Алматы облысында өткен аудандардың мәдениет күндерінде Талдықорған өңіріндегі 8 аудан 1 қала көрме ұйымдастырды. Көрмелерде қолдан жасалған түрлі бұйымдар, спорттағы жетістіктер, әрбір ауданды бір-бірінен ерекшелеп тұратын басқа да заттар қойылды.
Сарқандық Мұратбек Тальяти келушілерге қобыздар, сувенир түріндегі ұлттық қарулар түрлері, ыдыстар, түрлі қолөнер бұйымдары, ағаш картиналарын ұсынды. Бұл талантты жастың қолынан шыққан бұйымдардың бір бөлігі ғана. Қарағаш, терек, түрлі бүлдірген, тері - мұның бәрі шебердің қолынан шыққанда ерекше бұйымға айналып сала береді.
Мұратбектің айтуынша, ағаштан түрлі заттар жасауды ол бала кезінен бастаған. Бұл өнерге ден қоюына әкесі ықпал етіпті, қызығушылықпен бастаған іс бірте-бірте негізгі кәсібіне айналған.
- Негізі, мен бұл өнерді өз бетіммен үйрендім. Өзімді жетілдіру үшін өзге қалаларға сапарлап, шеберлермен пікір алысамын. Сөйтіп бірте-бірте өзімнің стилімді қалыптастырып келемін. Бұл істе қолдың ғана шебер болуы жеткіліксіз. Осы ретте халқымыздың өнері мен мәдениетін, тарихын білуге көп көңіл бөлемін. Ондықтан осы көрмемді Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап отырмын, - дейді шебер.