Анонс


Мамлюктердің тапаншалары Ұлттық музейдің көрмесіне қойылады

Сәрсенбі, 22 Шілде 2015 16:53
Мамлюктердің тапаншалары Ұлттық музейдің көрмесіне қойылады KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен Қазақстан»  жобасы аясында  Атырау облысы тарихи-өлкетану және Ш.Сариев атындағы қолданбалы сәндік өнер музейлері  қорларынан  «Ғасырлардан сыр шерткен –  Атырау» атты  көрменің салтанатты  ашылу рәсімі өтеді.

Көрменің мақсаты –өңірлер арасындағы мәдени байланыстарды нығайту және музейлер ісін дәріптеуге негізделген жоба аясында Атырау облысы тарих-өлкетану музейінің қорында жинақталған қазақ халқының материалдық және рухани мәдениетінің баға жетпес жәдігерлерін елорда тұрғындары мен қонақтарына таныстыру.  

Көрмеге Атырау облысының тарихы туралы деректер мен мұнай және балық өнімдері, Ақкегершін, Ақтолағай үстірттерінен табылған белемниттер, аммониттер, сәулелі маржандар, бауыр аяқты ұлулар және Атырау тарихында ерекше орын алатын Жылыой ауданы, Аралтөбе қорғанынан табылған алтын киімді сармат көсемінің фотосуреттері және  алтын әшекейлері, сармат дәуіріндегі құмыра, қыш ыдыстар қойылады.

Сондай-ақ, ортағасырлық Сарайшық  және Ақтөбе қалашықтарына жүргізілген археологиялық қазбадан табылған тиындар, моншақтар, қола айналар, шырағдандар мен Мысыр елін 17 жыл билеген атақты қолбасшы, тарихи тұлға Сұлтан Бейбарыс  ескерткішінің макеті, Солтүстік Африкалық үлгідегі күміспен әшекейленіп жасалған мамлюктер тапаншалары қойылады деп жоспарланған.

Ұлттық музейдің баспасөз қызметінен хабарлағандай, Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты Әбілхайыр хан (1693 -1748),  Бөкей хандықтарына қатысты фотосуреттер және  мөрлер, Бөкей ордасында ұйымдастырылған жәрмеңкеге қатысты бұйым түрлері осы көрмеден орын алып, келушілерді қызықтырары сөзсіз.

Көрмеге халық батырлары Сырым Датұлы (1712-1802), ұлт - азаттық көтеріліс басшылары (1836-1838 ж.ж.) Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлына қатысты фотосуреттер және заттай бұйымдар 200 жылдық тарихы бар қайрақ тас, дауылпаз ақынның домбырасының көшірмесі де қойылмақ.

Аталмыш шараға Ш.Сариев атындағы қолданбалы және сәндік өнер музейі де өз үлесін қосып, музей қорынан  60 дана картинасын келушілер назарына ұсынады.

Астана тұрғындары мен қала қонақтары көрмені 2015 жылғы 24 шілде күні сағат 16.00–ден бастап тамашалай алады.

 

 

 
2754 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper