Пленэр көптен бері байқау көрмелеріне әзірліктің белсенді де пәрменді формасына айналып үлгірген. 2010 жылғы жазда алғаш рет бір күндік екі плэнер өткізілген еді. Оның біреуі Өскемен қаласы маңындағы Ақбауыр шатқалында өткізілді. Ол – неолит дәуірі мәдениетінің бірегей ескерткіші, астроархеологиялық кешен, әлі де ашылмаған құпиялары көп көне заманның ғылым ордасы. Екінші плэнер Бұқтырма су қоймасының әсем жағалауындағы «Алтайская бухта» демалыс базасында өткізілді.
Пленэрлер қорытындысы бойынша музейде этюдтер көрмесі өткізілді: музейге келушілер суретшілердің жұмыстарын сүйсіне тамашаласа, ал қылқалам шеберлерінің өздері әріптестерінің «ішкі жан-дүниесіне үңілуге» мүмкіндік алды. Көрмеге қойылған көптеген этюдтер одан кейінгі байқау шығармаларына негіз болды. 2013 жылғы 24-29 маусымда дәстүрлі «Менің Қазақстаным - IV» байқауы аясында Катонқарағай ауданында кезекті облыстық плэнер өткізілді. Ол ұйымдастыру шараларының барлығын өз мойындарына алған Катонқарағай аудандық әкімдігінің әріптестік қолдауымен өтті.
Айта өтейік, биылғы жылы плэнер тағы бір сатыға көтерілді, оның мәдени кеңістігінің ауқымы кеңейе түсті: оның жұмысына Якутск (Россия), Барнаул (Россия), Алматы (ҚР), Павлодар (ҚР), Өскемен (ҚР), Семей (ҚР) қалаларының суретшілері қатысты.
А.Қасымов,
ШҚ өнер музейінің қызметкері
Суретте: «Жекпе-жек»(Б. Сейсенханұлы. Алматы).