Анонс


Қостанайда «Батыс Қазақстан – Еуразия жүрегінде» атты көрме ашылды Таңдаулы

Бейсенбі, 13 Тамыз 2015 12:18
Қостанайда «Батыс Қазақстан – Еуразия жүрегінде» атты көрме ашылды KAZMUSEUM.KZ -  

Қостанай қаласында Батыс Қазақстан облысының мәдениеті күндерінің өткізілуіне орай Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорынан жабдықталған «Батыс Қазақстан – Еуразия жүрегінде» атты тарихи-этнографиялық көрмесі ашылды. 

Еуразиялық жол қиылысында, екі ұлы өркениеттің – Еуропа мен Азияның түйісу нүктесінде тұрған Орал қаласында  Қазақстандағы ең көне музейлердің бірі, 175 жылдан астам тарихы бар Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі жұмыс жасайды. Қазіргі кезде Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында археологиялық жәдігерлердің, зергерлік бұйымдардың, этнографиялық бұйымдардың мол коллекциясы жинақталғанын зор мақтанышпен айтуға болады.

Бұл көрменің мақсаты Батыс Қазақстан өлкесін мекен еткен ежелгі көшпелілер мәдениетінен бастап бүгінгі күнге дейінгі даму тарихын, археологиясын, этнографиясын, мәдениеті мен өнерін кеңінен таныстыру, аймақтар арасындағы мәдени байланысты арттыру.

Көрмеге БҚО, Теректі ауданындағы Тақсай оба-кешенінен табылған б.д.д ІҮ-ҮІ ғасырға тән ежелгі сармат кезеңіне жататын «Алтын ханшайым», алтын бұйымдар, әшекейлер, көне Жайық қаласынан табылған әрлендіргіш қаптама кірпіштер, шығыр құмыралар, ХҮІІІ ғасырда құрылған Ішкі Бөкей Ордасының тарихы баяндалатын архивтік құжаттар, ру старшындары, би-болыстардың мөрлері мен белгілері, Жәңгір ханның мундирі, оның зайыбы Фатима ханымның Петербордағы балға киген көйлегі сияқты құнды жәдігерлер қойылды. Сондай-ақ Қазақстанның Халық әртісі, күйші Қали Жантілеуовтың домбырасы, күйші-композитор, қазақ музыка өнерінің аса көрнекті қайраткері Дина Нұрпейісованың камзолы, Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» еңбегі, жазу құралдары, ақын Жұбан Молдағалиевтың «Өлеңдер жинағы», Қадыр Мырза Әлидің қолжазбасы, кітабы, қаламы, куәліктерін де көрмеден тамашалауға болады.

Көрме 13-14 тамыз аралығында көрерменін күтеді.

 

 
4702 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper