Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі, дәстүрлі ән, күй, жыр кештерін дәстүрлі түрде өткізіп отырады. Мақсат: Ұлт руханиятының – ұлттық өнеріміз арқылы жаңғырып отыруына атсалысу.
Кеш иесі Нұржан Қабимолдаұлы Жанпейісов – ҚР Мәдениет қайраткері, Республикалық және Халықаралық байқаулардың лауреаты, Жетісу өңірінің әншілік дәстүріндегі «Дәнеш мектебін» жалғастырушы. 1973 жылы 19 сәуірде Алматы облысы, Панфилов ауданы, Сұптай ауылында дүниеге келген.
1990-1995 жылдары Талдықорған қаласында І.Жансүгіров атындағы Жетісу Мемлекеттік университетінде Қазақстанның халық әртісі, әйгілі әнші, ұстаз Дәнеш Рақышевтың класында оқыған. 2000-2005 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының халық әні кафедрасын тәмәмдаған. 2000 жылы Астана қаласында өткен «Шабыт» Халықаралық жастар фестивалінің лауреаты. 2002 жылы Астана қаласында өткен Әміре Қашаубаев атындағы республикалық әншілер байқауының Гран-при иегері.
Нұржан Жанпейісов дәстүрлі ән өнерінің бүгінгі таңдағы маңдай алды әншілерінің бірі де бірегейі. Жетісудың дүлдүл әншісі, халық әнінің ақберені атанған Дәнеш Рақышевтің шәкірті.
Әншінің лекция-концерті – жоғары деңгейде өтті. Кешті ҚР мәдениет қайраткері, күйші Мұрат Әбуғазы жүргізді. Концерттің қадірлі көрермендері қатарында жазушы Бексұлтан Нұржекеев, ақын Асқар Оразақын, өнер адамдары қатарынан ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Рамазан Стамғазиев, Ұлжан Байбосынова, Еркін Шүкіман, Ардақ Исатаева және Шолпан Даржанова, Талғат Әбуғазы сынды әнші-өнерпаздар табылды.
Концертте қазақтың маңдайына біткен қос әнші-композитор Әсет Найманбайұлы мен Дәнеш Рақышевтің, Нұржанның репертуарынан орын алған әндері орындалып, көпшіліктің ерекше ықылас қошеметіне бөленді. Олардың қатарында Әсет Найманбайұлының «Қоңырқаз», «Қаракөз», «Ахау жалған», Дәнеш Рақышевтің әндері мен орындауындағы «Туған ел», «Аққулар қош болыңдар», «Ақмаралым», «Жайқоңыр», «Угай-ай», «Аңшының әні», сонымен қатар, Әсет Найманбайұлының «Адам жас туралы» әсерлі термесі мен «Өттің дүние-ай немесе Әсеттің қоштасуы» атты әндері де орындалды. Әндер өзінің шығу тарихымен баяндалып жеткізілгендіктен, көрермен халық үшін, естен кетпес, рухани әсерлі кеш болды.
Бақытжан ҚАЛНИЯЗ,
Ықылас атындағы халық музыкалық
аспаптар музейінің ғылым бөлімінің
аға ғылыми қызметкері.