- Түркияға келген бетте осындай «Музей карта» сатып алған жөн. Бағасы да қолжетімді. Картаны сатып ала отырып Сіз Стамбулдағы бірнеше музейді жеңілдікпен тамашалай аласыз.
2. Музей картаны көптеген сауда орындарынан сатып алуға болады. Ал, жарнамаларын кез-келген жерден байқайсыз.
3. Қолыңызға «Музей картаны» алған соң, өзге туристер тәрізді саяхатыңызды «Айя София» музейінен бастауға кеңес береміз.
Әуелі музей туралы қысқаша ақпаратпен танысып алыңыз:
Сіз келген Айя София музейі Стамбулдың Сұлтанахмет ауданында орналасқан. Шамамен 324-337 жылдары Византия императоры Константиннің жарлығымен салына бастаған. Құрылысты 10 мың жұмысшы 5 жылда салып шыққан. Мыңжылдықтарды міз бақпастан өткізіп, тарих қойнауынан сыр шерткен ғимарат бүгінгі таңға дейін бірнеше рет шабуылға ұшырап, қираған болатын. Алғашында православтық шіркеу болып бой көтерген бұл ғимарат құрылысы Осман империясы тұсында түбегейлі өзгереді. 1453 жылы Константинпольді тізе бүктірген Мехмед ІІ тұсында шіркеу құрылысы өзгертіліп, мұнара мен михраб салынады. Содан Айя София мешіті мұсылман қауымының мақтаныш етер мерейлі ғимараттарының бірі айналды. 1935 жылы музей дәрежесін иеленген Айя София 1985 жылдан бастап ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра нысандар тізіміне енген.
4. Музей қақпасына кіреберісте түріктер «музей» сөзін түрік тіліне аудармай сол қалпында қалдырғанын байқайсыз.
5. Енді кезекке тұрыңыз. Музейге бір сәтте шамамен 3 мыңнан астам адам келетіндіктен осыншама ұзын-сонар кезекке тұруға тура келеді.
6. Кезекте тұрып жергілікті өнерпаздардың өнерін тамашалауға да болады.
7. Кезегіңіз келіп, қақпа алдына жеткен бетте музейді әскери адамдар күзететінін көресіз.
8. Музейге кіруге арналған арнайы картаңыз болмаса осы жерден билет сатып алуға болады. Бірақ, музей картаға қарағанда билет қымбаттау болып келеді.
9. Сатып алған билетті немесе картаны тексерістен өткізіп, музей ауласына беттеңіз.
10. Музей ауласындағы мына дүңгіршектен экскурсиялық қызмет көрсететін аудио аппараттар сатып алуыңызға болады. Аппараттар түрік, ағылшын, неміс, француз, испан, жапон, орыс, араб тілдерінде қызмет көрсете алады. Алдағы фотосуреттердің бірінде бұл аппараттың қызметі туралы толығырақ айтатын боламыз.
11. Аудио құрылғыны алған соң музей ауласына назар салыңыз. Музейге келушілердің арасында түрлі ұлттар, бірнеше діндердің өкілдері, жас шамалары да түрлі болып келетін адамзаттың материалдық құндылықтарын ерекше бағалайтын жандарды көресіз.
12. Аулада музейдің ішкі және сыртқы бөліктерінің картасы қойылған. Картамен толығырақ танысып алған жөн.
13. Картамен танысып алған соң ауладан мынадай түрлі ойыншықтар, жалаушалар, өзге де символикалық заттарды көтеріп жүрген шетелдіктерді көресіз. Өз мемлекеттерінен туристерді ұйымдастырып алып келетін шетелдік гидтер өздерінің мемлекеттік немесе ұлттық символикаларын көтеріп жүреді. Жоғарыға көтеріп жүру арқылы олар өздерінің тобындағы адамдарын адастырып алмайды. Адасып қалсаңыз гидтардың қолындағы таяқшаларға мойыныңызды соза қарап тез таба аласыз.
14. Сөз арасында айта кету керек, Түркияда музей-кафелердің қызметі жақсы дамыған. Бұл жерден шай ішіп, ауқаттанып, түрлі сусындар сатып алуға болады.
15. Музей дүкендерінің ескерткіш ретінде түрлі бұйымдарды сатып ала аласыз.
16. Музейдің қасбеті.
17. Кіреберіс дәлізде музей жайлы ақпараттар ілінген.
18. Біз жоғарыдағы 10-шы суретте аудио құрылғылар туралы айтқан болатынбыз. Енді сол аудио құрылғы арқылы Сіз өзіңіз таңдаған экспонаттардың тарихымен таныса аласыз. Ол үшін құрылғыдағы өзіңіз түсінетін тілдің біреуін таңдап, экспонаттың реттік номерін басасыз. Сізге құрылғы ішінде алдын-ала жазылған ақпарат 3-5 минут көлемінде экспонаттың тарихын әңгімелеп береді.
19. Аудио құрылғы арқылы экспонаттың тарихымен танысып тұрған туристердің бірі.
Музейдің ішкі бөлігіне назар аударыңыз:
20-29. Жоғарыдағы 20 -29 суреттерде музейдің ішікі көрінісінен бірнеше фотосуреттер ұсындық. Суреттерде музейдің мешіт ретінде қызмет еткен тұсында жазылған Қасиетті Құран сүрелері, Византия империясы тұсындағы христиандық иконалар, Шығыс пен Батыстың ғажайып сәулеті мен бейнелеу өнерінің туындалары бейнеленген.
30. Музей терезесінен туристер Стамбулдың осындай әдемі көріністерін суретке түсіріп алады.
31. Жоғарыдағы суретте туристер суретке түсіріп алып жатқан көрініс осы болатын.
32. Теңіз жағалауына жақындасаңыз осындай тарихи өзге де ғимараттарды тамашалай аласыз.
33-35. Музейдің ішіне оралайық, шығаберісте металлдан жасалған «Армандарды орындайтын бағанаға» барлық туристер басбармақтарын салып дөңгелетіп көреді. Егер бармағыңыз қалыптың ішінен шығып кетпей толықтай айналып шықса «арманыңыз орындалады» деп ойлай беріңіз. Әрине, бұл ескіден келе жатқан сенімнің бір түрі екенін ұмытпайық.
36. Мыңжылдықтардың куәгері атанған Айя София музейінің ішкі көрінісі мен келушілерге көрсетілетін сервистік қызметтер туралы жоғарыдағы суреттерде келтірдік. Енді музей ауласына шықсаңыз ғимараттың ажырап қалған мынадай бөліктерін көруге болады. Ол жайлы төмендегі суретте:
37. Бұл бөліктер Айя Софияның ғимаратынан ажырап қалған тарихи аркалар мен колонналары. Тарихи құндылығы өте жоғары болғандықтан арнайы қоршауға алып, туристердің назарына ұсынылған.
38. Музейдің оң жақ бөлігі арқылы шығаберісте Осман империясы тұсында орнатылған дәрет алуға арналған арнайы орын бар.
39-40. Музей директорының ғимараты мен қызметкерлерінің офистері осындай тым қарапайым.
41. Әлемнің сәулет өнерінің ғажайып туындысы болып саналатын Айя София музейінен шыққан бетте Сіз әлі де толассыз кезекке тұрған туристерді көресіз. Егер Сіз бұрын Айя София музейінде болмасаңыз жуық арада Сізді де осы кезектен көретінімізге сенімдіміз! Ал, бұл музейге бұрын барған болсаңыз, достарыңыз Сіздің қандай ғажайып мекенде болғаңызды білсін, әлеуметтік желілердегі парақшаңызда бөлісе отырыңыз! Сізге сәттілік серік болсын!
Нұрсерік ЖОЛБАРЫС
Суреттерді түсірген автор.