Анонс


Сүйінбай ақын музейі сыр шертеді

Бейсенбі, 23 Қыркүйек 2021 22:41
Сүйінбай ақын музейі сыр шертеді KAZMUSEUM.KZ -  

 Ұлы Жамбыл ұстаз тұтқан  Сүйінбай Аронұлы  - қазақ халқының  XIX ғасырда өмір сүрген, табиғи талант иесі, суырып- салма өнердің жарық жұлдызы. Оның озық поэзиясы біздің ұлттық әдебиетіміздің  алтын қорына қосылған туындылардың қатарына жатады. Тұнық бұлақтан су ішіп шыққан, киіктің баласындай пәк сезімді Сүйінбай жастық шағынан бастап, өмірінің соңғы демі біткенге дейін, туған елінің елдігін, азаматтығын жырлады.

  Сүйінбай  Аронұлы Алатаудың аса сұлу  бетбауыр бөктерінің шұрайлы жері, Құлансаз жайлауында   1815 - 1898 жылдарында  өмір сүрген. Жыраудың  арғы атасы Күсеп ақын, әрі дәулескер қобызшы болса, нағашысы Қабан жырау Жетісудағы ақындық, жыраулық өнердің ірі өкілі болған. Сүйінбай бозбала кезінде жеті тәулік  бойы сол нағашы атасының көшінен     қалмай, ілесіп жүріп, батасын алыпты.Сөйтіп, Сүйінбай 13-14 жасынан ақындық жолды қуады. Қаршадайынан қолына домбыра алып ,өлеңді өмірлік серік еткен жыраудың 60 жылдан астам уақыт бойы тоқтаусыз шығарған жыр мұрасы  ұшан-теңіз. Жазушы, ғұлама ғалым М.Әуезов оны « Айтыс өнерінің алтын діңгегі» -  деп  жоғары бағалған.

   Ақынның артына қалдырған мұраларын жинақтап, музейін ұйымдастыру туралы көпшіліктің ұсынысымен, Қарақыстақ ауылындағы музейдің  құрылысы  1990 жылы басталып, 1996 жылы пайдалануға берілді. Музейді ашу ісі Сүйінбай Аронұлының шәкірті Жамбыл Жабаевтың 150 жылдық торқалы мерейтойымен тұспа – тұс келді. Салтанатты шараға Елбасы Н.Ә Назарбаев қатысып, лентасын қиды. Қәзіргі таңда өзіндік тарихы бар бұл музей ғасырлар қойнауынан Сүйінбай ақынның өмірінен сыр шертетін асыл мұралар мекені.

    Музейдің келбеті шығыстық үлгімен салынған. Ауласына Сүйінбай ақынның мәрмәр тастан жасалған ескерткіш бюсті қойылған.Оның ішкі бөлігі екі үлкен зал мен фойеден құралған. Сүйінбай Аронұлының өмірі мен шығармашылығын көрсететін бөлімдер: балалық шағы, ақын болып қалыптасуы,өмір сүрген орта, ата тегі, жақындары мен үрім – бұтағы  және шығармасын зерттеушілер жайлы мағлұмат беретін тоғыз бөлімге үйлестірілген.

  Музейдің жаңа экспозициясы бүгінгі күн талаптарына сай болып қана қоймай, оның көрінісі келісті. Экспозиция құруда аса маңызды принциптердің бірі  - ғылыми тәсілді қолданылады. Дәл осы ғылыми тәсілдердің арқасында ғана музей қорында жиналып, сақтаулы тұрған  музейлік маңызы бар барлық заттардың тарихы зерттеліп, ғылыми тұжырым  жасалады.

  Сол қатарда қазақтың әйгілі кескіндемешісі, график-суретші, қазақ бейнелеу өнерінің  негізін салушылардың бірі Ә.Қастеевтың 1972 жылы салған «Сүйінбай» портреті. Бұл шынайы сезіммен туындаған көркем шығармаларының құндылығы «Сүйінбай» портретін бейнелеуде дәл шешімін таба білді. Сонымен  қатар  1996 жылы 24 тамызда музей ашылған  кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  осы музейге әкелген  сыйлығы  -  үшқырлы торсық бұзау терісінен тігілген қымыз,  шұбат құюға арналған ыдыс, торсықтың  үш қырында Сүйінбай ақын, Сүйінбай ақынның шәкірті Жамбыл, Жамбыл ақынның шәкірті Кенен Әзірбаев ақындардың бейнесі көрсетілген. Сонымен қатар  архив құжаттары, үрім – бұтақтарының фотосуреттері және   деректік құжаттар , яғни өмірінің соңына дейін  ауыл биі болған туралы деректер және  қызметтік жеке мөрі, Сүйінбай Аронұлының шығармалары, шәкірті  Жамбылдың  кітаптары, Халық қаһарманы, сазгер Нұрғиса Тілендиев Сүйінбай мен Жамбылға арналған «Ақиық», «Сарын» атты күйлерінің өзінің көзі тірісінде әкеліп  табыс еткен ноталары құнды жәдігерлер санатында.

   Музей  экспозициясына  қойылған  архелогиялық  мұра  да  өз  алдына  құнды, әрі халқымыздың  тарихын , бейнелейтін  Қарақыстақ жерінен табылған  VI – VII ғасырларға тән балбалтас қойылған.  Есік қаласынан табылған тайқазан, шапырашты  руының  бөрілі байрағы, сол заманның батырлары  ұстаған  қару -  жарақтар  және де басқа жәдігерлер бар. Қәзіргі таңда музейдің  қорында 913 жәдігер тіркелген.

  С.Аронұлының әдеби – мемориалды музейі 2008 жылы II дәрежелі  «Үздік өңірлік  музей» дипломымен марапатталды.Музейдің алдағы уақыттағы жұмысы сан қырлы.Атап айтар болсақ, экспонаттарды  ғылыми – танымдық талаптар тұрғысынан ұтымды жүйелеу , оны көпшіліктің талғамына сай ұсыну, зерделенген жәдігерлер негізінде басылымдар шығару, елдегі, облыстағы атаулы күндер мен тарихи тұлғаларға арнап көрмелер жабдықтау, өлке тарихына қатысты мәдени шаралар өткізу ,белгілі бір көрнекті тұлғалармен кездесулер ұйымдастыру, оқу ордаларының студенттеріне дәріс оқу сияқты қызметтерді атқару арқылы халқымыздың асыл қазынасын болашақ ұрпаққа жеткізуді көздеп отыр. 

                                                               

Қарлығаш МУШИРОВА, Сүйінбай Аронұлының әдеби – мемориалды музейінің ғылыми қызметкері

 

2471 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper