Анонс


АҚШ ғалымдары Ұлттық музей мамандарымен біріккен жобаны жүзеге асыруға келісті Таңдаулы

Сәрсенбі, 27 Қыркүйек 2017 13:13
АҚШ ғалымдары Ұлттық музей мамандарымен біріккен жобаны жүзеге асыруға келісті KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Назарбаев Университеті мен ҚР Ұлттық музейінің бірігіп ұйымдастыруымен «Мәдени мұраларды талқылау жөніндегі Чикаго университеті ғалымдарының Ұлттық музейге сапары» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.  

 Шараға АҚШ-тағы Чикаго Университеті Шығыс Институтының Мәдени мұра жөніндегі Ректордың Бас Кеңесшісі Гил Стейн, Тарих және Таяу Шығыс оқуларының Профессоры Джон Вудс, Түрік тілдерінің профессоры Каган Арик, Антропология ғылымдарының профессоры Расл Занка сынды ғалымдар қатысты. Сонымен қатар, Назарбаев Университеті Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің деканы Дэниел Пью мен Джон Вудстың Докторлық дәрежеде оқып жатқан студенті Мик Бечтел де осы ғалымдар қатарында болды. Ал, Ұлттық музей тарапынан дөңгелек үстелге ҚР ҰҒА мүшесі, т.ғ.д., профессор Оразақ Смағұл мен «Халық қазынасы» институтының жетекшісі Ақан Оңғар және музей қызметкерлері қатысты.

Дөңгелек үстел екі тараптың мүдделері мен Мәдени мұра жөніндегі ойлары арқылы өрбіп, болашақта бірлесе жұмыс жасайтын тақырыптар талқыға түсті.

 «Халық қазынасы» институтының жетекшісі Ақан Оңғар:

«Біз үшін, музейдегі жәдігерлерге қарағанда, даладағы тарихи-мәдени ескерткіштерімізді қорғауымыздың маңызы жоғары. Олардың барлығын құжаттандырып, сапалық деңгейін қадағалап отыру – бірінші кезектегі жұмыс болса, елімізден белгілі-бір жағдайларға байланысты шет елге асып кеткен жәдігерлерімізді құжаттау мен олардың үш өлшемді суреттерін халқымызға әкеліп таныстыру – екінші кезекті мақсатымыз болып отыр. Сіздермен біріге жұмыс жасауымыздың басты екі бағыты осы болмақ», - деп бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарын атады.

Чикаго Университеті Мәдени мұра жөніндегі Ректорының Бас Кеңесшісі Гил Стейн:

«Біз сіздердің меймандостық қабылдауларыңызға шын көңілден ризамыз. Ұсынып отырған екі басты мақсаттарыңызда да сіздермен бірге жұмыс жасауға мүмкіндігіміз де, қызығушылығымыз да жоғары. Егерде, екі ел арасындағы келісімдер оң нәтиже берер болса, 2018 жылдың жаз айларында біз Қазақстанға келіп, сіздермен біріккен жобалар бастауға дайынбыз. Өйткені, қазақ елінің ғалымдарымен біріге жұмыс істеу – біз үшін де үлкен тәжірибе болмақ», - деп қазақ ғалымдарының ұсынысын қабылдайтынын баса айтты.

 Аталмыш ғалымдар Қазақстанның тарихы мен археологиялық қазбаларына байланысты мәселелерге үлкен қызығушылық танытып отыр. АҚШ-тағы Чикаго Университеті археология мен тарих ғылымдары бойынша алдыңғы қатарлы университеттердің бірі болып табылады. Сонымен қатар, ғалымдар құрамындағы Доктор Гил Стейн Оңтүстік және Орталық Азия оқулары бойынша өте ауқымды тәжірибеге ие.

Ұлттық музейдегі АҚШ пен Қазақстан ғалымдарының арасындағы дөңгелек үстел осылай аяқталды. Бір ұлттың мәдениеті – әлемдік мәдениеттің бір бөлігі. Дөңгелек үстелдегі ғалымдардың негізгі ойлары да осы түсініктің аясына келіп тоғысты. 

13621 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper