Анонс


Астаналықтар «Болгария елі» көрмесін тамашалауда

Дүйсенбі, 01 Маусым 2015 14:24
Астаналықтар «Болгария елі» көрмесін тамашалауда KAZMUSEUM.KZ -  

ҚР Ұлттық музейінде Роман Гуманюк және Иванна Шмелеваның «Болгария елі» көрмесі ашылды.

Қазақстан Республикасының  Ұлттық музейінде «Болгария елі» атты көрме ашылды. Көрме авторлары қырғыз суретшілері Роман ГУМАНЮК және Иванна ШМЕЛЕВА.

Қазақстандағы Болгария Республикасы елшілігі мен Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған көрменің ашылу салтанатына Болгария Республикасының экономика министрі  Божидар Лукарски, Саяси кабинет басшысы Филип Кирев,  «Жұртшылықпен байланыс және хаттама» дирекциясының директоры Лидия Колева қатысты.

Көрмені ашып сөз сөйлеген Қазақстан Республикасыны Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбай: «Болгария елі» деп аталатын бұл көрмені қай қырынан алсаңыз да интернационалист деп атауға болады. Біз кез-келген халықтың мәдениетіне, тарихына, тұрмыс салтына үлкен құрметпен қарап, оны сыйлаймыз. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл екендігі баршаңызға мәлім. Сол 20 жылдық аясында қырғыздың талантты суретшілерінің көрмесін ұйымдастырып отырмыз. Біз болашақта да осындай ынтымақтастықты жалғастыра беретін боламыз», - деді. 

«Болгария елі» көрмесінде Иванна Шмелеваның 15 графикалық еңбектері мен Роман Гуманюктің 18 кескіндеме туындылары көпшілік назарына ұсынылды.

Жас суретші Иванна Шмелева өз туындыларында Болгария мен Украинаның тарихи сәулет ескерткіштерінің асқақ сұлулығын шебер жеткізеді. Өзінің графикалық еңбектерінде ол София мен Чернигов ғибадатханаларының, Черновцы және Пловдивтің тарихи құрылыстарының бейнесін көрсеткен.

Роман Гуманюк кескіндеме өнерімен жастайынан шұғылданып, түрлі жанрлар мен техникаларда өзінің қабілетін байқап көрді. Ұлты украин болғандықтан ол өз шығармашылығында тарихи отанына ерекше назар аударады. Бүгінде суретші кескіндеме өнеріне, нақтырақ айтқанда, пейзажға басымдық береді. Суретшініңпейзаждықжұмыстарынан оның табиғатты ерекше нәзік сезінетіндігі байқалады. Кескіндемелік туындыларын өзінің жеке сезім-толғаныстарымен ұштастыра білген суретші табиғат бейнесінің нәзік эмоциялық түсінігін арттыра түседі.

Көрме 10 маусымға дейін жұмыс істейді.

 

4707 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper