Пикассоның туған күніне - 25 қазанға (1881 жыл) орайластырылған музейдің ашылу салтанатына ел президенті Франсуа Олланд қатысты. 1985 жылдан бері музей орналасқан "Отель Сале" ғимараты 1659 жылы салынған. Онда жөндеу жұмыстары ғимараттың тарихи сипатына нұқсан келмеуі үшін аса сақтықпен жүргізілді.
Жаңартылған мұражай бөлмелері көпшілікті жаңа кейпімен тамсандырды. Оның залдарына тамаша реставрация жасалған, ал әкімшілік бөлімі келесі ғимаратқа көшірілген. Бірінші қабаттағы экспозициялар Пикассоның өз еңбектерін тудырған түрлі шеберханалары туралы сыр шертеді. Ал екінші және үшінші қабаттарда атақты суретшінің көптеген шығармалары қойылған. Музейдің төртінші, шатырдағы қабатында әйгілі өнер иесінің жеке коллекциясынан алынған басқа суретшілердің туындылары орын тепкен, оның ішінде көрнекті француз суретшісі Анри Маттистің (1869-1954) шығармалары да бар.