Анонс


Уақыт талабы: музей жұмысына тың көзқарас

Дүйсенбі, 25 Мамыр 2020 01:55
Уақыт талабы: музей жұмысына тың көзқарас KAZMUSEUM.KZ -  

Уақыт сынағы ретінде орын алып отырған төтенше жағдайда музей жұмысы тың сипат ала бастады десек те болады. Музейлер көрермендерімен қашықтан байланысқа шыға бастады және виртуалды байланыста өзін әр қырынан танытуға мүмкіндік алды, оларға «үн бітті». Бұл – уақыт талабы: олар камера «кейіпкеріне» айналды.

Музей қызметкері уақыт талабы бойынша тың ізденіс қажет екенін сезінді. Құзыреттілік дағдыларын өрістетіп, жұмыс бағыттарын заманауи мүмкіндіктер тұрғысынан қарастыру қажеттілігі туды. Енді жұмыс жүргізуде креативті шешімдер қабылданып, көрермендермен қарым‑қатынас жаңаша сипат ала бастады. Әлеуметтік желі мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану орын алды. Виртуалды экскурсия, Facebook, Instagram парақшаларын пайдалану, YouTube каналдарына материалдар жинақтау, Zoom бағдарламасын қолданып, қашықтықтан байланыс түрлерін жүзеге асыра бастады. Осы мүмкіндіктерді аз уақыт ішінде кәсіби тұрғыдан меңгеру үдесінен шыға білді. Әрине, қуантарлық жайт. Музей қызметкері цифрлы технология ерекшеліктерін екшеп, оны музей жұмысында пайдалану алгоритмдерін игерді. Әрбір жаңа қадамның берер нәтижесі,алынатын межесі бар. Ақпараттық технология мүмкіндіктерін пайдалану цифрлы технологиямен жұмыс өрісін дамытады. Цифрлы ақпарат өз кезегінде жан‑жақты шығармашылықпен, жоғары  деңгейде қызмет көрсету белсенділігін арттырады.

Өйткені  цифрлы технология:

- көрерменге ақпаратты әсерлі жеткізу құралы;

- таныстырылым материалдарын жасау құралы;

- ерекше таныстырылымдар жасау мүмкіндіктері болып табылады.

Цифрлы технологияның заманауи қандай түрлерімен таныспыз? Бұл:

  • Эксперименттік зерттеу технологиясы;
  • «Виртуалды шынайылық»технологиясы;
  •  «3D моделдеу» технологиясы;
  • Ақпараттық контент;
  • Электронды контент т.т.

Алайда қашықтан жұмыс жасау кезінде музейдің өзіндік ерекшелігін естен шығармау да қажет. Әлеуметтік институт ретінде музей бірнеше функцияны жүзеге асырады. Ол өзінің даму барысында мәдени мұраны сақтау орны, көрермендерді қабылдайтын мәдени орын ғана емес, шығармашылықпен жұмыс жасап, тың талаптар деңгейінен жауап бере алатын мәдениет құбылысы ретінде танылуда. Көрмелер ұйымдастыру, зияткерлік іс‑шаралар мен түрлі (түнгі) акцияларға белсене қатысуы, коммуникациялық қатынастың жаңа арналарын қолдануы – мәдениеттің гүлденуі мен қоғамдық, рухани құндылықтар қазынасының молаюына бастайтын қадамдар. Осындай тың ізденістер музейді мәдени мұраның маңызды да мазмұнды бөлігіне айналдыруда.

Біз, «Батыр бабалар» мемориалды музейінің қызметкерлері, бұны өз жұмысымызда күннен‑күнге сезінудеміз. Көрерменмен қарым‑қатынас жасау ізденісі өз қызметімізге шығармашылық тұрғыдан қарауды да талап етуде. Әр ойластырылған іс‑шараның мақсаты, міндеттері мен күтілетін нәтижесі туралы ұжымда талқылап, жұмыс түрлерін түрлі формада жүзеге асыруды қарастырамыз. Төтенше жағдай кезінде виртуалды экскурсия, тақырыптық көрмені тікелей эфирде таныстыру, музей экспонаттары туралы ақпараттық таныстырылым, онлайн сұхбат, онлайн конференция және тағы басқа жұмыс түрлерін қолға алдық. Бұл шараларды жүйелі түрде жүзеге асыруды жоспарлап, өткізілген шаралар бойынша талдау жұмыстарын ұйымдастырдық.

Қазақ халқының елдік тарихында ерекше орын алатын тақырып – ел қорғау ісі. Музей жұмысында біз де елдік, ерлік, қаһармандық тақырыбына басымдық береміз. Ерлік – адамзат тарихында маңызды орын алатын рухани код, мәңгіліктің мәңгілігі. Әсіресе, індеттен сақтық шараларында халықтың рухын көтеру – ерлік шежіресіне шолу жасау. Патриоттық рух беретін батырлар ерлігінің өшпес шежіресін жандандыру. Осы орайда біз «Ерлік шежіресі» айдарымен қазақ батырларына арналған виртуалды экскурсиялар топтамасын, "Жетісудың жеңімпаз батырлары"айдарымен  Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері, "Бір экспонат сыры" айдарымен музей экспонаттары туралы материалдарды виртуалды экскурсия, бейнежазба көрсетілімдер, онлайн‑таныстырылым, онлайн‑көрмелер т.б. түрлі формада әлеуметтік желі көрермендері назарына ұсынудамыз. «Ұрпаққа ұран есімдер» хабары Райымбек Түкеұлының 315 жылдық мерейтойына орай даярланса, келесі хабар Малайсары Тоқтауылұлының 320 жылдық мерейтойы аясында ұсынылмақ. Батырлардың тұлғалық портреті, қоғамдағы қайраткерлік болмысы, ерлік жолы, әскери қолбасшылық, мәмілегер елшілік қызметтері жан‑жақты қамтылады. Көрермендер қызығушылық танытып, жүрекжарды пікірлерін қалдырып, жүйелі түрде жалғастыруды сұрауда. Осы сұранысты ескере отырып топтама жобасын жасап, бекіттік.

Музей жұмысына тың леп келді, уақыттың талабына қарай өзгерістер толқыны басталды. Адамзат өркениетінің маңызды арнасы – құнды мәдени мұралармен жұмыс. Бұл бағытта қызмет көрсету ісін жоғары деңгейге көтеру – біздің азаматтық парызымыз, кәсіби маман ретіндегі басты міндетіміз.

 

Айсұлу ҚАСЫМБЕК,

«Батыр бабалар» мемориалды музейінің ғылыми қызметкері,

әлеуметтік ғылымдар магистрі

2378 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper