Бұл – 20 жылдан бері коллекция жинаумен айналысып келе жатқан кәсіпкердің тұңғыш көрмесі. Оған ХХ ғасырдың 30-жылдарында салынған суреттерімен қатар бүгінгі суретшілер мен мүсіншілердің 100-ге жуық туындылары қойылды.
Нұрлан Смағұловтың коллекциясында Әбілхан Қастеев пен Қожа-Ахмет Ходжиковтың акварель еңбектері, Сабур Мамбеев пен Молдахмет Кенбаевтың, Айша Галимбаева мен Сахи Романовтың сонымен қатар Кенжебай Дүйсенбаев, Дулат Әлиев, Ерболат Төлепбаев сынды хас таланттардың туындылары бар. Көрме иесі өз коллекциясында «шестидесятники» деген атпен танылған Салихитдин Айтбаев, Шаймардан Сариев, Абдрашит Сыдыханов, Тоқболат Тоғызбаев, Бахтияр Табиев сынды суретшілердің туындыларының болуын мақтан етеді.
«Коллекция жинау – адамның бойындағы ізгі қасиеттердің символы болып табылатын өзіндік өнер. Замандастарының шығармашылығына қызығушылық – мінездің бірегейлігін, терең білім мен сауатты пікір және жоғары талғамды талап етеді», - деді көрменің ашылуында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Сондай-ақ, ол коллекционерлер өнер туындыларын сатып алып қана қоймай, каталогтар шығарып, көрмелер ұйымдастыру арқылы туындыны және туындыгердің шығармашылығын насихаттайтынын атап көрсетті.
Н.Смағұлов Қазақстанға соғысқа дейін, соғыс кезінде және соғыстан соң көшіп келген суретшілер мен мүсіншілердің туындыларын да жинапты. Олардың қатарында Леонид Леонтьев, Мария Лизогуб, Алексей Степановтардың суреттері, Сэрэнжаб Балдано мен Рысбек Ахметовтың ағаштан, қыштан жасаған мүсіндері бар.
«Мен өмірімде бірінші рет 20 жылдан бері жинап келе жатқан өнер туындыларының көрмесін өткізіп отырмын. Бұл туындылардың әрқайсысының өзіндік тарихы бар. Мен үшін бұлардың барлығы құнды. Солардың ішінде ең шоқтығы биік туынды – Қуаныш Сұлтанов сыйлаған Әбілхан Қастеевтің қылқаламынан туған дүние», - деді Н.Смағұлов.
Бұдан кейін ол Ұлттық музейге қазақстандық суретші Абдрашит Садыханның және американдық суретші Энди Уорхолдың картиналарын сыйға тартты.
Өз кезегінде Ұлттық музейдің директоры Дархан Мыңбай коллекционерге алғыс айтып: «Өздеріңіз көріп тұрғандай, бұл дүниелер көркемдік деңгеймен, жоғары талғаммен жиналған. Бүгінгі көрме Ұлттық музейдің мақтанышына айналатыны сөзсіз. Бізде «жақсыны көрмекке» деген сөз бар. Ендеше, барлығымыз бүгінгі көрмеден рухани ләззат алайық», - деді.
Айта өтейік, көрме 19 шілдеге дейін жұмыс істейді.