«Бабалар ізімен экспедициясы Ватикан мемлекетінің арнайы қабылдауында болды. VI ғасырға жататын Алтайдағы қыпшақ қорғанынан табылған көне қобыздың көшірмесін Ватикан мемлекетінің музейіне тапсырдық», - деп жазады танымал қазақстандық саяхатшы Сапар Ысқақов өзінің Фейсбуктегі парақшасында.
Қазақстандық сахатшының айтуына қарағанда, жоғарыда аталған экспедиция өкілдері Париждің жанындағы Ножан сур Марн қаласы мэрінің арнайы қабылдауында болды. Мартин мырза Мұстафа Шоқайдың аллеясын ашып, ескерткішін қою бастамасын қолдап, арнайы жер бөлген екен.
Айта кетейік, 2017 жылдың 4 мамырында Сапар Ысқақов жетекшілік ететін «Бабалар ізімен» атты ғылыми экспедиция жолға шыққан болатын. Олар ежелгі ғұндар, түріктер, қыпшақтардың ізі қалған әлемнің 15 еліне бармақ ниетте. 65 күнге созылатын бұл сапарда экспедиция тобы Қазақстан, Ресей Федерациясы (Кабардино-Балқар Республикасы, Қарашай-Шеркеш Республикасы, Дағыстан Республикасы), Әзербайжан, Армения, Грузия, Украина, Молдова, Словения, Беларусь, Литва, Польша, Германия, Франция, Венгрия, Италия, Ватикан жерлерін аралайды және арғы ата-бабаларымыздың ежелден қазіргі заманға дейінгі көші-қон жағдайымен танысып, ДНҚ зерттеулер жүргізеді.