Болат Мекебаев - суретші, «Әлем халықтары өнері» халықаралық қауымдастығының лауреаты. 1990-шы жылдардың ортасында Қазақстаннан Германияға отбасымен қоныс аударған. 2000 жылы Германияда өзінің дипломын растатады. 2008 жылдан бері Берлин қаласында тұрып жатыр. Қазіргі кезде Tegel-Süd суретшілер одағында оның жеке шеберханасы бар.
«Болат Мекебаев нағыз түркі ұрпағы ретінде жүрегінен халқын, туған жерін, ата-бабаларын бір сәт те шығармады, туған жеріне деген сағыныш сезімі еш толастаған емес. Ол өнер алдындағы жауапкершілігі мен суретшілік миссиясын тереңінен ұғынып, аса эмоционалды күшпен, темпераментпен, шынайылықпен шығармашылық талпыныста жүреді. Үнемі ізденісте болған суретші өмірді жаңа қырларынан танып, оны біздерге, замандастарына жеткізеді», - деді «Шежіре» галереясының директоры Роза Жүсіпова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
Оның сөзіне қарағанда, Болат Мекебаев ата-бабаларының ежелгі тарихын, тұрмысын, фольклорын білуге құмар тарихшы сияқты аса ұқыптылықпен зерделейді.
Айта кетейік, бұл көрме 10 күнге жалғасатын болады. Онда Б.Мекебаевтың 30-дан астам туындысы көпшілік назарына ұсынылған.