Көрме Астана күніне және Ұлттық музейдің 1 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Көрмені Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, британдық коммерциялық емес N.Sethia Foundation қайырымдылық қоры және Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі ұйымдастырды.
«Президенттеріңіздің туған күні құтты болсын, жаратқан Елбасыларыңызға ұзақ ғұмыр мен мықты денсаулық берсін! Сіздерді Ұлттық музейдің 1 жылдығымен де құттықтаймын. Бұл музейдің даңқы жылдан-жылға арта береді деп үміттенемін. Сіздердің музейлеріңіздің әлем музейлерінің ондығына кіретінін естіген кезде таң қалдым және қатты қуандым. Мұнда дүниежүзінің ең үздік коллекцияларын ұялмай көрсетуге болады», - деді көрменің ашылуында Chitra by Newby коллекциясын жинақтаушы - N.Sethia Groupof Companies және N. Sethia Foundation қайырымдылық қорының төрағасы Нирмал Кумар Сетхия.
Лондонда орналасқан Chitra by Newby коллекциясы - бұл шай тарихымен байланысты жалғыз жеке антиквариаттар топтамасы. Коллекция құрамында Еуропа, Азия және Америкада жасалған қолданбалы өнер туындыларының 1500-ден астам сирек және ғажап үлгілері бар.
Коллекция мың жылдық уақыт аралығын қамтиды, мұнда Сун династиясы (Х-ХIII ғғ.) кезіндегі пиалалар мен сацумалық керемет фарфор шәйнектерден бастап викториандық дәуірдегі салтанатты шай ыдыстары мен ХХI ғасырда жасалған сәнді аксессуарларға дейін қойылған.
Атап айтқанда, Қытайдың Мин дәуіріне (1368-1644) жататын көкала фарфордан жасалған, күміспен безендірілген «краак» стиліндегі шәйнек, ашық теңіз толқыны түстес нефриттен жасалған, айдаһар бейнеленген пиала, Қытайдың Канси дәуіріне (1662-1722) жататын алтынмен безендірілген фарфор шәйнек, борокко стилінде Нидерландыда жасалған шәйнек (1700), алтынмен безендірілген, гелиотроптан жасалған шәйнек, алтын жалатылған күміс шәйнек пен шай табақ және т.б. көпшілік назарына ұсынылған.
«Chitra by Newby коллекциясынан» көрмесі Астана тұрғындары мен қонақтарын ерекше құнды жәдігерлермен таныстырып, шай ішу мәдениетінде қалыптасқан дәстүрлер туралы және осынау көне сусынның тарихынан хабардар етті.