Анонс


ҚР Мемлекеттік Орталық музейі мен Ресей Эрмитажы Түркістан облысында қазба жұмыстарын жүргізді (ФОТО)

Сенбі, 12 Қазан 2024 13:21
ҚР Мемлекеттік Орталық музейі мен Ресей Эрмитажы Түркістан облысында қазба жұмыстарын жүргізді  (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі 2024 жылғы 28 қыркүйек пен 5 қазан аралығында Ресей Мемлекеттік Эрмитажымен Түркістан облысының Ақбұрын қорымында қазба жұмыстарын жүргізді.      

Экспедицияға ҚР Мемлекеттік орталық музейі Археология бөлімінің жетекшісі Набира  Төрежанова, біліктілігі жоғары санатты қор сақтаушы маман Мұхамедқали Шерғазынұлы және Эрмитаждың «Восток» бөлімінің ғылыми қызметкері Алексей Кулиш қатысты.  

Экспедиция кезінде Сырдария өзенінің ортаңғы ағысының бойында орналасқан Ақбұрын қорымындағы 300-ден аса қорған назарға алынды. Тізбектелген қорғандарды аналогиялық қорғандармен салыстырып қарап анықтағанымыздай, б.з.д. VII – ІІІ ғғ. ал, ретсіз орналасқан қорғандар б.з. I-V ғғ. мерзімделетіні белгілі болды.

Барлау жұмыстары кезінде қорғандардың бір тізбегі өзеннің суы шайып кеткен жардың үстінде орналасқан, кейбір қорғандар толық сақталмаған, жармен қосылып опырылған. Сондықтан да, тізбекте қанша қорған болғаны белгісіз, дегенмен оңтүстік бөліктегі №7 қорғанның сақталған бөлігінде зерттеу жұмыстары жүргізілді, қорғанның диаметрі - 10 м, биіктігі - 0,5 м.

Зерттеу жұмыстары барысында 500х150 м көлемді қамтитын қираған қорғандарға топографиялық жасалып, 3D модельдегі түсірілімі алынды.

Экспедиция жұмысына Мекенбай Абдиев (20.07.1956 ж. туған) есімді жергілікті тұрғын ақпарат беріп, қираған қорған топырақтарының арасынан екі ыдыс тауып алғандығын және сынған ыдыс бөлігін  тастағанын, бүтін ыдысты өзінде қалдырғанын айтты. Әңгімеселу барысында М.Абдиев ыдысты музейге сыйлады. Ыдыс шағын тостаған болып шықты. Диаметрі - 15 см, қолмен сомдап соғылған, сыртқы беті қою қызыл түсті ангобпен әрленген. Ыдыстың пішіні, жасалу техникасын ескере отырып, аналогиялық материалдармен салыстырып, б.з.д. IV-III ғасырлармен мерзімдеуге болады.

ҚР Мемлекеттік орталық музейі және Ресей Мемлекеттік Эрмитажы аталған ескерткіштерді алдағы уақытта да зерттеуді жоспарлап отыр.

 

Набира ТӨРЕЖАНОВА, ҚР МОМ Археология бөлімінің жетекшісі  

206 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper