«Біздің дәуір» көрмесі Қазақстан сәндік-қолданбалы өнері жас суретшілерінің шығармашылығымен таныстырады. Олардың туындылары киіз басу, тоқыма, кесте, ши өру, қыш, батик, флористика және зергерлік өнер сияқты техникаларда орындалған.
Көрмеде Г. Оңғарова, Г. Жораева, А. Оразбаева, Г. Жұбаниязова, Ж. Табылдиева, А. Қуантаева, К. Жылыбаева, Б. Досжанов, Н. Баженова және тағы басқа суретшілердің киіз паннолары мен гобелендерімен танысуға болады.
Өткен ғасырларда тұрмыстық бұйымдарды, түскиіздер мен киімдерді әрлеуде халықтық кесте өнері үлкен қызмет атқарды. Бүгінде де кестенің дәстүрлі техникалары жоғары көркемдік бұйымдарды жасауда қолданылады. Б. Зейнелхан дәстүрлі қазақ техникасында, біз кестемен орындалған декоративтік панносын ұсынып отыр.
Экспозицияда Б. Құсайынова мен И. Өзбекованың қыштан жасалған бұйымдар да орын алған. Кез келген қалыпқа оңай көнетін иленген, жұмсақ саз балшық адамзат тарихында онымен бірге жасасып келеді. Қыш осы күндері өзінің өзектілігін жоғалтпай сақтап қана қоймай, заманауи қолданбалы өнердің қызықты да өзгеше түріне айнала бастады.
Қазақ зергерлерінің озық шеберлігі заманауи зергерлік өнердің дамуының іргетасы болды. Ежелгі мифология мен өнер тақырыбын интерпретациялау әрі қалыптасқан халықтың төл стилін жалғастыру – зергерлік өнердегі басты көркемдік бағыттар. Б. Атыраубаев, Н. Әлиасқаров, Б. Молбаев әйелдер әшекейінің тамаша үлгілерін жасаған.
Суретшілердің әрбір буыны өнерге қайталанбас әйтеуір бір жеке үлесін қосады. Тәуелсіздіктің 20 жылында Қазақстан өнері ұрпақтардың үзілмес байланысы мен өзінің болашаққа терезесінің ашық екенін көрсетіп, өз дамуының жаңа арнасына нық қадам басты. Сөйтіп, зор шығармашылық әлеуетін, жаңа ізденістері мен жаңа ашылымдарын жария етті.
Заманауи қолданбалы өнердің көпқырлы палитрасы біздің заманымызға, біздің дәуірімізге серпін береді. Жас суретшілердің туындылары Қазақстан мен шет ел музейлері мен жеке галереяларында лайықты орын алған.
Көрме 22 қыркүйекке дейін өтеді.