Анонс


Шығыс Қазақстан өнер музейінде Г.Пуссептің кеші өтті

Сәрсенбі, 16 Желтоқсан 2015 02:12
Шығыс Қазақстан өнер музейінде Г.Пуссептің кеші өтті KAZMUSEUM.KZ -  

Шығыс Қазақстан өнер музейінде филолог, журналист, ақын Геннадий Пуссептің туғанына 70 жыл толуына арналған мерейтойлық кеш болып өтті. Ол кешке мерейтой иесінің достары – ақындар мен жазушылар,  Предгорноедан арнайы келген «Товарки» фольклорлық тобы, Семей қаласының «Иртыс тоңнары» татар халық хорының жетекшісі Г.Ахунжанов және ақын өлеңдеріне жазылған әндерді орындаушы басқа да өнер иелері қатысты.  

1945 жылғы 14-желтоқсанда Өскемен қаласында дүниеге келген Геннадий Николаевич Пуссеп орта мектепті бітірген жылы медицина институтына оқуға түседі. Бірақ бұл өзінің жолы емес екенін түсініп, оқуын тастайды. Осы сәттен бастап, өз мамандығын іздеудің біршама күрделі кезеңі басталады. Темір-бетон конструкцияларын шығару заводында жұмыс істеп, жұмысшы мамандығын игерген кезде жас жігіт құрылыс-жол институтына оқуға түсуге шешім қабылдайды. Алайда бірінші курсты бітірген соң, құжаттарын қайтадан алып алады. Одан соң музыка училищесінде бағын сынап, одан да кетеді...

Жиналған қауымға мерейтой иесінің балалық, жастық шағы, шығармашылығы туралы мерейтой иесінің достары, режиссер Анатолий Лаптев, жазушы Борис Щербаков, журналист Андрей Кратенко қызғылықты әңгімелеп берді.

Тек 1967 жылы ғана Геннадий педагогика институтының филология факультетіне оқуға түсіп, 1971 жылы оны ойдағыдай бітіріп шығады. Өзінің еңбек жолындағы  бала кезден арман еткен облыстық  телевидениеде он жыл диктор болғандығын, 2003 - 2008 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан өнер мұражайында әдеби-музыка бөлімінің меңгерушісі болып, осындағы «Мир искусства» газетінің редакторы болғандығын мақтан етеді.

Өзін еңбектің сан саласында сынап көрумен қатар, Геннадий Николаевичтің шығармашылық жолы да қалыптасып, нығая түсті. Өлең жазуды ертерек бастағанымен, мерейтой иесі өзінің шығармашылық жолының студенттік «Озон» театрынан басталғанын айтады. 1967 жылы оның  «Эскизы» атты алғашқы жыр жинағы жарық көрді. Бүгінгі күнге дейін қала мен облыстың танымал адамдары туралы жазған жүзден аса авторлық очерктері жарияланды. 12 поэзиялық, 4 прозалық жинағы жарық көрді. Біздің және ресейлік авторлардың  алпыстан аса кітаптарына редакторлық жасап, жарыққа шығуына жол салып берді. Дикторлық біліктілігі болғандықтан түрлі студияларда, түрлі режиссерлар түсірген елуге жуық деректі фильмді дыбыстандырды.

Ақын Семейдің, Риддердің, Зырянның әдебиетшілерімен тығыз шығармашылық қарым-қатынаста. Қазір қалалық орталық кітапханалар жүйесіндегі өлкетану орталығы жанында «Изумрудный Алтай» сериясын редакциялайды. Көптеген облыстық және қалалық байқаулар жүлделерінің иегері және дипломанты. 2005 жылдан қазірге дейін - Өскемен қаласы Құрметті азаматтарының «Мой город» қоғамдық қорының директоры.

Дарынының жан-жақты болуына қарамастан, оның ең басты құмарлығы поэзия болып қалуда. «Поэзияға әдемі адамдар құмар келеді» дейді Геннадий Пуссеп. Оған әдемілікті, қоршаған ортадағы үйлесімділікті көре білуді, өз бойындағы поэтикалық образды әлпештей отырып, содан бақыт табуды тағдырдың өзі сый қылып ұсынған!   

Кеш барысында ақынды Өскемен қалалық мәслихатының хатшысы Владимир Головатюк құттықтады. ҚАЕУ ректоры, академик Ережеп Мәмбетқазиев құттықтап, мерейтой иесіне ҚАЕУ Құрметті профессоры атағының дипломын тапсырды. Ақын, «Звено Алтая» әдеби бірлестігінің жетекшісі Наталья Матвеева салтанатты жағдайда Геннадий Пуссепке Ресей Жазушылар одағының мшелігіне қабылданғаны туралы куәлігін тапсырды. Мерейтой иесін, сондай-ақ Риддер қаласының әдебиетшілері, кезінде өзі он бес жылдай қызмет істеген ТМК өкілдері де құттықтап, мықты денсаулық, шығармашылық табыстар тіледі.

 

Айтмұхамбет Қасымов, ШҚ өнер музейінің қызметкері 

3109 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper