Анонс


Юрий Пастухов - Бор тауларының сырын ашқан палеонтолог

Бейсенбі, 25 Наурыз 2021 01:21
Юрий Пастухов - Бор тауларының сырын ашқан палеонтолог KAZMUSEUM.KZ -  

Ел үшін еңбек етіп, тер төккен қажырлы, қайратты азаматтарын қай елде болсын көкке көтеріп, қадірлеген. Өлкемізде палеонтология саласын дамытуға еселі үлес қосып, аянбай еңбек еткен ардақты азаматтарымыздың бірі өлкетанушы Ю. А. Пастухов еді.         

Өлкетанушы, палеонтологтың өмір жолына тоқталсақ, Юрий Александрович Пастухов 1947 жылғы 22 тамызда Атырау өңірінде дүниеге келген. Табиғатынан қоршаған ортаға деген қырағы ғылыми көзқарасы дамыған, талапты, ізденімпаз адамның өлкеміздің палеонтология саласын дамытуда салған жолы да ешкімге ұқсамайтын өзіндік ерекшеліктерге толы.

 Ол мектеп қабырғасынан орта білім алғаннан соң, алғашқы еңбек жолын «Прикаспийская коммуна» газетінде кіші әдеби қызметкер болып бастайды. Жауапты қызметке ерте араласқан жас маман болса да Юрий Александрович жазған дүниелер, тың мазмұндылығымен ұшқыр идеялы, жалпыға түсінікті қарапайым тілімен ерекшеленді, сонысымен оқырманның жүрегінен жол тапты. Жастайынан, қағілез  де зерек, талапты жас одан әрі жоғарғы оқу орнынан білім алудың қамына кіреседі. Сөйтіп, 1966 жылы Гурьев мемлекеттік  педагогикалық институтына түседі. Кейін, яғни 1970 жылы оқуын аяқтап, дәріс алған білім ошағында әдіскер ретінде жұмысқа қабылданады. Бұл жерден аз-кем тәжірибе жинақтаған маман 1972 жылы Гоголь атындағы мектепке география пәнінің мұғалімі болуға шақырту алады. Жалпы, педагог түсінігі -  ұрпаққа ғасырлар бойы жинақталған барлық бағалы дүниелерді беріп, жалған сенімдерді, кінәраттар мен кеселдерді санасына жолатпауға  тиісті адам болса, сол сипатқа лайық жан
Юрий Александрович Пастухов болса керек. Себебі ол, ұстаздық атты ұлы қызмет жолында – өз уақытын аямады, өзгенің бақытын аялады. Жас ұрпақтың табиғатқа, туған жерге деген сүйіспеншілігін оятуға тырысты. Отанын құрметтеген ұл-қыздың келешегі кемел, болашағы жарқын болатынын әуел бастан жақсы түсінді. Ұстаз мектеп оқушыларымен, студенттермен экспедицияларға  шығып, өлкетану жұмыстарын бірге жүргізетін. Өзінің үлгі өнегеге толы өмір жолында жастар тәрбиесіне ерекше мән беріп, іс- тәжірбиесін үйретіп, азаматтық, адамгершілігі мол тұлғаның биік үлгісін көрсетті. Табиғатынан көпшіл, көңілді жан балалармен тез тіл табысатын. Тіпті, шәкірттері үшін отқа жанып, суға түсуге даяр жанашыр еді деп еске алады бүгінде көзкөрген тәлім алушылары.  

 Адамгершілігі жағынан биік, мәдениетті адамдар, саналы еңбекқорлар, білім-ғылымға құштар, арманына адал жандар - сүйіспеншілікке бөленген отбасылардан өсіп-өніп шықса керек. Олай дейтініміз, Александр Осиповичтей әскери қызмет жолындағы әкенің темірдей тәртібінен тәрбие алған, ұзақ жылдар алып компанияда бас есепші болып абыройлы қызмет атқарған ананың жан дегенде жалғыз ұлы еді ол. Оның жасампаз, ізденімпаздық жолына қанат бітірген де, болам деген баланың бетінен қақпай белін буған да осы  ата-анасы еді.

  Юрий Александрович Пастуховтың сан түрлі қырының бірі – өлкенатушылық болатын. Ол география пәнінде туған өлкеден табылған тарихи жәдігерлерді пайданала отырып, насихат жұмыстарын жүргізетін. Кейін, мектеп қабырғасынан шағын музей жасақтады. Өлкетану бойынша облыстық байқауларда  ол және өзі дайындаған шәкірттер әрдайым бас жүлделерге ие болып жүрген. Соның нәтижесінде бірнеше  рет тегін туристік жолдамалармен марапатталған. Атап айтсақ,  Мәскеуде, Ленинградта, қазіргі Санкт-Петербург және Алматы қалаларында болған.  1993 жылы жемісті, жеңісті еңбегінің арқасында  "Жылдың үздік мұғалімі" атанған.  Сонымен қатар,  "Қазақстан ағарту ісінің үздігі"белгісімен марапатталған.

Дарынды адам, қай жағынан да дарынды. Афоризмге айналған осы сөздің айқын дәлелі ретінде Юрий Александровичты айтса, шын жарасатындай. Өйткені, ер азаматқа тән сегіз қырлылық қасиеттің көпшілігі дерлік осы тұлғаның бойынан табылатын. Әрине, талант - табиғаттан, талап - өзіңнен. Еңбексіз бос жүру адамды моральдық жағынан құлдыраушылыққа, жалқаулыққа, зерігушілікке, жұрт еңбегінің есебінен күн көруге әкеп соғатынын, табиғи талантын мұқалтатынын жақсы түйсінген Юрий  Пастухов, хоббиінің арқасында нағыз тіс қаққан кәсіби маман иесі атанған біртуар жанның бірегейі.  

  Өлкеміздің зерттеушісі Вячеслав Константинович Афанасьевтен тәлім алған Юрий Александрович - Батыс Қазақстан облысының туризімін дамытуға орасан зор үлес қосты. Тіпті, үлес қосқаннан бөлек жаңалық  әкелді. Дәлірек айтсақ, 40 жылдай Каспий маңындағы бор үстірттерін зерттеумен айналысты. Осынау экспедициялар барысында жинаған көп олжалары  палеонтологиялық музейдің ашылуына негіз болды. Бұл Атыраулықтар үшін жаңалықтың нағыз өзі болатын. Себебі, Атырау облысы тарихи-өлкенату музейінің палеонтология филиалы Қазақстандағы жер қабатының тарихи-геологиялық кезеңін, мезозой кезеңінде тіршілік еткен жануарлар әлемін зерттейтін бірден бір музей.  Бұл музей зор ғылыми маңызға ие және Қазақстанның палеонтологиялық ғылымын дамытудың қайнар көзі бола алды. Ю. А. Пастухов көптеген жылдар бойы Атырау облысы тарихи-өлкетану музейіне қарасты  Палеонтология бөлімшесінің меңгерушісі қызметін атқарды.

 Біздің  өткеніміз, біздің болашағымыз. Бұл - қатаң қағида. Ал, қағида жолында қалтқысыз қызмет еткен, табандылығының нәтижесінде талай тұңғиыққа терең бойлаған табиғат зерттеушісі Юрий Александровичтың атқарған жұмыстары миллион жылдарға шегініп, артқа саяхат жасауымызға мүмкіндік берді. Музейге  келген әр көрермен Каспий өңірінде сан ғасырлар бұрын тіршілік еткен палеоген акулаларының, скаттардың тістерін, олардың омыртқалары мен акула құйрықтарының  қазба қалдықтарын тамашалай алды. Сондай-ақ, плезиозаврдың, ихтиозаврдың  сүйектері мен тістері және бауыраяқты, басаяқты ұлулардың ,сегізсәулелі маржандардың, теңіз кірпілерінің тасқа айналған қазба қалдықтары , тағы басқалары - көрген жанның көзін қызықтырды. Жиналған экспонаттардың бірегейлігіне әлемнің көптеген музейлері қызыға қарай алады. Барлық жәдігерлер шынайы. Олардың көпшілігі Құлсары қаласынан 60-70 км қашықтықта орналасқан Ақкерегешың үстірті және Ақтөбе облысымен шекаралас жатқан  Ақтолағай үстіртінен табылған.

Мұның барлығы  Юрий Александровичтың бейнетті еңбегінің зейнеті еді. Сол жылдар ішінде  Ақкерегешың, Ақтолағай борлы қыраттары мен Иманқара тауы, Индер үстірттеріне көптеген экспедициялар ұйымдастырды. Сондай-ақ, эксклюзивті фотосуреттер түсіріліп, олардың әрқайсысы борлы қыраттардың сиқырлы әлемін мейлінше аша түсті.

 Юрий Александрович бір сұхбатында «Негізінде, сонау ерте кезден-ақ досым, тәжірибелі турист Назым Жәңгіровтен борлы жартастың сұлулығы туралы естігенде, тезірек сол жерлерге баруды армандайтынмын. Ақыры сол арманым орындалды. Ал, сондағы көрген көрініске тіптен қайран қалдым! – деген екен. Міне, арманға адалдық деген осы емес пе!

1986 жылы Білім министрлігі мен геология министрлігі геологиялық кадрларды даярлау жұмысы туралы жалпы қаулы қабылдады. Сол жылы геологиялық үйірме ұйымдастырылып, Юрий Александрович шәкірттерімен алғашқы геологиялық экспедиция жасады. Олар осы қазбаларды зерттей отырып, ғылыми еңбектер жазды. Сол еңбекпен Кіші ғылым академиясының конференцияларында сөз сөйледі. Бұл жұмыстар әрқашан қазылар алқасының жоғары бағасын алып отырды.

 Осы секілді әр экспедициядан Ю.А. Пастухов шәкірттерімен бірге динозаврлар, жойылып кеткен жануарлар, тірі организмдердің пайда болуы  туралы және тағы басқа көптеген тың мәліметтермен қоржынын толтырып қайтатын. Ал, қызықты материалға бай дүниелер баяндмааға айналып, Қазақстан Республикасының Кіші Ғылым Академиясына өтетін еді. Яғни, Ю.А.Пастухов ҚР Кіші Ғылым академиясының Атырау экологиялық-палеонтологиялық бөлімінің идеялық жаршысы ретінде танымал болды.

 Еңбек адамды бақытқа, құрметке бөлейді. Сол ерен еңбектің арқасында өлкеміздің палеонтология саласын зерттеуге, дамытуға, туған жерінің табиғатын  қорғауға бар күш жігерін, қажыр қайратын, білімін, мол тәжирбиесімен үнемі үлкен жауапкершілікті сезіне еңбек еткен палеонтологтың ғылыми еңбегі өте көп.

Атап айтсақ, «Каспий маңы теңізінің бор кірпілері", "Қазбалы мұртаяқты шаяндар", "Каспий маңы теңізінің бор маржандары", "Каспий маңының палеогенді акулалары", "Каспий маңы динозаврлары", "Бор үстірттері – экологиялық туризм" атты аса құнды ғылыми еңбектердің авторы. Ол сондай-ақ біздің өлкеміздің табиғаты туралы көп жазды. Әңгімелері облыстық баспасөз беттерінде, "Казахстанская правда", "Караван", Тұран" газеттерінде, сондай-ақ "Жас натуралист" журналында жарияланып тұратын. Юрий Александрович өзінің туған өлкесін шексіз сүйген перзент еді. Ол бұл туралы әсерін өзінің «Край белоснежных историй» атты таңғажайып атаумен 2005 жылы жарық көрген әңгімелер жинағында тамаша суреттеген. Онда сан тараулы қилы кезеңдердің қызығы мен шыжығын, қиындығы мен қуанышын, өзі үшін жұмбақ болған жағдаяттарды да еңгей-тегжейлі баяндаған болатын.

 Юрий Пастухов – ұстаз, ғалым, зерттеуші, саяхатшы, өлкетанушы, фотограф, суретші,  журналист. Бір адамның бойынан осынша қабілеттің болуы кімді де болсын таң қалдырмай қоймайды. Ал, енді оған режиссерлық қызметті тағы қосыңыз. Иә, өз заманында Юрий Александрович сахналаған қойылымдарға бармаған  атыраулықтар жоқ шығар.  Ю.А. Пастухов жүзге жуық рөлді де өзі сомдаған өнер иесі еді. "Айдың тұтылу түнінде"  спектаклінде Дервиштің рөлін сомдаған образы  үшін облыстық байқаудың лауреаты да атанған. 1995 жылы "Халық театрының"режиссері болды. Оның қоғамда қалдырған әрбір қолтаңбасы ескерусіз қалмайтын. Қашан да өзіне лайықты құрмет-қошеметке бөленіп жүруші еді. Ол «Туризмді дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгісімен және «Қазақстан Республикасында туристік саланы дамытудағы шығармашылық және кәсіби тұрғысы үшін» Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Сонымен қатар "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл" мерейтойлық медалінің, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Үздік өлкетанушы» төсбелгісінің иегері.

 Ю.А.Пастуховтың палеонтология ғылымын дамытудағы өлшеусіз еңбегін туған елі жоғары бағалайды және әрдайым мақтан етеді. Ю.А.Пастуховтың тағылымы мол ұлағатты өмір жолы, азаматтық келбеті мен ерен еңбегі Тәуелсіз Қазақстанның жас ұрпағы үшін әрқашан үлгі өнеге бола бермек.

Талантты тұлғаның талабына тосқауылдың тұрмауы оның жеке өміріне тікелей байланысты болатыныны айтпаса да түсінікті. Ал, отбасылық өмірде Юрий Александрович Пастуховтың жолы болғандығын оның қалдырған сара жолынан-ақ көре аламыз.  Өмірлік жары 44 жыл мәртебелі мамандық – мұғалімдік қызмет атқарған – Ольга Леонидовна екеуі 3 перзент тәрбиеледі. Бүгінде ардақты әкенің тұяғы Александр Пастухов – әке жолын жалғап тілшіліктің тізгінін ұстаса, қос қызы Алена мен Оля – бірі ұстаз бірі аудармашы ретінде қоғамның бір кірпіші болып қаланды.

 2020 жылғы 5 желтоқсан - жаны жайсаң, көңілі дархан, теңдессіз таңғажайыптарды көз алдымызға жайып салған жаңалықтың жаршысы, ерен еңбектің иесі,  өлке тарихының, өңір руханиятының бірегей жанашыры Юрий Александрович Пастухов жарық дүниемен қоштасқан күн.  Қасиетті өлкесін шексіз сүйген ұлы жүрек  соғысын тоқтатқан қаралы мезет. Алайда, жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді емес пе?! Бүгінде ол қалдырған дүниелер келешек ұрпақтың көзайымына айналған, өткенімізді ұмыттармайтын мәңгілік мұрамыз болып қалары сөзсіз.   Өзінің бөлек әдемі әлемі іспесттес, шексіз, ұзақ жорығына аттанған Юрий Александрович Пастуховтың есімі - осы бір қайталанбас қолтаңбасы арқылы, аппақ қардай биік-биік ақ таулары іспетті алыстан мен мұндалап мәңгіге тұра бермек. Оны ешкім, ешқашан ұмытпайды.

 

Эльбина МҰХАМБЕТҚАЛИЕВА, Атырау облысы тарихи-өлкетану  музейіне қарасты Палеонтология бөлімшесінің маманы

1952 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper