Меморандумның негізгі мақсаты – мәдени мұраны сақтау, зерттеу және тарату, сондай-ақ екі елдің музейлері арасындағы ғылыми және іскерлік байланысты дамыту. Қос тараптың да уағдаластық жасауға өзара мүдделілігін ескере отырып дайындалған меморандум 7 баптан тұрады. Онда ғылыми-зерттеу және мәдени-білім беру жобаларын бірлесіп әзірлеу және іске асыру, бірлескен ғылыми және ғылыми-практикалық конференцияларға, семинарлар мен симпозиумдарға қатысу және өткізу, бірлескен көрмелер, жарияланымдар ұйымдастыру төңірегіндегі мәселелер қарастырылған. Аталған меморандумға қол қою арқылы екі тарап өз қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында мамандармен алмасып, ғылыми құжаттар мен экспонаттардың, коллекциялардың көшірмесін жасап өзара байланысты нығайтуға мүмкіндік алады.
Екі ел музейлерінің басшылары маңызды деген тақырыптарды ғылыми игеруге байланысты жобаларға ерекше басымдық беруге уағдаласты. Алдағы уақытта ынтымақтастықтың өзге де бағыттары мен тақырыптар тізбегі нақтыланып екі жақты келісім бойынша толықтырылып отырады.