Анонс


Ұлттық музей шай ішу дәстүріне арналған көрмесін ұсынады (ФОТО) Таңдаулы

Бейсенбі, 01 Қазан 2015 09:15
Ұлттық музей шай ішу дәстүріне арналған көрмесін ұсынады (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен «Қазақстан халқының шай дәстүрі» атты көрме ұйымдастырды, деп хабарлайды kazmuseum.kz тілшісі.

Көрменің ашылу салтанатында сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов шараның маңызына тоқталып өтті.

«Елбасы 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп белгіледі. Бұл – бірліктің, тұрақтылықтың  елдіктің жылы деген сөз. Осы жыл аясында талай айтулы шаралар өтті. Оның барлығы халықтың ынтымағы мен ырысын арттыруға бағытталды. Бүгін ұйымдастырылып отырған көрме де осы миссияны жүзеге асыруды мақсат тұтады», - деді Е.Тоғжанов.

Басқосу барысында мәдени бірлестіктердің өкілдері қонақтарды шай ішу мәдениетінің қалыптасқан дәстүрлерімен және Қазақстанда тұратын түрлі этностардың әдет-ғұрпымен таныстырды.

Шара шеңберінде «Ұлттық натюрморт» атты көрме ашылып, келушілерге шай тарихына қатысты тың мәліметтер ұсынылды және жеке антиквариаттар топтамасын тамашалау мүмкіндігі берілді.

Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай көрмедегі құнды жәдігерлердің ерекшеліктерін атап өтті.

«Біз бүгін 3 бірдей шара ұйымдастырып отырмыз. Оның біріншісі – «Ұлттық натюрморт» деп аталатын отандық суретшілердің көрмесі. Сонымен қатар келушілердің назарына  сонау Лондоннан келген «Chitra by Newby коллекциясынан» деп аталатын шайға қатысты аксесуарларға арналған көрме ұсынылып отыр. Ол көрмеде осыдан 10 ғасыр бұрын жасалған бағалы әшекей бұйымдардан бастап, қазіргі заманға дейінгі құнды заттар бар. Үшіншіден, біз бүгін жиналған жұртты елімізде  тұратын түрлі ұлт өкілдерінің шай дастарханына шақырамыз. Мұның барлығы біздің халқымыздың бірлігінің белгісі. Ұлттық музейдің кез-келген залына кірсеңіздер Қазақстан халқының бірлігі мен ата бабаларымыздан жалғасып  келе жатқан ұлтымыздың ақжарқын пейілін аңғара аласыздар», - деді.

Айта өтейік, көрме 30 қазанға дейін жалғасады.

5442 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper