Анонс


Атырау музейінің қоры ерекше жәдігермен толықты

Сейсенбі, 15 Маусым 2021 01:49
Атырау музейінің қоры ерекше жәдігермен толықты KAZMUSEUM.KZ -  

Биыл музей қоры Мысырды 17 жыл бойы билеген Сұлтан Бейбарыс бабамызға қатысты ерекше жәдігермен толықты. Жәдігерді  тарих зерттеушісі  Ахмет Аққали мен «Атырау» телеарнасының ұжымы «Каспийден кеткен қыпшақтар» атты деректі фильмін түсіру барысында Мысыр Республикасына  жасаған іс сапары барысында арнайы алып келген. Египетке жасаған сапар барысында олар мәмлүктер мемлекетін үлкен державаға айналдырған батыр бабаның өз қолымен салдырған  мешітінің тарихымен танысып та келген көрінеді.  

«Ақпан айында облыстық телеарнамен бірге Мысыр Республикасының астанасы Каир қаласына іссапарда болғанбыз. Каир қаласындағы ең ежелгі және ең ірі мешіттердің бірі ол өзіміздің бабамыз Сұлтан Бейбарыс салдырған мешіт екен. Ол мешіт сол кезеңнің өзінде Каирдағы ағартушылық, былайша айтқанда білім, ғылым, дінге негіз болған мешіттердің бірі екен. Кезінде Египетті Француздар жаулап алған кезеңде мешітті атқораға айналдырып, талқандаған көрінеді. 90-жылдардың басында Мысыр еліне жасаған алғашқы сапарында «Бейбарыс» мешіттің қал-ахуалымен танысқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  2007 жылы Египет пен Қазақстан арасында Халықаралық келісім негізінде мешітті қайта қалпына келтіру жұмыстары туралы шешімге қол қойған болатын. Біз Мысыр еліне жасаған сапарымыз барысында мешітті қайта қалпына келтіру жұмыстарының қарқынды және жөндеу жұмыстары Франция архивінен алынған мешіттің тұпнұсқа суреттері негізінде дәл бұрынғы үлгісімен жүргізіліп жатырғандығының куәсі болдық. Ал біздің музейге тапсырып отырған бұл іргетас сол Сұлтан Бейбарыстың кезінде өзі салдырған мешіттің бөлігі. Біздің бұл іргетасты Египеттен арнайы әкелу себебіміз Бейбарыс бабамыздан қалған мұра ретінде облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсыру болды» – дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Ахмет Аққали Қабижанұлы.

Сұлтан Бейбарыс мешіті Мысырдағы ең танымал мешіттердің бірі. Сол дәуірдің озық үлгісіндегі бұл мешітті Сұлтан Бейбарыс 1267 жылы салдырған. Каирдің Әл-Кәһира қаласының солтүстігіндегі ескі қорғанынан тыс жерде ең алғашқы болып бой көтерген бұл ғимаратты салуда сол заманның озық құрылыс тәсілдері мен құралдары қолданылған. Мешіт аумағы 10 мың шаршы метр жерді алып жатыр, тас қабырғаларының биіктігі-11 метр. Салынғанына сегіз ғасыр өтсе де мешіт әлі күнге дейін сол күйі сақталған көрінеді.

 Музей қорында бұған дейін Сұлтан Бейбарысқа қатысты жәдігерлер топтамасында оның кәбірінен алынған тас бөлшегі мен қолмен жазылған жазуы бар қабір ішіндегі бір бет парақша, екі жағында арабша жазуы бар алтын монета, мельхиордан жасалған гүлдермен әшекейленген қобдиша және заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Құл-Мұхаммед Мұхтар Абрарұлының Египетке барған іс-сапарында Сұлтан Бейбарыстың қабірінде түскен фотосуреттері болған болатын. Сұлтан Бейбарысқа қатысты экспозицияны толықтыратын тағы бір ерекеше жәдігерлердің бірі Солтүстік - африкалық үлгіде жасалған  мамлүктердің күмістелген тапаншасы. Тапанша Иманғали Тасмағамбетовке премьер-министр болып тұрған кезінде Каирге барған сапарында сыйға берілген. Кейін елге келгеннен кейін мемлекет және қоғам қайраткері И.Тасмағамбетовке тапаншаны Алматыдағы  ғылыми-зерттеу лабораториясынан жөндеуден  өткізіп, 2003 жылы музейге табыс етеді.

Атырау облысы тарихи өлкетану музейі қорындағы  бұл жәдігерлер Бейбарыс бабамыздың есімін халық жадында мәңгі жаңғыртуға негіз болары  сөзсіз.

 

Э.ИХУАНОВА, Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің өнертанушысы

3108 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper