«Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен британдық N.Sethia Foundation қайырымдылық қоры және Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі Астана күні мен Ұлттық музейдің 1 жылдығына орай Қазақстанда тұңғыш рет «Chitra by Newby коллекциясының көрмесін ұйымдастырғалы отыр. Chitra by Newby коллекциясы – бұл шай тарихымен байланысты жалғыз жеке антиквариаттар топтамасы. Коллекция құрамында Еуропа, Азия және Америкада жасалған қолданбалы өнер туындыларының 1500-ден астам сирек және ғажап үлгілері бар. Коллекция мыңжылдықтар аралығын қамтиды», - деді А.Мұхамедиұлы.
Аталмыш көрмеге келген Астана тұрғындары мен қала қонақтары Сун династиясынан басталатын құнды жәдігерлермен танысып, шай ішу мәдениетінде қалыптасқан дәстүрлерді және көне сусынның тарихын біліп қайтады.
Министрдің айтуынша, аталмыш көрме Қазақстанның шет мемлекеттермен байланыс нығайтуды және мәдениетаралық қарым-қатынастың көкжиегін кеңейтуді көздейді.
«Біз өзгені тану арқылы өзгелерге өзімізді танытамыз. Өзгені құрметтеу арқылы өзімізді құрметтетеміз. Осы тұрғыдан алғанда Chitra by Newby коллекциясы көрмесінің маңызы зор деп ойлаймын. Алдағы уақытта да осы секілді мәдени қарым-қатынастар нығая түсетініне сенімдімін», - деді министр.
Аталған көрменің еліміздің жүрегі Астана қаласының күнімен тұспа-тұс келіп отырғаны тегін емес. Бүгінде елордамыз әлемге аты жайылған, ең жас әрі сәулеті мен дәулеті жарасқан шаһар ретінде танылып отыр. Астана – түрлі мәдениеттер тоғысқан, ұлттар мен ұлыстардың, діни конфессиялардың бас қосатын рухани ордасына айналмақ.