2007 жылы 31 мамырда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Ақмол ауылындағы «Отанын сатқандар» әйелдерінің бұрынғы Ақмола лагерінің аумағында Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-музей кешені ашылды.
Жыл сайын қазақстандықтар мыңдаған жекелеген адамдардың ғана емес, сондай-ақ тұтас бір халықтың тағдырын қайыстырған тоталитарлық жүйенің құрбандарын еске алады.
31 мамырда Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм мемориалына гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді.
Іс-шара барысында «АЛЖИР» залында «АЛЖИР» музейінің бірегей жәдігерлері» көрмесі ұйымдастырылады. Көрмеге бұрынғы «АЛЖИР» тұтқындарының құнды жәдігерлері қойылған. Қазақтың белгілі жазушысы Бейімбет Майлиннің зайыбы Гүлжамалдың фотосуреті, олардың қыздары Рәзия мен Гүлжанның отбасымен бірге түскен фотосуреттері, Байғаскина Құснидың фотосуреті, Афонина Татьянаның фотосуреті мен мұрағаттық анықтамасы, 1977 жылғы 8 желтоқсандағы «Еңбек ардагері» медалі мен сүйектен жасалған моншағы, белорусь жазушысы Тодор Кляшторныйдың әйелі Янина Германовичтың фотосуреті, лагерьде қызы Майяны ораған көрпесі мен тіккен белбеуі, Ғайсина Ғалияның мұрағаттық құжаттары мен жеке заттары - көйлегі, бас орамалы мен қол сөмкесі, Медянникова Аннаның мұрағаттық құжаты мен Енданова Аннаның тұрмыстық заттары көрсетілген.
Жәдігерлер 2013-2015 жылғы іс-сапарлар нәтижесінде жинақталды.
Келушілерге «Алаш», «АЛЖИР», «Азаттықтың азапты жолы» атты музей залдары бойынша экскурсиялар жүргізіліп, «АЛЖИР-дің» ызғарлы суығы» деректі фильмі көрсетіледі.