Еліміздің 30 жылға толып отырған қастерлі Тәуелсіздігіміздің тағылымы мол тарихында алтын әріппен жазылатын жетістіктері мен мақтанатын тұстары көп. Халқымыздың өткені мен бүгіні туралы рухани асыл қазыналарымызды жинақтап, музей ісінің білікті мамандарының мәліметі, ел тарихын тереңінен қозғап, ғажайып шежіресін тізген зерделі зерттеушілердің еңбектері жұмыстың сапасын арттырып, нәтижелерін қорытындылауды қажет етеді. Осыған орай, Түркістан облысы, Отырар ауданындағы Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығында киелі Отырар өңірінің тарихын насихаттайтын Отырар қорық-музейдің көпжылдық тарихын көпшілікке таныту мақсатымен музей ғимаратында «Отырар эрмитажы» тақырыпты экспозициясы ашылды. Экспозицияны жасауда музейдің негізін қалаушы Асантай Әлімұлының Отырар жерінде музей ашудағы өнегелі еңбектерін, сонымен қатар Отырар музейінің ұлттық мәдени мұраларымызды қастерлеп бүгінге жеткізу, өскелең ұрпақтың санасына тарихи құндылықтарымызды қасиет тұтып қастерлеуді сініру жолындағы атқарған қызметтері мейлінше ашып көрсетілген.
Тақырыптық экспозициядан «Музей адам» - Асантай Әлімұлы және музейдің құрылу тарихы мен жетістіктері туралы музей қорынан және басқа да дерек көздерден тарихи құжаттар, фотосуреттер және заттай жәдігерлерді тамашалай аласыздар.