Ғалымжан аға «Әлияны 45 жылдан бері зерттеп келемін. Оның қысқа ғана ғұмырында есімін мәңгі еткен ерлігінің тәнті қылғаны соншалық, менің өмірлік серігім, жұбайым Париза Шәріпқызы Әлия батыр рухына аянбай қызмет етті. Біз күнделікті шәй үстінде шүйіркелесе қалғанда да әңгімеміз Әлияға қарай ауыса беретін. Әлиятану менің өмірлік ұстанымыма, саналы ғұмырымның ұзын сонар еңбегіне айналды» деді.
Ол қырық бес жылдан бері Әлия Молдағұлова өмірі мен ерлігі туралы терең зерттеп, әрбір деректі тірнектеп жинаған.
Ғалымжан Байдербес Ермағанбетұлы 1935 жылы 16 қазанда Атырау облысы, Мақат ауданы құрамында болған мұнайшылар ауылы Ескенеде дүниеге келген.
Гурьев пединститутының филология факультетін бітірген. 1962-1970 жылдар аралығында Жылой ауданы Құлсары қаласындағы Абай мектебінде мұғалім, аудандық оқу бөлімінің инспекторы, оқу ісі меңгерушісі болды.
1970 жылы Атырау облысының Жылыой ауданынан Ақтөбе өңіріне қоныс аударды. Ақтөбенің мектеп-интернатында күзетші,тәрбиеші, сосын мұғалім болып еңбек етті. Еңбегі бағаланып, 1971-1975 жылдар аралығында Қобда ауданының «ҚазССР-дың 15 жылдығы» және «Хабаловка» ауылындағы мектептерде директор болды.
Ал 1975-1986 жылдары Әлия Молдағұлова атындағы арнаулы шаруашылық бірлестігінің партком хатшысы болып жұмыс жасады.
«Қобда ауданына мектеп директоры болып тағайындалдым. Әлия осы Қобда ауданының тумасы екен, оны сонда барған соң білдім. Аудан орталығында 3 жылға жуық уақыт қызмет атқардым. Содан кейін мені Әлия Молдағұлова атындағы шағын колхозға партия комитетінің төрағасы етіп сайлады. Мұнда келгеннен кейін қарап отырмай, Сабыр Қаналиев екеуміз бұл батырдың есімін алған ауыл екен, оның шаруашылығын көтерейік деп шештік. Алайда, батыр қыздың ерлігі ойымнан шықпай қойды. Әлияны тануға алғаш ұмтылуым да осы кезеңдерде басталған ед.і Мені бұл топыраққа тағдыр айдап әкелді. Кейін ойлаймын, бұл сәйкестік емес, Әлияның туған жерінде есімінің ұрпақ жадында жаңғыруына мен де өзімнің қал-қадірімше үлес қосқан болармын деп».
Ғалымжан Ермағанбетұлының мұрындық болуымен Әлияның туған өлкесінен ашылған Әлия патриоттық тәрбие беру клубы соның дәлелі. Бүгінде бұл орталық өңірдің мақтанышына айналған нысандардың бірі. Қазақтың батыр қызының есімін мәңгілік етсем деген Ғалымжан Байдербес оны тану мен танытуда көптеген қиындықтарға кездесседе өз бағытынан таймады.Әлия патриоттық орталығының ашылуына көп еңбек сіңірді.
Орталық ашу кезіндегі жасаған жұмыстары туралы Ғалымжан Ермағанбетұлы былай дейді: «1979 жылы Әлияның туған ауылынан бастап, Әлия Молдағұлова жүріп өткен жолдармен жүріп өттім. Ресейдің Москва, Ленинград, Новосокольники қалаларында, Монаково ауылында болып, Әлияның көзі тірі майдангер қаруластарымен кездесіп, сұхбаттасып, тіпті балалар үйіндегі достарымен де кездестім.
