Үш күнге жоспарланған бұл алқалы жиынға Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Қазақстанның белгілі түркітанушы ғалымдары, археологиялық институттардың басшылары мен бір топ шетелдік және жергілікті БАҚ өкілдері қатысуда. Айта кету керек, Түркі дүниесі археологтарының басын қосқан айтулы шараға түркиялық «TIKA» ұйымы қолдау көрсетіп отыр.
Халықаралық экспедиция барысында биылғы зерттеу нәтижелері қорытындыланып, Түркі дүниесінің археологиясына қатысты маңызды мәселелер талқыланады. Сонымен қатар шетелдік ғылыми ұйымдармен ынтымақтастық туралы құжаттарға қол қойылады деп күтілуде. Ашық аспан астында көрме ұйымдастырылып, қатысушылар назарына биылғы археологиялық қазба жұмыстарынан табылған олжалар ұсынылмақ.
Былтыр Академия алғашқы археологиялық қазба жұмыстарын осы Алтай тауларынан бастаған еді. Өйткені Алтай таулары - түгел түркінің алтын бесігіне баланады. Бұл туралы көне түркінің «Ергенекөн» жырында айтылады. Белгілі тарихшы-археолог Зейнолла Самашевтың басшылығымен жүргізілген былтырғы қазба жұмыстары кезінде VI-VIII ғасырлар шамасында жерленген жауынгер жыраудың жатқан жері табылған болатын. Сарбазбен бірге жерленген қобыз қайта қалпына келтіріліп, Академия жанындағы Түркі музейінің құнды жәдігерлер қатарын толықтырды.