Музейтанушы келтірген деректерге сүйенсек, Оңтүстік Қазақстан облысындағы музейлер 1 млн. 348 мыңнан астам адамды қабылдаған. Осындай көрсеткішпен ОҚО көшбасында тұр. Айта өтейік, осы жылдың 1 қыркүйегіндегі статистикалық мәлімет бойынша облыста 2 млн. 823 мың халық тұрады.
«Музейге келушілерді қабылдау жөнінен ОҚО І орында болса, 915 мыңнан астам адамды қабылдаған Астана музейлері ІІ орынға шықты. Ал, 691 мың келушіні қабылдаған Шығыс Қазақстан облысы ІІІ орынды иеленді», - деді Н.Жолбарыс.
Оңтүстік Қазақстан облысы музейлер көп орналасқан аймақ ретінде республикада көш бастап тұр. Мәселен, елімізде ресми түрде тіркелген 231 музей болса, соның 111-і ауылдық жерде орналасқан. Оның 28-і ОҚО-да жұмыс істесе, 24-і Алматыда, 21-і Қарағанды облысында халыққа қызмет көрсетеді.
Сондай-ақ, музейтанушы Оңтүстік Қазақстан облысы ауылдық жерлердегі музейлер саны жөнінен де алғашқы үштікке кіретінін де мәлімдеді. Яғни, Алматы облысында 17 музей жұмыс істесе, Атырауда 13, ОҚО-ның шалғай аймақтарында 12 музей бар.
Айта өтейік, музейтанушы Нұрсерік Жолбарыс Қазақстанда алғаш рет интернет кеңістігінде музейлердің ақпараттық-әдістемелік алаңын құрды. Қазіргі уақытта оның ең танымал kazmuseum.kz жобасы еліміздің 110 музейімен әріптестік байланыс орнатқан.