Анонс


Шымкентте кәдесыйлар көрмесі өтті

Сенбі, 05 Қыркүйек 2015 23:33
Шымкентте кәдесыйлар көрмесі өтті KAZMUSEUM.KZ -  

Шымкентте өнердің сан түрін меңгерген шеберлер ұлттық бұйымдар мен көздің жауын алар кәдесыйлар көрмесін өткізді, деп хабарлады 24kz тілшісі.

Былғарыдан жасалған киімнен бастап қолөнердің шыңы саналатын зергерлік бұйымдарға дейінгінің бәрі осында. Ғасырлар бойы атадан балаға мұра боп қалған қолданбалы өнерді насихаттаушылар көрмені тамашалай келгендерге көне бұйымдардың жасалу тәсілін де үйретіп жатты. Қылқобыздың қоңыр үні көрмені тамашалай келгендерді еріксіз өзіне үйіріп алды. Ұлттық аспаптарды жиде мен қайың ағашынан шауып жасайтын Амангелді ұста бұл қасиетті ауылда жүріп, үлкен ақсақалдан үйреніпті. Өзі зейнеткерлікке шыққаннан кейін барып өнерге түбегейлі бет бұрыпты. Ағаштан жасаған әрбір бұйымының өзіндік мәні бар. Тіпті жыл атауларын иемденген аң-құсты да ағаштан бейнелепті. «Оңтүстік көркі» деген атаумен өткен көрмеде ұлттық болмысымызды дәріптейтін қолданбалы өнер түрлеріне дейін қойылды. Қиялы ұшқыр шеберлердің қолынан шыққан дүниелер қарапайым болғанымен, тамыры терең салт-дәстүрімізді дәріптеумен ерекшеленеді. Оңтүстік Қазақстан облысының шеберлері қолданбалы өнердің ең көне түрі саналатын құмыра жасау түрін қайта қалпына келтіріпті. Мамандар оған қажетті топырақтың өзін Сыр өзенінің бойындағы саз балшықтан алып келіпті. Жалпы атам қазақ үйге келген қонағын құр алақан қайтармаған. Осындай қолөнер шеберлері жасаған бұйымдарды кәдесый ретінде тарту-таралғы жасап отырған. Ал қазақтың көне қолөнерін дәріптеп жүрген Бейісбековтер әулетін былайғы жұрт жақсы біледі. Бір отбасындағы 7 жан киізден түрлі жасау жасап, түскиіз тоқиды, сурет салады, ер-тұрман соғады. Шеберлердің ұшқыр қиялынан туындаған әрбір дүниеде қазақ халқының тың тарихы, салт-дәстүрі, әдеп-ғұрпы үйлесім тапқан. Ісмердің саусағымен өрнектелген үй тұмар, жіптен тоқылған тоғыз қоржын көздің жауын алады. Мазмұны мәнді кескіндеменің айтатын астарлы ойы да терең. Шеберлердің көз майын тауысып жасаған әрбір бұйым тарихпен астасып жатыр. Қолынан іс келетін жандар бойымыздағы қасиетімізді жастарға үйретіп кетсек деп отыр. Ал жергілікті әкімдіктегілер мұндай көрмелердің ұлттық құндылығымызды дәріптеп қана қоймай, экотуризмді дамытуға мүмкіндік беретініне сенімді.

5768 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper