Анонс


Ақтөбе облыстық музейі Қазақ КСР-нің жаңа Конституциясын бекіткен тұлғаны еске алды

Сәрсенбі, 04 Қаңтар 2017 16:10
Ақтөбе облыстық музейі Қазақ КСР-нің жаңа Конституциясын бекіткен тұлғаны еске алды KAZMUSEUM.KZ -  

Ақтөбе облысының әкімдігі мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетімен бірлесе облыстық тарихи-өлкетану музейі  көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Желдірбайұлы Құлымбетовтың туғанына 125 жыл толуына арналған «Ұзақбай Құлымбетов және Қазақстанның мемлекеттілігі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Конференцияда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Құлымбетовтың өмірі мен қызметін саралау негізінде тәуелсіз Қазақстан келбетінің қалыптасуындағы ұрпақтар жалғастығы  мен тарихи сабақтастығы айтылды. Сонымен қатар Қазақстан ғылымы мен тарихи тұлғалардың ролі мен мәнінің өтпелі еместігі және қазіргі кезеңдегі Қазақстандағы және дүниежүзінде болып жатқан әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси үрдістермен байланысы атап өтілді.

Ұ.Құлымбетов 1891 жылы Ақтөбе облысы Ырғыз уезінің Аманкөл болысында орта шаруа отбасында дүниеге келген. Ұ.Құлымбетов Қазақстанның саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени жағынан дамуына зор үлесін тигізді. Республикадағы өнеркәсіптің және ауыл шаруашылығының қалыптасуына, Түрксіб теміржол құрылысының салынуына, Қазақ жеріндегі алтын кеніштерін қазақ еліне қайтаруға араласты, Қызылорда, Алматы қалаларының астана болып қалыптасуына және абаттануына тікелей басшылық жасады. Ұ.Құлымбетов Қазақ КСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болған тұста Қазақ Автономиялық Республикасы Одақтық Республика мәртебесін алды. Қазақ КСР-нің жаңа Конституциясын бекітті.

Іс-шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыс әкімінің орынбасары Асқар Шериязданов, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасыныңбасшысы Қанат Айтбаев, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, т.ғ.д. Хангелді Әбжанов, т.ғ.д. Светлана Смағұлова, философия ғылымдарының докторлары Амангелді Айталы, Алтай Тайжанов, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры Аманқос Мектеп секілдіреспубликаға танымал тарихшы-ғалымдар, Т.Жүргеновтың, Ұ.Құлымбетовтың ұрпақтары, туыстары Мариям Бектұрғанова, Сұңқар Қарабалин, Орынша Қарабалина,  Ұ.Құлымбетовтың ұрпақтарына қамқор болған Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова және жергілікті зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Ұзақбай Құлымбетов және Қазақстанның мемлекеттілігі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда    Ұзақбай Құлымбетов есімін ұлықтау мақсатындағы шараларды қолға алу жөнінде баса айтылды.

 Ақтөбенің «Nobel» баспаханасынан Ұзақбай Құлымбетовтің туғанына 125 жыл толуына орай «Ұзақбай Құлымбетов: естеліктер, зерттеулер, мақалалар және ғұмырнамалық хикаят» деген атпен жинақ жарық көрді. Жинақты бар өмірін халқына қалтқысыз қызмет еткен белгілі тұлғаның қызы, белгілі педагог Орынша Қарабалина-Қазыбаева мен өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай құрастырған. Жинақ екі бөлімнен тұрады. Туындының бірінші бөліміне Ұзақбай Құлымбетовтің өз қаламынан шыққан 1920-30 жылдардағы мақалалары мен өмірбаяны, көзін көрген кейбір замандастары мен ұрпағы Кабира Қарабалинаның естеліктері, сондай-ақ Ұ.Құлымбетовтің тұлғасын зерттеп жүрген ғалымдар мен өлкетанушылардың зерттеулері мен мақалалары топтастырылған. Екінші бөлімде Ұ.Құлымбетовтің қызы, белгілі педагог Орынша Қарабалина-Қазыбаеваның бастан кешірген қиындықтары, босқынға ұшыраған ұрпақтың тағдыры арқылы бүкіл қазақ ұлтының басына түскен нәубет, өмірлік мұраттарға адалдық жайы, ғұмырнамалық хикаят түрінде шынайы баяндалады, - делінген алғысөзінде.  

Бұл жинақ арқылы жастар елін шексіз сүйген, қазақ халқының болашағы үшін күрескен тұлғаның өмір жолымен, тарихта қалдырған ерлік істерімен кеңінен таныса алады.

Бүгінгі жас ұрпақтың арасында Ұзақбай Құлымбетовтің кім екенін білмейтіндері де бар. Сондықтан оның есімін ұлықтау мақсатында конференцияға қатысқан Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Ырғызда Ұзақбай Құлымбетовке мектеп аты берілетіндігін, ал оның сүйегі жатқан жерге белгінің қойылуын, деректі фильм түсіру ісінің қолға алатындығын, баспаға әзірленіп жатқан кітаптарына қолда бар еңбектерінің енгізілуін де қадағалайтындықтарын айтты. Ол «тарихты мәнді ететін — өз елін шексіз сүйіп, халқына қалтқысыз қызмет еткен Құлымбетов сынды тұлғалар екенін естен шығармау керек» деді.

Жақында ғана өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай Қазақстанның көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Ұзақбай Желдірбайұлы Құлымбетов туралы документальді фильм түсіруге дайындық жұмыстары жүріп жатырғандығын айтты.

Осындай жұмыстардың алдағы уақытта Ұзақбай Құлымбетовтің халқы үшін еткен ерен еңбегін, қайраткерлік тұлғасын жастарға үлгі етуде маңызы зор болмақ.

 

Алмагүл Сарыбай,

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі

3192 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper