Жиынға «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Ж.Әубәкір, Түркістан қаласының әкімі Ә.Шәріпбекұлы, мәслихат хатшысы Ә.Амантайұлы, баба ұрпақтары белгілі қоғам қайраткері «Құрмет» орденінің иегері С.Дүйсебеков, мед.ғ.д. Оңтүстік Қазақстан фармацевтика академиясының профессоры Қ.Сақыпбаев, Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры, ф.ғ.д. М.Хамзин, ұрпағы Т.Оңайбекұлы, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының қызметкерлері, БАҚ өкілдері және алыс жақын өңірлерден келген Байдәулет Құдайберліұлының ұрпақтары қатысты.
Ел билеген хандарымыз, елді жаудан қорғаған батырлар, ел мен елді жарастырып, ауызбіршілікті нығайтып отырған билер мен игі жақсылар өздерін көзі тірісінде Ұлы бабаның қасына әкеліп жерлеуді өсиет еткен. Солардың бірі – Сарыарқаны жайлаған қалың Арғын-Қаракесектің Тоқсанынан тарайтын Жиенкелдінің ұлы Құдайберлі баласы-Байдәулет. Ол - ХVII-ХVІІІ ғасырларда ғұмыр кешіп, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған заманның, жоңғар шапқыншылығының куәгері.
Жиын соңында Байдәулет Құдайберліұлы ұрпақтарының ұйымдастыруымен құрбандық шалынып, баба рухына арнап көпшілікке ас берілді.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы әкімшілігі атынан «Құдайберліұлы Байдәулет баба» атты кітапша таратылды.