«Новосокольники қаласының маңында Монаково деген биіктік бар. Әлия сол жерде қаза болған екен. Кеңес үкіметінің кезінде батыр тек қана шайқас үстінде қаза табады деген саясат болды. Ал шынтуайтына келгенде, Әлия майдан даласында жараланғанымен, тірі қалған. Оның Полякова деген қаруласы өзінің күйеуі Поляковпен бірге Әлияны плащ-палаткаға салып, стационарға сүйрелеп жеткізеді. Алайда, стационарға бомба түсіп, оның ішіндегі жеті адам сол арада көз жұмыпты. Ішінде біздің Әлиямыз да бар. Бойков деген колхозшы қызы екеуі Әлияны арбаға салып, үйіне әкеліп, үй ауласындағы алма ағашының түбіне жерлепті. 1965 жылы Монаковода латыштарды қайта жерлеген кезде Әлияны да бауырластар қабіріне солармен бірге жерлеген. 1979 жылы Бойковтың отбасымен де, бірге соғысқан жауынгерлермен, Әлияның тәрбиешілерімен, достарымен де кездестім, сөйлестім, айтқандарын жазып алдым. Жинаған деректердің Әлия Молдағұлованың өмірі мен ерлігін көпшілікке насихаттауда маңызы зор болды.Сол жазып алғандарым кітап болып жарық көрді. Мен ойлаймын, 4-5 жыл кешіккенде құнды мәліметтерден айрылып қалған болар едік деп.
Менің білуімше, кезінде қазақтың асыл азаматы Дінмұхамед Қонаев комсомол комитетінің бірінші хатшысы болған Камал Смайыловты Ресейге Әлияның дерегін іздеуге арнайы аттандырады. К.Смайылов Қорғаныс министрлігінен рұқсат алып, мұрағат құжаттарынан Әлияның 1965 жылы Монаково биіктігінде латыштармен бірге қайта жерленгенін растайды. Монаковода болған кезімде, мен Әлияны жерлеуге қатысқан ақсақалмен кездестім. Сол кезде ол Әлия туралы "дене тұрқы кішкентай, шашы қара, денесінің жартысы күйіп қалған" деп айтты. Оның денесінің бомба түскеннің салдарынан күйгені анық.
Батыр қыз туралы біраз құнды жәдігерлерді жинадым. Сол уақытта Министрлік 520-ға жуық жәдігер жинай алсаңыздар, өз алдына музей қылып ашамыз деген тапсырма берді. Бұл хабарды естігеннен кейін күндіз-түні тынбастан еңбектендік. Алғашында музей ашуға бірбөлме берілген болатын. Алайда, жәдігерлер жинақтала келе, үлкен ғимарат керек болды. Сөйтіп оны мәдениет үйіне көшірді. Бірақ музей 90-жылдары жабылып қалажаздады. 1997 жылы Әлия музейіне ешкім келмейді деген желеумен облыстық бюджет оны қаржыландырудан бас тартты. Музейді ашу үшін қаншама тер төктік, сол еңбекті далаға кетіруге болмайды. Сондықтан сенімгерлікпен басқаруға алып, 1997 жылдан 2001 жылға дейін - бес жыл жұмыс жасадым».
1984 жылдың 15 тамызында Әлпайсай ауылында болған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев, сол кездегі республика Министрлер Кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев музейдің естелік кітабына қолдарын қойып, ізгі тілектерін жазған еді. Шаруашылықтың партия комитетінің хатшысы болып жұмыс жасап жүрген Ғалымжан Байдербес 19 жасында қыршын кеткен, өзінің ерлігі арқылы туған жеріне деген сүйіспеншілігін көрсеткен, өз ұлтының рухы болып тарихта қалған Әлия туралы мол деректермен таныстырған болатын.
«Тек 2002 жылы ғана облыстық әкімдік музейді мемлекет қамқорлығына алу туралы ұсыныс білдіргенде қатты қуандық»-дейді Әлияның іздеушісі Ғалымжан Байдербес, - Бүгінде Әлияның кіндігі кесіліп, кірі жуылған жерде орналасқан патриоттық орталық жастарды отаншылдыққа тәрбиелеуде көптеген жұмыстар атқарып келеді. Бүгін де бұл орталықтан қонақ үзілмейді. Облысқа келген меймандардың барлығы дерлік, Әлия патриоттық орталығына келіп, батыр қыздың туған ауылына, тарихына тағзым етеді. Мұндай орталық Қазақстанда екі жерде ғана бар. Біреуі – Алматыда, екіншісі осы біздің Әлия патриоттық орталығы».
Музей таным мен тағылым, ғылыми-зерттеу орталығы. Жан-жақтан келген құрметті қонақтар да қазақтың батыр қызына арналған музейге арнайы баратын. Есімдері әйгілі тарихи тұлғалар - халық әртісі Роза Бағланова, екі мәрте Кеңестер Одағының Батыры Талғат Бигелдинов, көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаев, зерттеуші ғалым Мұрат Аджи Әлия патриоттық орталығында болып, тілек кітабына өз қолтаңбаларын қалдырған. «Әлия» әнімен әлемге танылған Роза Рымбаева да батыр апасының аруағына тағзым ету үшін арнайы келіп кетті. Әлиятанушы Ғалымжан Ермағанбетұлы «келген жандар суретке емес, Әлия жүрген топырақты көру үшін келеді» дейді.
Әлияны тек қазақ халқы ғана емес, ресейліктер де мақтан тұтып, ерлігін ерекше бағалайды. Мәскеуде Әлия Молдағұлова атында даңғыл, мектеп, музей, ескерткіші бар. Мәскеудегі №891 орта мектеп жанындағы музей де өзінің құнды жәдігерлерімен мәнді. Бұл жерде де Әлия апамыздың бүкіл өмір тарихы, майдан жолдары кеңінен таныстырылады. Осындай қазақтың батыр қызының ерлігін әлемге танытатын орталықтар Новосокольникиде де, сол аудандағы Насова елді мекенінде де бар.
Ғалымжан Байдербес 2001 жылдан Әлия музейінің ғылыми қызметкері, мұражайдың негізін салушы. Осы жылдары “Әлия батыр қызы сен Халқымның”, “Алия-наша гордость” (1994ж.), Ұзақбай Қауыспен бірігіп “Әлия ғасыр аруы” (2001ж.), “Аңызға айналған арулар” (2002 ж.), “Девушки, ставшие легендой” (2003ж.), “Әлия-ғұмыр: ерлік пен өнеге” (2006ж.), “Подвиг длиною в жизнь” (2007ж.), кітаптарының авторы. 2009 жылы ағылшын тіліне аударылды.
Аттары аңызға айналып, ерлік істері барша ұлтты таң қалдырып, есімдері тарих беттерінде алтын әріппен өрнектелген ерліктің мәңгі алауын жаққан қазақтың қос шынары Маншүк Маметова мен Әлия Молдағұлованың жарқын өмірі және Ұлы Отан соғысындағы ерлік істерін ұрпаққа үлгі етіп, өнеге ету мақсатында Ғалымжан Байдербес 2000 жылы “Қос шынар” деген ұйым құрды. Сол кезден бастап бүкіл саналы ғұмырын ерлікті насихаттауға арнаған қоғам төрағасы екеуі туралы бірдей айтып келеді, қазақтың батыр қыздарын бір-бірін бөлмейді. Сондықтан Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова, Сапура Мәтенқызы есімдерін де жас ұрпақ жадына бір кісідей сіңіріп келеді.
Әлия ауылынан Мәншүк ауылына дейін экскурсия ұйымдастырып барып қайтты. Батыр кыздар туралы деректер жинақтап, толықтырумен болды.
«Құрмет» орденінің иегері, «Ақтөбе облысының Құрметті азаматы», ҚР Білім беру ісінің үздігі, Әлиятанушы Ғалымжан Байдербес «Әлия туралы көп жазылды, ал Мәншүк туралы дерек аз. Ол Әлиядан бір жыл бұрын батыр болған. Байқап қарасам, олардың арасында тағдыр ұқсастығы көп екен. Мәселен, екеуі де жастай жетім қалған. Бірі нағашысының, бірі ағасының қолында өскен. Екеуі де соғысқа сұранып барған. Екеуі де орыстың жерінде жатыр. Қос батыр қыз бір-бірінің ерлігін асырып, толықтырып тұрған сыңайлы», - дейді.
2002 жылы Ғалымжан аға қала әкімі Е.Сағындықовтың көмегімен Әлия мен Маншүкке арнап, № 27 орыс мектебінде музей ашты. Орыс мектебінде оқитындардың 80 пайызы қазақ екен. «Деректердің бәрі қазақша қойылды. Мен «Әлияның ерлігі», «Мәншүктің ерлігі» деп жеке-жеке дайындап бердім. Екеуінің өмірі мен ерлігін бірдей насихаттайтын ондай музей жоқ ешбір жерде. Сол 2002 жылдан Мәншүкті зерттеуді қолға алдым. Көп айтылмағаны жүрегіме тиді. Оған да 20 жыл болыпты. Екеуін бірдей айтқандағы мақсатым екеуі бірін-бірі толықтырып тұрады ғой дегенім. Музейге құнды деректер мен жәдігерлерді жинақтау мақсатында Әлия ауылынан Мәншүк ауылына экспедицияға баруға басшыларға ұсыныс білдірген кезде, олар қолдап, автобус берді. Ауылдарға барған кезде олар керемет қарсы алды. Келген соң жинақталған материалдар негізінде қос шынарға музей жасадық. Содан деректер бірте-бірте жинала берді», - дейді Ғалымжан аға.
Ол Ақтөбеде қазақтың Батыр қыздарының рухын асқақтатып, есімдерін жарқыратып, болашаққа қалдырды. Оның дәлелі 2010 жылы жарық көрген «Ұлы даланың батыр қыздары» кітабы. Кейін Мәскеуліктердің сұрауымен “Героини Великой степи” деген атпен орыс тіліне аударылды.
Ғалымжан Ермағанбетұлы ескерусіз қалған Әлияның анасы-Маржанның жерленген жерін анықтау үшін туыстарымен, оны білетін, көз көрген жандармен кездесіп, әңгімелерін жазып алды. Осылайша түрлі деректерді жинақтады. 20 жылдан аса уақыт тынбастан іздестіріп, зерттеу нәтижесінде бір шындықты анықтады.
«Әлияның анасы туралы айтсақ ол да аяулы, 35 жас жасаған. Ашаршылық кезі ғой, Әлияның шешесі Маржанды Ақтөбенің Қурайлы деген жерінде күздің қара суығында егіс алқабынан картоптың қалдығы – келдек теруге барғанда, қарауылдың қаруынан оққа ұшады. Ол туралы біраз уақыт жасырып, айтылмады. Туған апасының өліміне қатысты тіпті Әубәкір де жақ ашпаған. Өйткені Кеңес Одағының батырының анасын солақайшыл орыс атып тастапты деген әңгімені жария етуге болмайтын еді. Нұрмұхаммед Сарқұловтың қолында ұлы Бағдат пен қызы Әлия қалады. Әкесі Әлияны нағашы әжесі Тәжікеннің қолына беруге мәжбүр болды. Әжесі қазіргі Құрайлы ауылында тұрған, немересін өте жақсы көрген, оған адамгершілікті, жақсылықты, еңбекқорлықты үйреткен», -деді Ғалымжан аға.
Тынбастан зерттеу, іздестіру нәтижесінде Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың анасының жерленген жері табылды. «Бұлақ ауылында тұратын Әбдіраман Рабаев деген ақсақалдың көрсетуімен орнын таптық. Жермен-жексен болған қорымнан Маржанның басына қойылған құлпытастың сынығына дейін таптық. Жазулары өшіп қалған екен. Әбдіраман Рабаевқа бұл құлпытастың сынығы туралы Қарағанды қаласында тұратын ағасы Бақдәулет айтып берген екен. «Әлия» спорт мектебін ашқан, беделді адам болыпты. Жылда елге келіп, ас беріп тұрған екен. Соңғы рет 2006 жылы Көкмешіт деген жерде ас беруге келген. Сол кезде Маржанның жерленген жері Көкмешіт деп үйіндінің орынын көрсетіпті. Қазір іздемегенмен, уақыт өте іздер, сондықтан сенің білуің керек, естиярдан қалған сен емессің бе деп тапсырған. 2011 жылы Әбдіраман Маржан әжесі жерленген жерге Бақдәулет ағасы көрсеткен құлпытасты қойып, белгілеген екен.
Анасы Әлия дүниеге келген Бұлақ деген ауылдан 5 шақырым Көкмешіт деген жерде жерленген. Зертеуші Ғалымжан аға «Батыр қыздың рухы үшін анасының жатқан жеріне белгі қойып, басын қарайту керек, бұл – біз үшін үлкен міндет әрі батыр қызды туған ананың рухына тағзым ету арқылы келер ұрпаққа патриоттық тәрбие береміз» деген. «Қобда ауданы әкімдігі ескерткіш орнатып, ас берді, Қобда – Бұлақ (Көкмешіт) экскурсия маршрутына қосылды. Бұл да менің бір жұмысым», - дейді Ғалымжан аға. Осылайша Ғалымжан Байдербес облысымызда туризмді дамытуға да өз үлесін қосып жүр. Осы үлкен табандылықпен жүзеге асырған жұмыстарының негізінде 2011 жылы “Всеми забытые мать героини-Маржан” деген атпен кітабы жарық көрді.
2015 жылы “Қос шынар” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан БайдербестіңЖеңістің 75 жылдығына орай “Ржев шайқасының қаһармандары” кітабы жарық көрді. 100-101 атқыштар бригадасына қатысты жерлестеріміздідің ерлігін насихаттайтын туынды болып саналады. Кітап бригаданың құрамында болған майдангерлер мен командирлердің жазбалары, естеліктері негізінде жазылған.
