Анонс


Елорданың ортағасырлық тарихынан... (ФОТО)

Сәрсенбі, 03 Маусым 2020 12:53
Елорданың ортағасырлық тарихынан... (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Нұр-Сұлтан қаласында «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» 2018 жылы ашылып, Бозоқ ортағасырлық қалашығын қалпына келтіру жұмыстарымен қатар, бабалар қол жеткізген мәдениет ошақтарымызды  жандандыру және дүниежүзілік қауымдастық талаптарына сай «жанды» Көне Бозоқ қалашығының археологиялық зерттеулер нәтижесіндегі ашық аспан астындағы Ұлттық паркін құру міндетін қояды. Музей кешенінің құрылысы Нұр-Сұлтан қаласының сол жағалауында, Бозоқ археологиялық ескерткіші жанында жоспарланған.

Бозоқ ортағасырлық қалашығы 1998 ж. Кемел Ақышевтың жетекшілігі негізінде Есіл стационарлы археологиялық экспедициясымен ашылып, зерттелді.

Бозоқ қалашығы – Қазақстанның далалық аймағында ауқымды зерттелген алғашқы ортағасырлық ескерткіш. Қалашықтың ашылуы мен зерттелуі Нұра-Есіл аймағын ортағасырда қандай тайпалар мен тайпалық одақтар  мекендегені мемлекет құрғаны туралы сұрақтарға жауап береді.

Зерттеу барысында Бозоқ қалашығы тұрғын үйлерден, өндіріс,  ғұрыптық құрылыстардан және жер игеру жүйесінен тұратын күрделі ескерткіш екені анықталды.

Бозоқ қалашығы ҮІІІ-ІХ ғғ. ертетүркі дәуірінде пайда болып, Х-ХІІ ғғ. Оғұз-қыпшақ қағанының әскери бекінісі болғанына археологиялық нысандар мен артефактілер дәлел. Алтын-Орда кезеңінде (ХІІІ-ХҮІ ғғ.) Бозоқ қалашығының үйінділері діни-ғұрыптық орталығына айналып, Нұра-Есіл аймағын мекендеген ақсүйектер осы жерге жерлене бастайды.

Бозоқ ескерткішінің территориясында күйдірілген кірпіштен жасалған  5 кесене ашылып, зерттелді. Кесенеледің қасында кірпіш күйдіретін  2 пеш табылды. Олар Х-ХҮ ғғ. Еуразияның барлық аймағына тән стандарттармен жасалған.

Бозоқта 70-тен астам қабір орындары қазылды, олардың ішінде 12-інде жерлеу бұйымдары қойылған. Олардың ішінде, зооморфты өрнекпен әрленген қайын қабығынан жасалған жебе қалтасы,  металл және былғары маскалары, темір жебе ұштары, темір пышақтар, темір ауыздық, үзеңгі. Табылған артефактілер жерлеу орындарын ХІІІ-ХІҮ ғғ. белгілейді, және де бұл жерлеулер  ақсүйектер жерленген бейіттер тобына жатады. 

Осындай жерлеулерінің бірі 2002 ж. табылған қару-жарағымен бірге көмілген әйелдің мүрдесі. Әйел сүйегі 1,5 м тереңдікке қойылған ағаш табытқа жатқызылған. Табыттың үсті күлгін түсті жібек матамен жабылған. Табытта басы солтүстікке қараған кейіпте бай киінген, биік бас киімі бар әйел сүйегі табылды. Оның киімі жібектен тігілген, тек ұсақ бөліктері сақталған. Басында цилиндр пішінді бас киім кигізілген, қолында күміс білезіктер, құлағында күміс сырға салынған. Жанына темір найза мен қанжар, күміс кесе, аяғында темір ауздық қойылған.

Сол кезде Есіл экспедициясына қатысқан жас археологтар қабірде көптеген інжу тастар табылғанына қарай, жерленген әйелге «Інжу» деген ат қояды. Інжу атымен бұл қабірдің ашылуы ақпараттық құралдар өкілдерінде белгілі болды.   

Әйелдің бет-бейнесі Мәскеудегі РҒА Антропология және этнология институтының Антропологиялық реконструкция лабораториясында қалпына келтірілді. Әйелдің жасы 50 шамасында болған. Монголоид бейнесінде бет-әлпеті қатал, ерлерген тән екенін байқауға болады. Әйелмен жерленген заттар жиынтығына қарағанда, ол өз заманындағы ерлермен қатар әскери істерге қатысқан. Сонымен қатар, өзінің әйелдік болмысын сақтаған. Мұны әшекей бұйымдары мен маржан тастармен безендірілген бай бас киімі дәлелдейді.

Зерттеушілер жазба және археологиялық материалдар бойынша бокка немесе боктаг деп аталатын бас киімді қалпына келтірді. Бокка бас киімін ортағасырдағы ақсүйектер әулетінен шыққан әйелдер ғана киген. Ол туралы мәлімет Г.Рубрук пен П. Карпинидің тарихи жазбаларында сақталған. Боктаг әлеуметтік белгі ретінде сәнді бас киім ғана болған жоқ. Боктагты кию әртүрлі тайпалардың әйелдерін нағыз «моңғолға» айналдыруды білдіреді - бұл беделді әлеуметтік ортамен танысудың белгісі. Боктаг Қытайдан Шығыс Еуропаға дейінгі кең кеңістікте дамып келе жатқан империялық мәдениеттің көрінетін нысандарының бірі болды.

Бозоқ қалашығының некрополінде табылған әйел қабірі, онымен бірге жерленген бұйымдар ХІІІ-ХІҮ ғғ. Есіл бойын мекендеген тайпалық одақтың, мемлекеттің тарихы мен мәдениеті туралы көп ақпарат береді.  Ең алдымен, ортағасырда әйел адамның орны жоғары деңгейде болғанын көрсетеді. Сонымен қатар, Бозоқ қалашығының некрополінде ашылған ондаған Алтын-Орда кезеңіне жататын жерлеу орындарды зерттеу арқылы ислам дінінің таралу процестерін айқындауға болады. Осыған қарағанда іргелі ислам дінінің көптеген тараптары Қазақстан территориясының далалық аймағында тәңірге сену  нанымының элементтерімен бірге қатар жүргенін көрсетеді.

 

Айнагүл ҒАНИЕВА,

тарих ғылымдарының кандидаты

 

 

 Қолданылған әдебиеттер тізімі

  1. Акишев К.А., Хабдулина М.К. Средневековое городище Бозок: семантика планиграфии и функции // Этнические взаимодействия на Южном Урале: Материалы II региональной научно-практической конференции. - Челябинск, 2004. - С.13-16.
  2. Акишев К.А., Хасенова Б.М., Мотов Ю.А. К вопросу о монгольских погребениях ХІІІ-ХІҮ вв. (на материалах некрополя Бозок) // Бозок в панораме средневековых культур Евразии // Материалы международного полевого семинара, 29-30 июля 2004 г. - Астана: ЕНУ, 2008. – С. 56-65.
  3. Акишев К.А., Хабдулина М.К. Древности Астаны. Городище Бозок.  – Астана, 2011. – 260 с.
1914 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper