Көрме Ұлы ақын Абайдың туғанына 170 жыл толуына орай және «Алматы – Ислам мәдениетінің астанасы 2015» шарасы аясында ұйымдастырылды.
Көрмені ашылу салтанатында «Ғылым ордасы» РМК Бас директорының ғылым және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары Нұрлан Сейдін, Абай қорық-музейінің директоры, ф.ғ.к. Жандос Әубәкір жазушы, абайтанушы, дінтанушы-ғалым, қоғам және Мәдениет қайраткері, «Қағанат» консорциумының президенті Бейбіт Сапарәлі, М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты, Абайтану және жаңа дәуір әдебиет бөлім меңгерушісі, ф.ғ.к. Серікқазы Қорабай сөз сөйледі.
Ашылу салтанатынан кейін Абай қорық-музейінің ғылыми қызметкерлері «Отанды сүю – иманнан» деп, елін-жерін шын қастерлеген отаншыл кемеңгер ақынға арналған бұл көрмеден «Абай және шығыс әлемі», «Абай қалыптастырған ақындық орта» және «Абай шығармаларының Ислам дінімен сабақтастығы» тақырыптарындағы деректер, қазақ даласындағы медреселер тарихы, оның ішінде, Абай оқыған Семей қаласындағы Ахмет Риза медресесі туралы материалдар туралы экскурсия жүргізді.