Ржев шайқасы ҰОС тарихындағы қанды қырғын болған жерлердің бірі. Бұл жерде Совет әскері 2 миллион 600 мың жуық адамынан айрылды. Олардың қатарында Қазақстанда жасақталған 100 және 101 ұлттық дербесатқыштар бригадасы да болған.
2016 жылы зерттеуші, тарихшы Ғалымжан Байдербестің “Ржев шайқасының қаһармандары” кітабыорыс тілінде “Герои Ржевской битвы” болып шықты. Орыс тіліне аударған белгілі аудармашы Мәлика Түгелова.
Екі бөлімнен тұратын кітаптың алғашқысы 101-атқыштар бригадасы жайында кеңірек сөз қозғайды. Осы бөлімде Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова мен ол құрамында болған 100-бригаданың тағдыры жайлы айтылады. Екінші бөлім негізінен Ржев сарбаздарына арналған. Оның ішінде Сақтаған Бәйішев, Әзілхан Нұршайықов, Құланбай Көпішевтің жазбалары, осы шайқастың оты мен суынан аман шыққан Сұлтан Жиенбаев, Кәкен Әбенов, тағы басқалары туралы естеліктер бар.
Әлия мен Мәншүктің майдан жолдары хақында ондаған кітап жазып, кейінгі ұрпаққа құнды еңбек сыйлаған Ғалымжан Байдербес Ржев шайқасының ақиқатын ашуда да елеулі еңбек сіңірген.
2018 жылы “Ржевте ерлік даңқы қайта жаңғырды”, “Вечная слава защитникам Ржева 100-101 бригада жауынгерлерінің ескерткіші қайта жасақталып, Ржев қаласы әкімшілігіне мәңгілікке актпен тапсырылды.
2019 жылы Ғалымжан Байдербестің «Ржевте ерлік даңқы қайта жаңғырады» атты кітабы жарыққа шықты. Жинақта 1942 жылдың 25 қарашасында Ржев-Зубцово-Сычевка-Гжатск-Вязьма-Белый-Оленин аумағында басталған «Марс» операциясына қатысқан қазақстандық 100 және 101 -ші дербес ұлттық атқыштар бригадасы жауынгерлері туралы айтылған. екі бригаданың жорық жолымен барған ақтөбелік делегацияның Ржев қаласы, Оленин ауданындағы кездесулері қамтылғанын, майдангерлер естеліктері, ресейлік және қазакстандық өлкетанушылар, тарихшылар, іздеу отрядтары мүшелерінің деректері бар.
«Әлияның туған жеріне, туған күніне байланысты да түрлі деректер айтылды. Батырды бәрі де өзіне тартады. Біреулер Әлияны Темірде туған деді. Жазушы Құрал Тоқмырзин Ойылда туған деп жазды. Асанғали Шымбаев Ақтөбеде «Овражныйда туған деп куәлік көрсетті. Қобдада туған деп Қобдадан бір адам шыққан жоқ. Қай жерде туғаны туралы іздестірдім. Жекен Жұмаханов деген жазушы Қобда бойында туған деді. А.Нұрмаханова Қобдада туған деп жазған. Соны алдым. Қобдада туған деп. Батыр қыздың туған күнін бірі 22 сәуір десе, енді бірі 29 қазанда деп жүрді.
Содан мен көз көргендермен, біледі деген жандармен сөйлесіп, дерек жинап жүріп, екі кемпір таптым. Біреуі кіндік шешесі. Ол «Әлия туғанда көрші болдық. Жаулығымның жартысын кесіп, кесе тары салып апарғанмын» деді. Екіншісі Балапаш деген «мен Әлия туған кезде күйеуге шығып жатыр едім» деді. Балапаш деген 84 жасқа келіп қайтыс болды. «Қай айда?» дегенде «шөп шауып жатырғанда» деді. Алматыда шыққан ескі энциклопедияда туған күні 1925 жылы 24 октябрь деп жазылған.
Іздестіріп қарасам, туған күнді белгілеудің ережесі бар екен. Егер 1925 жылы туғандар айын білмесе алтыншы айдың 15-ін қояды екен. Барлығын баяндап Министрлікке жаздым. Министрлік бекітті. 2-3 жыл осыларды жүйеге келтірумен айналыстым. Әлия Молдағұлова Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Бұлақ ауылында Сарқұлов Нұрмұхаммед және Молдағұлова Маржанның отбасында 1925 жылдың 15 маусымында дүниеге келген. Осы деректердің бәрі газетте бар».
Әлия Молдағұлованың суретіне байланысты айтар болсақ Әлияның өмірі мен ерлігін зерттеуші Ғалымжан Байдербес “батырдың соғыс жылдарында түсірілген жалғыз ғана суреті бар” дейді. Оның өзі фотосурет емес. Оны 1944 жылдың 13 қаңтарында лейтенантГрищенкоесімді қаруласы қарындашпен салған. Ертесіне Әлия опат болады. Жалғыз ғана сурет. Оның өзі фотосурет емес. Қарындашпен салынған. Сол сурет Әлияға өте ұқсайды. Басқа көріп жүрген суреттер - образды суреттер", - дейді Ғалымжан Байдербес.
Ғалымжан Байдербес Ақтөбе медицина колледжінде М.Мәметова атындағы музей ашты, қазір жұмыс істеп тұр. Музей экспозицияларына құнды экспонаттар қойылған. Колледж студенттері оқу орнына келген қонақтарды музеймен таныстырып, экскурсиялар жүргізеді. Музей Мәскеу, Санкт-Петербург музейлеріне экспонаттар беріп, байланысып тұрады. Ақтөбе медицина колледжіне, Ақтөбе көшелерінің біріне, аялдамаға қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың атын алып беруге үлкен еңбек сіңірді. «Бірде бір жерде отырғанда бір ақсақал маған «Сен осы Мәншүкті зерттеп жүрсің ғой. 1968 жылы Мәметова атындағы көше қалалық атқару комитетінің шешіміне сәйкес Цветочная деп өзгеріп кеткен. Содан соң 1991 жылы негізсіз алып тастап Набережное деп аталған» деді. 2006 жылы бұрынғы көше атауын қалпына келтіріп, қазіргі кезде көше қайтадан Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметованың атымен аталады. Бұл да Ғалымжан ағаның тынымсыз еңбегінің жемісі.
Кеңес Одағының Батырлары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың ерлік жолдарын зерттеп, ұрпаққа ұлағаттап жүрген Ғалымжан Байдербес қазақтың қаһарман қыздарының батырлығын халықтың жадында жаңғыртып отыру бағытында көп шаруа тындырды.
“Қос шынар” Әлия-Мәншүк қоғамдық қорының төрағасы Ғалымжан Байдербес ҚР Білім беру ісінің үздігі, ҚР Туризм және Спорт Министрлігі Құрмет грамотасымен марапатталған (2006ж.). «Құрмет» орденінің иегері, «Ақтөбе облысының Құрметті азаматы», Ақтөбе облысының жыл адамы” атанды (2003ж.). Ақтөбе педагогикалық институтының Құрметті профессоры,“Еңбектегі ерлігі үшін” (1982 ж.,) “Шапағат” (2003ж.), ҚР Конституциясының 10 жылдығы, Тәуелсіздіктің 10, 20 жылдығы, Бауыржан Момышұлы медальдарымен марапатталған.
Ғалымжан Байдербес қырық бес жыл ғұмырын Әлияның өмірін зерттеуге арнаса, Мәншүк Мәметованы зерттегеніне 20 жыл болды. Он жеті кітаптың авторы. 2020 жылы 85 жасқа келгенше Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың мемориалдық музейінде аға ғылыми қызметкер болып қызмет атқарды. Күні бүгінге дейін зерттеу жұмыстарын әлі де жалғастырып келеді.
Әлия мен Мәншүктің ерлік істерін халыққа жеткізу, олардың ерлік рухын жас өскіннің бойына дарыта беру мақсатында үнемі кездесулер ұйымдастырып өткізіп отырады. «Биыл қырық бесінші жыл жастарды Әлия ескерткішіне әкеліп, кездесу өткізіп жүргеніме» дейді Ғалымжан аға. Ол жастарға патриоттық тәрбие беруде өзіндік жолын қалыптастырып, азаматтар мен жастарды патриотизм рухында тәрбиелеуге күш – жігерін аямай жұмсап келеді.
Ғалымжан Ермағанбетұлы сияқты жандар барда Әлия мен Мәншүктің ерлік жолдары мен намыстан жаратылған өр тұлғалары халқымыздың зердесінен еш уақытта өшпейді.
Алмагүл САРЫБАЙ, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі