Көрмеге «Parallel Worlds» шығармашылық тобына біріккен ХХ-ғасырдың 70-80 жылдарындағы петербургтық және мәскеулік кескіндеме мектебінің көрнекті өкілдері Латиф Казбеков, Александр Кондуров, Люся Кондурова, Валерий Лукка, Вячеслав Михайлов, Надежда Николаева, Алексей Талащук, Олег Яхнин, Дмитрий Каминкер, Леонид Колибаба, Ольга Булгакова, Сергей Гета, Дмитрий Иконников, Ольга Гречина, Юрий Миронов, Иван Лубенников, Александр Ситников, Татьяна Назаренколардың 90-нан астам туындылары қойылды.
«Біз Ресей суретшілерімен бірлесе жұмыс істеу жобасын одан әрі жалғастыра береміз. Еуразиялық экономикалық одақ дегеніміз тек қана экономикалық байланыс емес, ол рухани тұрғыдан да біздің қарым-қатынасымызды жетілдіре түседі. Бізге жаңа заманауи өнер мен жаңа идеялар тұрғысынан тәжірибе алмасудың берері мол. Бүгін Ұлттық музейге бұған дейін аты-жөндерін ғана естіген Ресейдің талантты суретшілерінің еңбектері келіп отыр. Біз олардың туындыларынан жаңаша ізденісті, ерекше тәсіл мен түрді көрдік. Өнер мен мәдениет 2 елдің арасындағы ұлы көпір. Сол көпір арқылы біз бір-бірімізді жете танып, түсініп, байланысымызды нығайта береміз деген сенімдемін» - деді көрменің ашылу рәсімінде Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай.
Көрме ресейлік бизнесмен әрі меценат Юрий Саулиди жетекшілік ететін «Петербургтің ерікті суретшілері» әлеуметтік-баспа жобасының қолдауымен ұйымдастырылды. Музейге келушілер аталмыш көрмеден архаикадан бүгінгі күнге дейінгі ежелгі дәуірлердегі «көркем мәтіндерге» шығармашылық өңдеу негізінде жасалған көркем туындыларды тамашалады.
«Қазақстан қарқынды мәдени даму үстінде. Сіздер қазіргі заманғы өнер саласында да дамып келе жатырсыздар. Біз қазақстандық әріптестерімізбен өте тығыз араласамыз. Мәскеу мен Санкт-Петербургте көптеген шетелдік көрмелер өтеді, біз қазақстандық өнер туындыларының көрмелерін асыға күтеміз. Ресейдің ең ірі музейлері соның ішінде Эрмитаж бен Третьяков галереясы Қазақстан суретшілерінің көрмелеріне өз алаңдарын ұсынуға әзір» - деді шарада Ресейдің мәдениет тарихшысы, өнертану докторы, ақын Дмитрий Северюхин.
«Ұлылармен сұхбат» көрмесі Ұлттық музейде 27 тамызға дейін өтетінін ескертеміз.