Сағат 11:00-де «Фолиант» баспасынан «Қазына» сериясымен жарық көрген «Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі: Алғашқы қадамдар» атты кітаптың тұсауы кесіледі.
264 беттен тұратын кітап Ұлттық музейдің мұрағатынан алынған фотосуреттермен безендірілген.
Кітаптың жалпы редакциясын Ұлттық музейдің директоры Дархан Мыңбай басқарған. Ал жауапты редакторлығын Ұлттық музейдің ғылыми хатшысы, т.ғ.д., профессор Роза Қадысова атқарған.
Сағат 11:20-да «Есілдегі жас қала, Елордасы – Астана» атты кітап көрмесі ашылады.
Көрме жұртшылықты Астана қаласының ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі тарихымен таныстыруды және жастарды отаншылдыққа тәрбиелеуді мақсат тұтады.
Көрмеге қаланың негізі қаланған сәттен бүгінгі дейінгі қалыптасуы мен дамуының тарихына қатысты кітаптар қойылады.
Cағат 11.30-да «Астана арман қала!» атты фотокөрме ашылады.
Көрмеге Астана сәулетін паш ететін суреттер қойылады. Сонымен бірге Астана қаласының ЮНЕСКО, Қазақстан Ұлттық өнер университеті жанындағы көркемсурет мектептері мен «Индиго» көркемсурет мектеп оқушыларының Астана туралы салған көркем туындылары да осы көрмеден орын алады.
Сағат 11:40-та «Бозоқ – Қараөткел – Ақмола – Целиноград – Астана» атты көрме ашылады.
Көрме музейге келушілерді Астана қаласының ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі тарихымен таныстырады. Жиналған жұрт Астанаға қатысты мұрағат құжаттары мен материалдарды, фотосуреттерді көре алады.