Көрмеге суретшінің 50-ге жуық туындысы қойылды. Оның қылқаламының басты тақырыбы – туған өлкенің табиғаты. Олардың арасында натюрморттар, қалалық пейзаждар жанрында салынған суреттер көптеп кездеседі. Қазақ халқының өмірі мен тұрмысы, туған өлкенің табиғаты бейнеленген этнографиялық сипаттағы картиналары ерекше қызығушылық туғызады. Суретшінің туындылары Қазақстан, Ресей, Германия, Қытай, Польша және тағы да басқа көптеген елдердің коллекционерлерінің қорларында сақтаулы.
Көрменің басты жаңалығы - Балуан Шолақтың портреті болды. Балуан Шолақтың ұрпақтарының айтуынша, қазіргі "Балуан Шолақ" атымен қолданылып жүрген суреттер балуанға келмейді, тіпті мүлде ұқсамайды. Сондықтан суретші қазақ тарихындағы біртуар тұлғаның 150 жылдығына орай Балуан Шолақтың суретін қайта салды. Балуанның бейнесі қариялардың айтуымен, аталарына ұқсайтын ұрпақтарының түр кескініне қарап салынды. Деректерге сүйенсек, осыған дейін балуанның бір ғана суреті болған. Оның өзі ертеректе қолды болыпты.