұрынғы көзқарасының сақталуы жағдайды шиеленістіре түсті [8, 378 б.]. Алғашқы талқылау Мəскеуде – КСРО Ғылым академиясының тарих институтында 1948 жылдың 28 ақпанында болды [8, 393 б.]. Екінші талқылау 1948 жылы шілде айында ҚазКСР ҒА Тарих, археология жəне этнография институтында жалғасын тапты. Бұл жиын 5 күнге ( шілденің 14, 15, 16, 17, 19-ы күндері) созылып, оған 20-дан астам адам қатысты. Академик К. Нұрпейісов осы талқылауды үш топқа бөліп көрсетеді. Бірінші топқа Е. Бекмахановтың аталмыш еңбегін белсенді айыптаушылар: Т.Ж. Шойынбаев, С.Е. Толыбеков, Х.Г. Айдарова, М.В. Жизневский, Б.С. Сүлейменов, А. Нұрқанов, М.Б. Ақынжанов жəне т.б. кірді. Екінші топтың өкілдері (И.У. Будовниц, А.М. Жиреншин, Е.Д. Дильмухамедов) негізінен Е. Бекмаханов еңбегін жақтап сөйлегендер еді. Үшінші топты құраған шешендер (А.Н. Нүсіпбеков, Т.Е. Елеуов, Х.М. Əділгереев, Б. Аспандияров, Т.А. Култелеев жəне т.б.) тарихшының еңбегіне объективті тұрғыдан баға берушілер болды [9, 12-14 б.]. Е. Бекмахановты жақтап сөйлеп, ерлік танытқандардың бірі де, бірегейі Əбусағит Жиреншин болды. Партиядан шығып қалу, сүйікті жұмысынан айырылып қалу, тіпті өзінің ғана емес, отбасы мүшелеріне төнген қауіптерге қарамастан, ақиқатты, əділеттілікті қорғап сөйледі. Талқылауда Ə. Жиреншин былай деп өткір айтты: «... «Культура и жизнь» газеті жуықта «Сынау емес - таяқтау» деген редакциялық мақала жариялап, əдебиетшілерге де партиялық қамқорлық керектігін қатаң ескертті. Бұл мақаланы мен дер кезінде жариялаған аса қажет нұсқау деп есептеймін. Өкінішті жəйт: біздегі баспасөздің ұрда-жық сыны көбіне дүрелеуге ұқсайды... Əйтеуір біреуді қалайда сынау керек əрі «бірдеме білетіндігідіі» жұртқа əйгілеу де қажет... «Лениншіл жас» газетінің 31 мамыр күнгі санында жарияланған Ақынжанов пен Шойынбаевтың бірігіп жазған рецензиясын, Толыбеков жолдастың кешегі сөзін Бекмаханов кітабының сілікпесін шығарып, ешқандай дəлелсіз, даңғаза байбаламмен саяси зиянды, ғылыми дəйексіз... деп жариялауын мен тек қана осылай бағалаймын. Өйкені, соншама дабыралап шу көтерген ауыр сындарында ойған қонымды бір айғақ жоқ, ғылыми жөнінен де мүлдем қисынсыз жəйтттарды сөз еткен... ... Қазақ халқы еркін ел болып күресуден ешқашан бас тартпағаны тарихтан мəлім. Сол үшін де соңғы екі ғасырда ол арыстанша алысты: Сырым батыр мен Исатай көтерілістерін еске алсаңыздар, саяси ахуал қиындап, ел тірлігі тарыла бастағанда 32 бостандық туын көтеріп Кенесары Қасымов көтеріліске шықты. Толыбековтің пайымдауынша, «Кенесары Абылай атасының жолын қуған», «қазақты теріс жолға сүйреген» ұлы атасының реакционерлік саясатын өзіне өнеге тұтқан-мыс. Ал қазақтың өткен тарихы Абылайды жоңғардың ұзақ жылғы шапқыншылығында біржола құрып кетуден құтқарған, ақыл-ойы кемеңгер мемлекет қайраткері санайды... Тарихи екі алып тұлғаны, Абылайды «реакционер» деп, Кенесарыны Дон Кихотпен салыстырған масқара əжуасынан кейін Толыбеков жолдастың сөзін жəбірленбей қабылдауға бола ма?». Бұл 35 жасар тарихшының батыл да, өткір сөйлеген сөзі болатын [9, 156-159 б.]. Осы батылдығы, азаматтығы Ə. Жиреншинге жəне отбасына соққы болып тиды. 1951-1953 жылдары қазақ интеллигенциясына ауыр күндерді басынан өткерді. Е. Бекмаханов талқылауынан кейін, Ə. М. Жиреншинді партия қатарынан алып, жұмысынан шығарып, оны жəне отбасы мүшелерін қоғамнан жырақ қалдырды. Сол уақытта жары С.А. Ысқақованы да жұмысынан кетуге мəжбүр етті. Балалары психологиялық тұрғыда қатты күйзеліске ұшырады, ал əкесі Жиреншин Мұсылманқұл осы жағдайдың салдарынан жəне ауыр науқастан 1953 жылы көз жұмды. Жас ғалым үшін осылайша қара түнек күндер басталды [3, 20 с.]. Бұл «саяси қуғын-сүргін» науқаны 1953 жылы Сталин өлгеннен соң, яғни «Хрущевтік жылымық» кезеңінде саябырсыды. Сотталғандар мерзімінен ерте босатылып, «Халық жауы» жаласымен атылып кеткендер ақтала бастады. Бірақ бұл жаңадан билік басына келген Хрущевтік топтың партиядағы позициясын нығайтуға, халық алдындағы беделін көтеруге бағытталған əрекеті еді.

* * *

Түйін. Бүгінгі таңда Қазақстанның тарих ғылымы туралы сөз болғанда, ХХ ғасырдың бел ортасындағы қазақ интеллигенциясының жарқын бейнелері көз алдыңа келеді. Олар: Ə.Х. Марғұлан, М.О. Əуезов, Е. Бекмаханов, Ə.М. Жиреншин жəне т.б. еді. Тарих ғылымы мен қазақ мəдениетіне айтарлықтай үлес қосып, ғылымға адалдық танытып өткен əдебиетші, тарихшы-ғалым Ə.М. Жиреншиннің өмір жолындағы ғылыми-ағартушылық белестері осындай.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ƏДЕБИЕТТЕР

1. Сəрсеке Медеу. Ермұхан Бекмаханов. Ғұмырнама. – Астана: Фолиант, 210. – 672 б.

2. Омаров А. Абайтанушы // Егемен Қазақстан. 2013. 11 сəуір

3. Жиреншин А.М.Избранные труды. Алматы: Алаш, 2003 – 624 б.

4. Хамитова М .А. Академик Ə.Х. Марғұланның ғылыми мұрасының Қазақстан музей ісіндегі маңызы. Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дəрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты. Алматы: 2010. 29 б.

5. Абай. Энциклопедия. (Бас ред. Р.Н. Нұрғалиев; ред. алқасы: З. Ахметов, Л.М. Əуезова, Б.Г. Ерзакович т.б.). – Алматы: «Қазақ энциклопедисының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы, 1995. – 720 б.

6. Жиреншин Ə.М. Қазақ кітаптарының тарихынан. Алматы: - Ғылым, 1971. 170-б.

7. Елғондиева С.Р. Сталиндік концепцияның Қазақстан тарих ғылымында жүргізген саяси қуғын-сүргін науқаны // ҚазҰУ хабаршысы. Тарих сериясы, № 2. 2003. 69-71 б.

8. Омарбеков Т. Қазақстан тарихының ХХ ғасырдағы өзекті мəселелері. Көмекші оқу құралы. – Алматы: Өнер, 2003. – 552 б.

9. Бекмаханов Е.Б. Жеті томдық шығармалар жинағы. 6-том. (Стенограмма – Е.Б. Бекмахановтың. «ХІХғ. 20-40 жж. Қазақстан» кітабының дискуссиясы). Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, 2005. – 360 с.

 

 

Еркін Ерланұлы РАХМЕТУЛЛИН,  Alikhan Bokeikhan University «Алаштану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, гуманитарлық ғылымдар магистрі

103 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper