Белгілі ғалым 1907 жылы 15 қаңтарда Шымкент облысының Созақ ауданында дүниеге келген. Алғашында ауыл молдасынан сауат ашып, кейінірек орыс тілді мектепте білім алады. 1922 жылдан бастап Ташкенттегі Қазақ ағартушылық институтының дайындық курсында, одан әрі Ленинград шығыс институтының түркология бөлімінде оқиды. 1931 жылы елге оралып, Абай атындағы Қазақ педагогика институтында қазақ тілінің ұстазы қызметін атқарады. Сонымен қатар, Алматы медицина институтының тілдер кафедрасының меңгерушісі және ҚазЦИК қарамағындағы Қазақ ұлттық мәдениетінің ғылыми зерттеу институтында ғылыми қызметкер, КСРО ҒА Қазақ филиалының Тіл және әдебиет секторында аға ғылыми қызметкер міндететрін атқарады. Ісмет Кеңесбайұлы ғылыми қызметпен қатар, қоғамдық қызметтерді де қатар алып жүрген; 1942 жылы Коммунистік партияға мүше болады.
1946 жылы ашылған ҚазақКСР Ғылым академиясының алғашқы академиктерінің қатарында Ісмет Кеңесбаев болған еді. Сонымен қатар, Ісмет Кеңесбайұлы жоғарыда аталған ҚазақКСР Ғылым академиясының вице-президенті қызметін 1951 жылға дейін атқарған. Өмірінің ширек бөлігін осы Ғылым академиясына арнап, Тіл және әдебиет, Тіл білімі институттарын басқарған Ісмет Кеңесбаевтың мұрасы бүгінгі күні «Ғылым ордасына» қарасты Қазақстан ғылымының тарихы музейінің қорында сақтаулы тұр.
Педагогикалық қызметін жүзеге асыру барысында І. Кеңесбаев қазақ тіл білімінің маңызды мәселелерін зерттеумен айналысты. Тіпті 1944 жылы «Қазақ тіліндегі тұрақты сөз тіркестер» тақырыбында докторлық диссертация қорғап, 1945 жылы филология ғылымдарының докторы атағын алады. Аталған «ғылым докторы» дипломының көшірмесі музей қорында сақталған.
Академик тіл білімінің кез-келген саласын жіті меңгерген және қазіргі уақытта да көптеген жоғарғы оқу орындарында оқу құралы ретінде пайдаланылатын қазақ тілінің фонетикасы, лексикологиясы мен лексикографиясы, тіл білімінің жалпы мәселелері, қазақ тілінің тарихы мен фразеологиясы бойынша ғылыми еңбектердің авторы. Ісмет Кеңесбайұлының 250-ден астам еңбектері бар. Музей қорында ғалымның «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі», «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», «Қазақ тілі грамматикасы. 1 бөлім», «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. Часть 1.(А-К)», «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. Часть 2.(Қ-Я)», «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі», «Қазақ тілінің буын құрылысы туралы», «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі», «Қазақ тілі грамматикасы. І-бөлім. Фонетика, лексика және морфология. Жеті жылдық мектеп пен орта мектептің 5-6 кластарына арналған. Бесінші рет басылуы», «Қазақ тіл білімінің мәселелері» сынды еңбектерін көре аласыздар. Еңбектердің арасында «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» – түркология саласы үшін үлкен жаңалық болды. Сөздікте бай әдеби тілімізге тиесілі он мыңнан астам тұрақты сөз тіркестері мен олардың мағынасы, жалпы фразеологияға қатысты теориялық тұжырымдамалармен таныса аламыз. Ғалымның қырық жылдық еңбегінің нәтижесі – «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» еңбегі үшін 1978 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылады. Мемлекеттік сыйлыққа ие болғанын дәлелдейтін құжаттың көшірмесе, ғалымның өзге де ресми құжаттары, диплом, аттестаттары да Қазақстан ғылымының тарихы музейінде сақталған.
Тіл білімінің маманы ғылым саласындағы ғұмырында филология ғылымдарының 7 докторы мен 50 кандидатын дайындаған. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» - демекші, Ісмет Кеңесбаевтың шәкірттері бүгінде еліміздің таңдаулы жоғарғы оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарында қызмет етуде.
І. Кеңесбаевтың отандық ғылым саласына сіңірген еңбегі қашан да жоғары бағаланған. Педагогикалық және ғылыми-зерттеу қызметі үшін Ленин орденімен, «Ерең еңбегі үшін», «Қызыл Жұлдыз» ордені, ҚазақКСР Жоғарғы Кеңесінің құрмет грамоталарымен марапатталып, «ҚазақКСР-ның еңбек сіңірген ғылым қайраткері», «Қарақалпақ АССР-ның еңбек сіңірген ғылым қайраткері» атақтарын иеленеді.
Сонымен қатар түрколог-ғалым Мәскеудегі халықаралық XXV конгресі, Түркиядағы түркі тілі қоғамы конгресінде, ГДР, Венгриядағы Халықаралық алтаистика қоғамының тұрақты конференциясы сияқты халықаралық деңгейдегі ғылыми форумдарда баяндама оқыған. І. Кеңесбаевтың «Орал-Алтай қоғамының» құрметті мүшесі, «Түрік тілі қоғамының» корреспондент мүшесі болуы, лингвисттің ғылымдағы жетістіктерінің алыс-жақын шет елдерде де белгілі екенін көрсетеді.
Ісмет Кеңесбаев 1995 жылдың 16 қаңтарында Алматы қаласында дүниеден өтті. Дегенмен, ғалымның артынан бай мұрасы – ғылыми еңбектері қалды. Қазіргі таңда ғалымның есімін ұлықтау мақсатында І. Кеңесбаев атымен көше, мектептер аталған. Қазақстан ғылымының тарихы музейі қорында қазақ тіл білімінің негізін қалаушылардың бірінің мол мұрасы сақталған. Музей экспозициясында Ісмет Кеңесбаевқа тиесілі ХХ ғасырдың 40-жылдары Германияда өндірілген «Rheinmetall» (Rheinmetall-Borsig AG) баспа машинасы қойылған. Баспа машинасының басты ерекшелігі – қазақ әліпбиі әріптерінің де болуы. Сонымен қатар, музей қорында Істем Кеңесбаевтың жеке заттары, фотосуреттер, қолжазбалары, еңбектері мен сирек кездесетін кітаптардан құралған жеке коллекциясы бар.
ЖанарСМАҒҰЛОВА, Қазақстан ғылымының тарихы музейінің ғылыми қызметкері
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Бексейітова А. Ғалымның биік тұлғасы. – Алматы: Ғылым, 1998. – 164 б.
- Ахметов З.А. Ісмет Кеңесбайұлы Кеңесбаев – Алматы : Ғылым, 1984 . – 68 б.