АҚШ-тағы әйелдерге арналған әскери музей (United States Army women’s museum), Форт Ли, Вирджиния
Әйелдерге арналған әскери музей – әлемдегі жалғыз әрі бірегей музей болып табылады. Музейде бірнеше зал атап айтқанда «Америкалық революция», «Азаматтық соғыс», «Бірінші дүниежүзілік соғыс», «Екінші дүниежүзілік соғыс», «Вьетнам» секілді тақырыптарға арналған бөлімдер жұмыс істейді. Ең қызығы мұнда әр дәуріден сыр шертетін әйелдерге арналған бірыңғай форманы киіп көріп, ақысыз суретке түсуге болады.
Музейде танымал әйелдердің батырлық тарихымен таныса аласыздар. Мәселен, Маргарет Корбин күйеуі екеуі Манхеттанның солтүстігіндегі Форт-Вашингтонды қорғап, 1776 жылы басқыншы ағылшындарға зеңбірекпен оқ атқан.
Азаматтық соғыстың белді мүшесі Кэти Уильямс есімді батыл ару қоғамға Уильям Катэ атты ерлерге тән есіммен танылады. Оның заманында нәзікжандыларға әскерге баруға рұқсат жоқ болғандықтан ол өзін ер адам ретінде таныстырып, қатардағы жауынгердің формасын киген. Деми Мур басты рөлді сомдайтын «Джейн сарбаз» («Солдат Джейн») фильмі ешқандай да ойдан шығарылмаған картина болса керек. Осы оқиға голливуд киносына арқау болған деседі.
Германиядағы әйелдер музейі, Бонн
Тұңғыш әйелдер музейі Бонн қаласында 1981 жылы Марианна Питцен есімді суретшінің мұрындық болуымен дүниеге келген. Марианна Питцен – танымал суретші, арт-сыншы. Музейдегі өзгеше сипат алған залдар әйел қауымының өнер, бизнес, ғылым немесе ғарыш секілді түрлі салада қолтаңба қалдыруы үлкен еңбек пен табандылықты қажет ететіндігін жеткізіп тұрғандай. Музей ашылғалы 2 500 әйел қоғамда өз орынын табу мақсатында музей көмегіне жүгінген. Музей залында балалар студиясы жұмыс жасайды. Жас таланттарға қылқалам, бояу, грифелмен сурет салуды үйретіп, картиналар мен шляпалар сонда й-ақ ерекше бижутерия сататын арт-дүкенді қалай ашу керектігіне кеңес береді. Бұдан өзге музейде дәрістер өтеді, киносеанс пен шығармашылық кештер өтіп тұрады.
Әйелдердің өнеріне арналған ұлттық музей, Вашингтон, АҚШ
«Замануи өнер саласында суретшілердің үш пайызы – әйелдерден құралған, сонымен қатар бүгінгі суретшілердің еңбектеріндегі жалаңаш бейне салынған картиналарының 83 пайызын тағы әйелдердің еңбегі құрайды. Неге бұлай деген?», – сауалды Вашингтондағы Әйелдердің өнеріне арналған ұлттық музей жетекшілері қояды. Өнер – қоғамның айнасы. Тіпті батыс демократиялық қоғамында әйелдерге қоғамнан өз орынын табу оңайға соқпайды.
Музейдің ғимараты үш қабаттан тұрады. Вашингтон қаласының дәл ортасында орын тепкен музей шығармашылықтағы гендерлік әділетсіздікпен күрес ескерткіші іспетті ғимарат. Онда 4000 шығармашылық жұмыс қойылған. Олардың арасында картиналар мен мүсіндер, инсталляциялар бар. «16-17 ғасырдың өнері» залын араласаңыз сол заманның Клара Питерс, Юдит Лейстер секілді танымал суретшілерінің еңбектерімен танысуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ «20 ғасыр өнері», «Замануи өнер туындылары» секілді залдар жұмыс істейді. Музей қызметкерлерінің мақсаты – әйелдер қауымының замануи өнер саласына өлшеусіз еңбек қосқандығын дәлелдеу. Биыл музей 34 жылдығын атап өтеді.
Халықаралық авиация және ғарыш музейі, Кливленд, АҚШ
Музей Кливленд қаласындағы Бурк-Лэйкфронд әуежайында орналасқан. Халықаралық деп аталғанымен музейдегі экспонаттардың көпшілігі жергілікті авиаторлар мен ғарышкерлерге тән.
Амалия Эрхарт – феминистік қозғалыстың кумирі және Атлант мұхиты үстінен ұшып өткен тұңғыш әйел.
Салли Райд – тұңғыш америкалық ғарышкер әйел. Ол 1982 жылы ғарышқа сапар шеккен.
Вьетнам әйелдер музейі
Вьетнам әйелдер музейінің концепциясын түсіну қиын. Мәселен, мұражайдағы бір пышақтың тарихына тоқталсақ, вьетнамның патриот аруы аталмыш пышақпен 200 америкалық басқыншының көзін жойыпты. Мұндағы дала саудасына арналған көрме залында Ханояның көшелерінде азық-түлік сататын әйелдердің суреттері қойылған. Ал, махаббат тақырыбына арналған хаттар көрмесі залындағы сөрелерде әйелдердің соғысқа аттанған күйеулеріне деген сезімдерін жеткізіп жазған хаттары орналасқан.
Даниядағы әйелдер музейі
Орхус шаһарында 1857 жылы негізі қаланған ғимараттың тарихы тереңде. Тарихи деректерге сүйенсек, 1941 жылдан бастап 1984 жылға дейін мекемеде полиция жасағы болған екен. 1984 жылы ғимарат әйелдер музейі деп аталып, нәзікжандылар тақырыбына арналған экспозициялар қойылыпты. Жыл сайын музейді 42 000 турист тамашалайды. Музейдің танымалдылығының артқаны соншалық 1991 жылы ұлттық музей деген атақ берілген. Музейде скандинавиялық әйелдердің тарихымен тереңірек танысуға болады. Сол әйелдердің сән әлемі, мәдениеті, психологиясын жеткізетін құнды жәдігерлер сақталған. Сонымен қатар музейде уақытша көрмелер жиі өткізіліп тұрады.
Алматы облысында айрықша музей бар
Қазақстанда да «Анаға құрмет» атты әйелдерге арналған музей жұмыс істейді екен. Алматы облысы Қарасай ауданында ашылған айрықша музейдің Қазақстанда баламасы жоқ. Ол бір жыл бұрын ашылса да, адам көп баратын танымал орындардың біріне айналған деп жазады Алматы облысы әкімдігінің баспасөз-қызметі.
Екі қабатты музей ғимаратының жалпы ауданы 750 шаршы метр. Музей директоры – Бақыт Шпекбаева. Мұндай орынды ашу туралы идеяның авторы да, кейбір экспонаттарды жинаған да өзі. Ашылған уақыты — 2014 жылдың қараша айы.
Бүгінде бұл жерде 500-ге жуық түрлі экспонаттар бар. Қазақстанның әйгілі әйелдері туралы мәліметтер, құжаттар, суреттер, тұрмыстық заттар және т.б бар. Облыс тұрғындары өз еріктерімен музейге экспонаттар әкеліп табыстайды.
Мұндағы мамандардың пікірінше, музейдің үлкен танымалдылыққа ие болуына кіре берісте орнатылған «Анаға тағзым» атты әйел-ананың ескерткіші себеп болған. Ол жерге көбіне жас жұбайлар келіп тұрады. Мұражай қызметкерлердің айтуынша, олар тек тарихта аты қалған әйелдер туралы ақпарат беріп қана қоймай, отбасы құндылығын нығайтуға да ат салысады.
Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ, EL.KZ