Көрме ұлы тұлға, ойшыл-ақын Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығын, қоғамдық қызметі және Абай ұрпақтары, ақын шәкірттерінің мұрасын мерейтойға қатысушы қауымға таныстыру, насихаттау мақсатында дайындалды.
Көрмеге Абай 1885 жылы Семейдің өлкетану музейіне тапсырған заттар: кісе белбеу, шынаяққап, тері торсық, асатаяқ пен сыбызғы қойылды. Сонымен қатар әнші Әлмағамбеттің домбырасы, кіршомбал және сол замандағы тағы басқа жәдігерлер мен ақынның қоғамдық қызметін дәлелдейтін архив деректері ұсынылды.
Көрмеге келген зиялы қауым, мереке қонақтары мен жас ұрпақ қызушылық білдіріп, Абай шығармашылығы мен қызметі, ақын шәкірттері жөнінде, Ұлы Отан соғысына қатысқан ақын ұрпақтары туралы мәліметтер мен фотосуреттер және музейдің ғылыми-зерттеу жұмыстарын насихаттайтын баспа өнімдері, музей бөлімдері мен қызметі туралы ақпараттармен танысып тамашалады. Көрме бойынша экскурсия жүргізіліп, сұрақтарға жауап берілді.
Абайдың 170 жылдығына арналған шараларды ұйымдастырушы Қарағанды облысы, Абай ауданының әкімі Серік Шайдаров Абай музейінің мерекеге ат салысып, көрме дайындағанына ризашылық білдіріп, қорық-музей директоры Жандос Әубәкірге алғыс айтты.