Экспозиция көркем витраж бен мозаикадағы негізгі үрдістерді көрсетті.
Монументалды жанрға ескерткіштер, монументтер, мүсін өнері, бейнелеу өнері, ғимараттарды мозаикамен әрлеу, витраж өнері жатады.
Келушілер қазақтың зиялы қауым өкілдері Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Бауыржан Момышұлы, Шәмші Қалдаяқовтың мозаикадан жасалған бейнелерін тамашалады. Сондай-ақ, әйнек сынықтарынан өнер туындылары қалай құрастырылатынын тамашалады.
«Осынау мәдени мерекеге жиналған қадірлі қауым, жолаушылар, авторлар, сіздерді қала күнімен құттықтағым келеді. Осындай көрмені ұйымдастырып жатқан азаматтарға алғысым шексіз. Бұл халықты мәдениетке, өнерге бір табан жақын етеді. Күнделікті күйбең тірлікте ешкімнің арнайы көрме тамашалауға уақыты жоқ. Бұл қала тұрғындарына, жолаушыларына үлкен мәдени оқиға болары сөзсіз. Метрода концерт, көрме өткізу өте тамаша бастама», - деді Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясының проректоры Байжан Уалханов.
Айта кету керек, Жібек жолы стансасының тұла бойында орналасқан көрме өнер академиясы студенттерінің қолымен жасалды.
Сондай-ақ, Өнер академиясының жас дизайнерлері келушілерге өз коллекцияларын көрсетті.
Көрме 30 қыркүйекке дейін жалғасады.