Көрмеде Қазақстан суретшілер одағының, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, ҚР еңбегі сіңген мәдениет қайраткері Жанұзақ Мүсәпір және Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Мақсат Бексұлтанның туындылары ұсынылады.
Жанұзақ Мүсәпірдің туындыларына туған өлкесінің табиғаты арқау. Олар натюрморттар, қала көріністері түрінде беріледі. Ерекше назар аудартатыны – этнографиялық сипаттағы картиналар. «Бәйге», «Күз», «Балықшы», «Қобыз үні», «Хан-Тәңірі» секілді туындыларда қазақ халқының өмірі мен тұрмысы, туған өлке табиғаты бейнеленген.
Сондай-ақ, көрме қонақтары Мақсат Бексұлтанның шығармашылығымен де таныса алады. Бүгінгі таңда ол көптеген жас таланттардың тәлімгері болып табылады. Суретшінің экспозициядағы айтулы туындыларының бірі – жері үшін шайқасқан қазақтар бейнеленген «Аңырақай шайқасы» картинасы. Аңырақай шайқасы – барша қазақтардың бас біріктіргенінің нәтижесі, біртұтас ұлт рухының салтан құрған шағы.
Тәуелсіздік сарайы елорда тұрғындары мен қонақтарын «Тарихқа тағзым» көрмесін тамашалауға шақырады. Көрме 28 мамырда, сағат 18:00 ашылады.