Анонс


Атырау облысынан 2500 жылдық тарихы бар қазан табылды

Жексенбі, 11 Қазан 2015 01:41
Атырау облысынан 2500 жылдық тарихы бар қазан табылды KAZMUSEUM.KZ -  

Атырау тарихи-өлкетану музейі жаңа жәдігермен толықты. Осы жолы археологтар Индер ауданы аумағындағы Борсықты қорымынан қоладан құйылған тайқазан тапты, деп жазады «Хабар» арнасының сайты.

Мамандар  қазанның тарихын осыдан 2500 жыл бұрын Хазар теңізін мекендеген сарматтар дәуірімен байланыстырып отыр. Бұл жәдігерлер – біздің дәуірімізге дейінгі 3-5 мың жылдықтардың мұрасы. Сыйымдылығы шамамен 100 литрлік мына тайқазанның бір ерекшелігі – майысып, қабыстырлған. Мамандар қазанның бүйірінен 27 тесік тапты. «Демек, отбасының басты құндылығы саналатын дүние әдейі істен шығарылған», – дейді ғалымдар.

Табылған қазанға қатысты Ә.Марғұлан атындағы археологиялық институтының бөлім меңгерушісі Арман Бейсенов пікірін білдірді.

«Қазанның осыған дейінгі иесі қайтыс болған болуы керек. Мүмкін иесінің артынан жалғастыратын ұрпағы болмаған болуы керек деп ойлаймыз. Демек сол жанұяның әлдеқандай себептермен ұрпағы жалғаспай қалған. Борсықты қорымынан мұнан өзге 20-ға жуық көне жәдігер табылды. Оның ішінде сарматтар дәуіріне жататын иісмай құятын құты, темірден соғылған кездік пен қылыш, қайрақ тас секілді бұйымдар бар. Мамандардың назарын аударған тағы бір нәрсе мына сүйектен жасалған қасық болды», - дейді А.Бейсенов.

 Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Рашида Харипованың айтуынша табылған жәдігерлер сақ-сармат дәуіріне жатады.

«Бұрын мысалы қазандар бірен-саран табылғанымен, сүйек қасық алғаш табылып отыр. Музейдің археолог мамандарының пайымдауынша, бұл жерге әйел адам жерленген болуы мүмкін. Атырау облысында археологиялық қазба жұмыстары онан әрі жалғасуда. Бұған дейін еліміз бойынша үшінші алтын адам табылған «Аралтөбе», алтын әшекейлі әйел мүрдесі шыққан «Қорғанша» мен бес қаруы беліне байланған ханша табылған «Ақтөбе» қалаларының орны талай сырды ішіне бүгіп жатқаны анық. Сондықтан бір кездегі сарматтар мен сақтардың отаны болған өңір ғалымдардың қызығушылығын арттырып отыр», - деді Р.Харипова.

 

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев 

 

Фото: "Хабар" арнасынан скриншот. 

3223 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper