«Музей өз жұмысын 1942 жылы бастаған, ол Қазақстандағы үздік музейлердің қатарында. Бұл жерде атақты актер, режиссер Шәкен Аймановтың сахналық костюмдері, халық әншісі Майра Шамсутдинованың киімдері мен сырнайы, археолог-ғалым Әлкей Марғұланның заттары қойылған. Сондай-ақ ғалым Қаныш Сәтпаевтың, басқа да павлодарлық атақты азаматтарға қатысты түрлі суреттер мен материаладармен танысуға болады», - деді Потанин атындағы музейдің директоры Гүлнар Нұрахметова.
Музейге қойылған түрлі көне экспонаттарға назар аудармай қоймайсыз, олар бұғының сүйектері (10-15 мың жыл бұрынғы), бизонның мүйізі (8-10 мың жыл бұрынғы), мамонттың тістері мен гиппарионның (үш тұяқты көне жылқы түрі) аяқ-қолдары. Гиппарионның аяқ-қолдарына 6,5 млн. жыл болған. Көрмеде сонымен бірге 250 млн. жыл бұрынғы тасқа айналған молюскалар: аммонит пен белемниттер таныстырылды. Белгілі болғандай, Павлодар музейінің палеонтологиялық коллекциясы «Қазқонақ» ескерткіштерінен бастау алады. Бұл палеонтологиялық ескерткішті 1928 жылы Ресей ғалымы Юрий Орлов ашқан екен.