Анонс


«Музейдегі түн» фильмі музей әлеміне қалай әсер етті?

Дүйсенбі, 21 Қыркүйек 2015 13:52
«Музейдегі түн» фильмі музей әлеміне қалай әсер етті? KAZMUSEUM.KZ -  

Музей тақырыбы қалай насихатталып жатыр? Түрлі халықаралық форумдарда, түрлі жиындарда осы мәселе сөз болады. Барлығы өз ойын айтып, музей тек жәдігерлерді сақтаушы орын ғана емес, халықтың көңілін көтеріп, назарын аударатын, танымын кеңейтіп, ерекше әсер сыйлайтын да міндетті қатар алуы керек дейді.

Жақында Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің директоры Гүлмира Шалабаева сұхбат беріп, «Музейді сәнді орынға (модный) айналдыру керек. Өйткені, музейге келушілердің алдында «барсам ба екен, бармасам ба екен? Қандай қызық болуы мүмкін?» деген екіұдай сезім болмауы тиіс» деген пікір білдірген еді.

Қазір музей саласы да әр тақырыпқа бейімделіп, өз алдына дамып келе жатыр. Тек қана жәдігерден ғана тұрмай, техниканың жетістігін мейлінше пайдаланып жатыр. Музей тақырыбын кең көлемде жариялап, музейге келушілердің санын анағұрлым арттырған «Музейдегі түн» фильмі (Night at the Museum) болғаны жасырын емес.

Бұл фильм 2006 жылы көрерменге жол тартты. Милан Тренктың романы бойынша түсірілген фильмнің бюджеті 110 млн. $, ал табысы 574 480 841 $-ды құрады. Демек, бұл фильм 5 есе табыс әкеп, музей тақырыбын мейлінше кеңінен насихаттады деуге болады.

«Музейдегі түн»

«Ночь в музее»

«Night at the Museum»

(2006 жыл, АҚШ)

Жанры: комедия, фантастика

Режиссер: Шон Леви

Ұзақтығы: 108 минут

Басты рөлдерде: Бен Стиллер, Джэйк Черри, Карла Гуджино, Робин Уильямс, Стив Куган, Оуэн Уилсон

Фильмнің басты қаһарманы – Лэрри Дэйли есімді қарапайым азамат. Ол жұмыссыз жүре берсе баласын көру құқығынан айрылуы мүмкін еді. Нәтижесінде Американың шынайы тарихы музейіне күзетші боп жұмысқа кірді. Егер жұмыссыздығы жалғаса берсе, бір пәтерден екінші пәтерге көшіп, ақшасын уақытында төлей алмаса, «мұндай әке балаға қалай үлгі болады?» деген оймен баласын көруден айырған заң емес, әйелі еді. Міне, осындай қиындықтан құтылу үшін еш ойланбастан күзетші қызметіне кірісіп те кетті.

Күзетші болған соң, күні-түні музей ғимаратында болады. Ол алғашқы түні-ақ музейдегі экспонаттарға кеш батса-ақ жан бітетінін көрді. Үлкен дәлізге көрмеге қойылған арыстандар мен маймылдар, азаматтық соғысқа қатысқан құрбандар, Аттила әскерімен шықты. Тираннозавр қаңқаларына жан бітіп, ежелгі адамдар от жақты. Бұл тылсымның барлығы Мысырдан әкелінген перғауындар мен мумиялар тұрған алтын пластинада екен. Лэрри Дэйли баласына үлгілі әке, музей басшыларына өзінің жауапкершілігі мол қызметкер екендігін дәлелдеу үшін ғимараттағы мына бір жағдайды реттеуге кірісті.

Бұл фильм Манхэттендегі Американың шынайы тарихы музейіне үлкен жарнама жасады. Музейге келушілердің саны бір жыл ішінде 5 млн. адамға дейін жеткен. Сондай-ақ, тек Нью-Йорктегі музейге ғана емес, әлемдегі музейлерге келушілер саны да біршама артқан. Көрерменнің сұранысына орай 2013 жылы «Музейдегі түн 2», 2015 жылы «Музейдегі түн 3» фильмдерімен жалғасты. Қазір әлемнің барлық елдерінде «Музей түні» шарасын өткізу қолға алынып, әсері білініп те жатыр.

 

Әзірлеген: Райхан ӘНУАРБЕК 

 

Фото: kinopoisk.ru

 

 

 

3326 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper